"Заң" республикалық күнделікті газет

02.12.2010

Просмотров: 2919

26.11.2010

академик А.Пионтковскийдің шәкірті

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ заң факультеті қылмыстық құқық және кри­минология кафедрасының профессоры, заң ғылымының кандидаты Ғали­рашит Баймурзин бүгінде сексеннің сеңгіріне шығып отыр. Ғалекең осы өмірінде талай тар жол, тайғақ кешуді бастан өткізді. Ұлы Отан соғысының қиын-қыстау кездерінде орта мектепті өте жақсы оқып бітірді. Кейін Ленин­град Мемлекеттік университетінің заң факультетіне түсіп, оны үздік аяқ­тады. Қазақстан аумағында бірнеше жыл облыстық соттың судьясы болып, жұртшылық құрметіне бөленді. Судьялық мол тәжі­рибені өз бойына жинақтаған Ғалекең өткен ғасырдың алпысыншы жыл­дарының аяғында КСРО Ғылым ака­де­миясының Мемлекет және құқық инсти­тутының аспирантурасына түсіп, ғылыми жұмыспен айналысады. Осы институтта үш жылдың ішінде заң ғылым­ының кандидаты ғы­лыми дәре­жесін ойдағыдай қорғап шықты. Қазақ­станға келіп, сол кездегі Қазақ КСР Ғылым академиясының Философия және құқық институтында қыл­мыстық-құқықтық секторда аға ғылыми қызметкер болып еңбек етеді. 1967 жылы КазҰУ-дың заң факультетін бітіріп, жолдамамен осы институтқа келген кезімде Ғ.Баймурзин ағамен танысып, жақсы қарым-қатынаста болдым. Содан кейін 1970 жылы мен КСРО Ғылым академиясының Мемлекет жә­не құқық институтына аспирантураға жіберілдім. Жетекшім КСРО Ғылым академиясының кореспендент-мүшесі Петр Ромашкин болды. П.Ромашкин ол кезде осы институттың қылмыстық құқық секторының меңгерушісі еді. Институттың осы секторында атақты академик, профессор А.Пионтковский, профессорлар С.Келина, Г.Кригер, О.Шишов сияқты ғұлама ғалымдар еңбек етуші еді. Бірде ғылыми жетекшім Петр Семенович мені бір шұғыл қағазбен таныстырып, қол қойғызып келу үшін Андрей Пионтковскийдің үйіне барып келуге тапсырма берді. Көрсетілген мекенжайға дәл уақы­тында барып, А.Пионтковскийге беріп жіберген құжаттарды ұсындым. Бірақ, бұл кісі мені өз пәтеріне кіруді өтінді. Үйге кіріп отырған соң, құжаттармен танысып қол қойып берді де, менен: «Сіз аспирантураға Қазақстаннан кел­діңіз ғой, қазақтар өте қонақ сыйлағыш халық. Үйіне келген адамды төріне отыр­ғызып, барымен сыйлап, шығарып салады. Ұлы Отан Соғысы басталған жылдары бізді амалсыз Мәскеуден көшірді. Сол қиын-қыстау кезде мен Алматыда екі-үш жылдай тұрып, қызмет істедім. Сол кезде мен қазақтардың әдет-ғұрпын, салт-санасын, адамгершілігін терең түсіндім. Қазақтардың маған көрсеткен жақсылығы, құрметі есімнен кетпейді», – деді. «Айтпақшы, – деді одан әрі Андрей Андреевич, – сіздердің салт бойынша үйге кірген адам дәм татпай кетпейді. Олай болса, қазір екеуміз отырып жақсылап шәй ішеміз», – деді. Жұбайына бір шәугім қайнаған шәй алдыртып, сүтпен қосып іштік. Андрей Андреевич Қазақстан, қазақтар туралы жақсы естеліктерін айтып, өзінің де көңілін көтергендей болды. Содан соң ол: «Менің Ғалирашит Баймурзин деген Қазақстаннан келген аспирантым болды. Оны танисың ба? Жағдайы қалай?» деп сұрап алды да, «Ол өте білімді, еңбекқор азамат. Ғылым жолында аса қиын тақырыпқа диссертация жазып, өте тамаша қорғады, жалпы, Қазақстаннан келген азаматтардың барлығы Баймурзин сияқты болса, сіздерде заң ғылымы жоғары деңгейде дамиды», – деді ол қоштасарда.
Андрей Андреевичтің көрегендігі керемет екен. Ғалирашид Ыдырысұлы академиядан КазҰУ-дың заң факультетіне оқытушылық қызметке 1972 жылы ауысқалы бері заң ғылымын, оның ішінде, қылмыстық құқық және криминология саласын дамытуға зор үлес қосып келеді. 1970-1990 жылдар аралығында атақты профессор В.Маркелов, профессор Г.Поленов, доцент С.Жадбаев, профессор Е.Қайыржа­нов­тар сияқты ғалымдармен бірге бір­неше оқу құралдарын жазуға атса­лыс­ты. Мен оның кафедрасына 1991 жылы доцент болып ауыстым. Содан бері Ғалекең екеуміз бірігіп, қыл­мыс­тық құқық ғылымын дамытуға қолдан келген үлесімізді қосып келеміз. Ға­лекеңмен бірге 1997 жылы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексі­нің жобасын талқылауға атсалыс­тық. Кафедра ұжымымен бірлесіп, тұңғыш рет Қазақстан Республика­сы Қыл­мыстық кодексінің типтік бағдарла­ма­сын, Қыл­мыстық кодекстің жалпы және ерекше бөлімдері бойынша орыс тілінде оқулықтар әзірленді. Қылмыстық құқық, криминология, қылмыстық атқару құ­қығы бойынша есептер жинағы, тест сұрақтарының жинағы, тағы басқа әдіс­темелік тапсырмалар әзірлеуде де про­фессор Ғ.Баймурзин атсалысты, зор еңбек сіңірді. Осы еңбектердің көбін өзі редакциялап, өңдеді. Ғалекеңнің әлі де күш-жігері мол, көптеген аспиранттарға ғылыми жетекші болып жүр.


Арықбай АҒЫБАЕВ,
Заң ғылымының докторы, профессор,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері