"Ана тілі" газеті

11.12.2010

Просмотров: 2741

Фредерик Шопен тағылымы

9-Желтоқсан. 2010

Польшаның бас қаласы Варшавада қыркүйектің 30-ы мен қарашаның 24-і аралығында 16-шы мәрте ұлы композитор, виртуоз пианист Фредерик Шопен атындағы халықаралық конкурс мәреге жетті. Бұл – Ф.Шопен шығармаларын күйсандықта ойнаудан озып шыққан жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар таланттарды іріктейтін әлемдік деңгейдегі өнер бәйгесі. Сондықтан мәртебесі биік өнер додасына бағын сынауға жер шарының түкпір-түкпірінен 80 үміткер тілек білдіріп, сайыстың кезекті айналымына үздіктері ғана суырылып алға шықты. Бір аптаға созылған музыка мерекесі Шопен рухын асқақтатып, Варшава аспанында ұлы композитордың полонездері мен мазуркалары, сонаттары мен вальстері қалықтап тұрды. Бұл күндері күллі поляк елінің аузынан түспеген әңгіме ұлт мақтанышы Фредерик Шопен туралы болды. Өйткені биылғы өткен халықаралық пианистер конкурсының ерекшелігі, Фредерик Шопеннің 200 жылдық мерейтойымен қоса-қабат келді. Шопеннің шығармашылық толғаныстарын сездірткендей Варшаваның ауа райы да қырық құбылып, бір мезет түйдек-түйдек қап-қара бұлттар жөңкілсе, іле-шала айналаны арайландырып, шуағы мен шапағын шашқан күн шығады, әйтеуір табиғат мінезі ерекше күй аңғартып тұрды.

Фредерик Шопен 1810 жылы Варшаваның жанындағы Жиля­зовой Воле елді мекенінде қа­рапайым мұғалім отбасында дү­ниеге келген. Балалық шағында ол туған өлкесінің көркем та­биғатын тамашалап, оңаша серуен құрғанды ұнатады екен. Жас Фредерик сылдырап аққан бұлақтың, уілдеп соққан желдің, бұтақ басындағы жапырақтың сыбдыры, құстардың сайраған үнінен сыр іздеп, әсерленеді екен. Фредериктің бойында өнерге деген ерекше қабілеттің барын байқаған ата-анасы Варшавадағы Жоғарғы музыка мектебінде кәсіби білім алуына мүмкіндік жасайды. Болашақ ұлы композитордың аза­маттық дүниетаным көзқарасы қалыптасуына поляк әдебиетіндегі романтизм идеясының өкіл­дері К.Бродзиньский, А.Миц­кевич, Ю.Словацкийдің шығар­машылығы мен еркіндік сүйгіш ұлтының ел тәуелсіздігі үшін жан­қиярлық ерлік күресі, әсіресе, 1794 жылғы Т.Костюшка бастаған көтерілістің маңызы зор болыпты. Польша аумағын тұтас қамтыған тарихи оқиғаға Фредериктің әкесі Николай Шопен де қатынасыпты. Тума таланттың музыка әлемінде атақ-даңқын танытқан полонездері 1817 жылы тұңғыш рет тасқа басылып, баспа жүзінде жарық көреді. Полонез – поляк халқының салтанатты би ырғағына өлшенген даланың самал желіндей еркіндікті сипаттайтын әуенге құрылған му­зыкалық жанр. Бұл музыка жанры­ның ірі өкілі – танымал композитор Михала Клеофаса Огинский. Полонез десе – Огинскийдің, Огинский десе – Полонездің еске түсетіні баршаға аян. Оның даңқын шығарып, атын тарихта мәңгі қалдырған полонезі 1794 жылы жазылған “Отанмен қоштасу” деп аталады. Таңғаларлық парадокс, композитордың жан тербетер әйгілі шығармасы есімі орнына қатар егізделуі – қоғамдық санада қалыптасқан өмірде сирек ұшырасатын құбылыс. Фредерик Шопен тағдыры да Михала Огинскийге ұқсас саналы ғұмыры туған Отанынан жырақ жат елде өтті.
1830 жылы Варшавада орыс патшалығының билігіне қарсы ел тәуелсіздігін көксеген халықтық қозғалыс басталды. Бұл ұлт-азаттық қозғалысты Ресей патшалығы қа­тыгездік­пен аяусыз жаншып басты, бел­сенділерін абақтыға тоғытып, Сібірге каторгаға жер аударды. Поляктың адал ұлдары шарасыз шетелді сағалап, эмиграцияға кетті. Осылардың қатарын­да Фредерик Шопеннің де ел-жұртынан еріксіз ажырауына тура келді. Оның жан күйзелісі мен қасіреті достары мен жақын-жуықтарына жазысқан хаттарында және күн­деліктерінде таңбаланып, туған жерге деген сағынышты мұңы мен шері пианино тілімен күй болып егілді. Поляк халқы қандай қиыншылық аумалы-төкпелі заманда да кемеңгер ұлын ардақ тұтып, бір тал шашын түсірмей, соңында қалған рухани көл-көсір мұрасын көздің қарашығындай сақтағаны қайран қаларлық. Варшавада Фредерик Шопен атын­да көше, ескерткіш, филармония, консерватория, халықаралық пианистер конкурсы, студия, музей, т.т. бар. Айтпақшы, үш қабат­тан тұратын готикалық үлгідегі ғимаратқа орналасқан Ф.Шопен мұражайында оның бір уыс шашынан бастап, жазысқан хаттары мен күнделіктерінің түпнұсқасы, киген киімі мен тұтынған заттары, өмірде араласқан достары мен замандастары, шығармаларының туу тарихын баяндайтын нота эскиздері мен композитордың күллі төл туындыларымен танысам деушілерге мультимедиа­лық барлық жағдай жасалған. Шын­дығында, бұл шопентанудың ғы­лыми орталығы десе болғандай. Төрткүл дүниеден ағылған турис­тер Варшава топырағына аяғы тиісімен шопентану мұражайының табалдырығын имене аттап, Шопен рухына тағзым етеді.
Ел-жұртының болашақ тағ­дыры қатты толғантқан ұлы композитор Парижде сырқаты меңдеп, соңғы демі үзілер сәтте “Жүрегін Варшаваға жерлеуді” аманат етіпті. Аманатқа қиянат жүрмейді десе де, биліктен рұқсат алу үлкен қиындықпен Фредерик Шопен жүрегі салынған капсул Киелі Крест костёліне қойылып және сол орынды білдіретін ескерткіш тақта орнатылды. Сөйтіп, ойшыл
композитордың жүрегі сүйікті Варшавасында мәңгі байыз тапты.
1927 жылы дүниежүзінде бі­рінші рет Ф.Шопен атындағы ха­лықаралық пианистер конкур­сы ұйымдастырылған. Бұған дейін әлемдік деңгейде мұндай пианистер конкурсы болған емес. Шындығында, бұл өнер бәйгесі бұдан да ертерек ашылмақшы екен. Варшавада Фредерик Шопенге арналған ескерткіштің бітуін күтуге байланысты аталған конкурстың тұсау кесу рәсімі 1927 жылға жылжытылды. Фредерик Шопенге қойылатын мүсіннің идеясы өте ерте қолға алынғанмен, саяси би­лігі жүріп тұрған күшті көршінің елдегі патриоттық сананың дамуына шектеуі үнемі назарда ұсталды. Император Николай II тұсында амалын тауып, Шопен ескерткішін орнатуға арнайы алынған рұқсат бірінші дүниежүзілік соғыстың кесірінен аяқсыз қалды. Өйткені зеңбіректен оқ борап тұрғанда, муза үні естілмесі белгілі ғой. Ескерткіш авторы Вацлав Шимановскийдің қажыр-қайраты нәтижесінде 1926 жылы 14 қарашада Варшава тұрғындары ұлы композитор мүсінінің ресми түрде ашылуына куә болды.
Зымырап жылдар өтті. Екінші дүниежүзілік соғыс алдында Варшава қаласының басына бұлт үйіріліп, қатер төнді. Қала неміс басқыншыларының қолына көш­ті. Шопен музыкасына тағы да ты­йым салынды. Шопен ескерткі­шін басқыншылар әдейі күл-парша етіп жарып, шашылған ұсақ бөлшектерін қайта қорытып, оқ құюға Германия зауыттарына жөнелтті. Варшаваның Лазенки паркіндегі Шопен ескерткішінен қалған қаңыраған тұғыртасқа белгісіз біреу: «Кім мені тұрған орнымнан алды – білмеймін, бірақ маған аяны сол – менің оған қаралы марш ойнауымнан қорқатындығында күмәнім жоқ» деп жазып кетті.
Соғыстан кейін де ескерткішті қалпына келтіру оңайға соққан жоқ. Әртүрлі ұсыныстар жасалып, Шопеннің ескерткіш мү­сініне конкурс жариялау керек деушілер де табылды. Бұған байланысты пікірталастар, айтыс-тартыстар мен дау-дамай көпке дейін басылмады. Бұл мәселе ақыры бірауыздан шешіліп, “ескі мүсінді қайта қалпына келтірген жөн” деп тапты. Сөйтіп, ағайынды Лопенскийлердің ше­берханасында ескерткіштің түп­нұсқасын ескі суреттеріне қарап жаңғырту, қалпына келтіру жұ­мысы бір жылға созылып, 1958 жылы көктемде варшавалықтар Ф.Шопеннің мүсінімен қауышты. Шопен ескерткішінің салтанатты ашылуына орай әлемдегі атақты пианистердің қатысуымен үлкен концерт берілді.
Биылғы жыл – Ф.Шопен жылы болғандықтан елдегі руха­ни-мәдени кез келген шара ұлы композитор шығармаларынсыз өтпейді екен. Дегенмен Ф.Шопен атындағы халықаралық пианис­тер конкурсын көзбен көріп, құ­лағымен тыңдау – кімге де болса зор ғанибет. Бізде Ф.Шопен рухына бас иіп, ұлы композитор есімі­мен байланысты өнер сайысын тамашалауға Познань қаласынан таңғы сағат 5-тегі пойызға отырып, Варшаваға 9-ға таяу жеттік. Конкурс өтетін Ф.Шопен атындағы ұлттық филармония теміржол вокзалына таяу орналасқан екен. Бізбен бірге жүрген Еже Ласковский (Адам Мицкевич атындағы университеттің қоғамдық-мәдени іс-шаралар жөніндегі меңгеруші­сі) дәстүрге айналған Ф.Шопен атындағы халықаралық пианистер конкурсының тарихы туралы небір қызықты оқиғаларды баяндаудан әсте жалыққан емес. Ең әуелі аңғарғанымыз, дизайны мен сымбаты жарасқан еңселі филармония ғимаратының іші-сырты салтанатты, фойедегі көрермендер жүзінен бекзаттық сән мен мейір тамғандай өңкей бір келісім көңіл күйіміз­ді бірден баурап әкетті. Киелі шаңырақтың аурасы жанымызды жадыратып, төрт сағатқа созылған концерттің қалай тез өткенін сезбей қалдық. Бұл күні сахнада Николай Козяйнов (Ресей), Йури Ватанабе (Жапония), Май Тинг Сун (АҚШ), Яцек Кортус (Польша) өнерін көрсетті. Конкурс үміткерлерінің қай-қайсысы да орындаушылық шеберлігімен әрбір шығармадан соң зал толған көрермендердің ауық-ауық лайықты қошеметі­не бөленді. Ой-қиялыңды көкке самғатып, алпыс екі тамырыңды қозғайтын музыка феномені Ф.Шопен атындағы халықаралық пианистер конкурсы – жаһандағы шын талантты айқындайтын дәстүрі қалыптасқан мектеп екендігі шүбәсіз. Конкурстың жүлдегері болу – музыка әлеміндегі бақ. Конкурс жүлдесін кімнің және қай елдің өкілі жеңіп алғаны өз алдына, ең бастысы, Ф.Шопен шығармашылығы насихатталып, Ф.Шопен даңқы асқақтайды, сол арқылы поляк ұлтының шоқтығы биіктей түсері ақиқат. Фредерик Шопен туралы ел арасында “Тумысы – назовшандық, жүрегі – варшавалық, ал таланты – күллі әлемге ортақ” деген қанатты сөз барын мен Еже Ласковскийден естідім. Расында, Ф.Шопен – поляктың даңқын көкке көтерген рухани елшісі.
Шопен атындағы XVI халық­аралық пианистер конкурсының жүлдегерлері Польшаның ірі-ірі қалаларындағы мәдениет сарайларында өнерлерін көрсету әлі жалғасуда. 14 қарашада Поз­наньдағы Адам Мицкевич атындағы университеттің акт залында Шопен атындағы кон­курстың жүлдегері, болгарлық Евгений Божанов концерті аншлагпен өтті. Шопен
тағылымы бізді ойға қалдырды.
Еуропаның қаумалаған өнер­сүйер жанашырларының орта­сында отырып менің санамда алыстағы елімнің руханияты тұрды. “Қазақтың ұлы композиторы Құрманғазының Алматы мен Астанада еңселі ескерткіші неге жоқ?”, “Құрманғазы атын әлемге танытатын, ұлттық отаншылдық сезімді дәріптейтін мәдени шаралар бізде неге жоқ?” деген сұрақтар көкейімді шабақтап, маза бермеді. Құрманғазының “Сарыарқа”, “Адай”, “Алатау”, “Аман бол, шешем, аман бол!”, “Түрмеден қашқан”, “Кісен ашқан”, “Балбырауын» (“Фон Браун”), “Төремұрат”, “Кішкентай”, т.б. күйлері – Ұлы Даланың гимніне айналған ұлт тәуелсіздігі мен еркіндігі үшін арпалысқан кемеңгер тұлғаның идеялық аңсарын музыка тілімен шалқытқан кесек шығармалар. Құрманғазы күйлері – буын-буын талай ұрпақтың қан тамырындағы қазаққа тән тектілігі мен мәрттігін оятқан рухани доноры. Зады, патриоттық сезім деген ілгерідегі данышпандар рухын қастер тұтудан басталатынын ұмытпаған абзал. Дәулеткерей, Тәттімбет, Түркеш, Абыл, Қазанғап, Дина… әрине, бұл тізімді соза беруге болар еді…

Аманқос МЕКТЕП-ТЕГІ

Познань–Варшава–Познань