Ойға жүйрік, сөзге шешендер додасы

09.11.2010

Просмотров: 3031

7 қараша күні ҚазҰУ-дың «Алтын сапа» пікірсайыс клубының ұйымдастыруымен факультетаралық «Әл-фараби» кубогының пікірсайыс турнирі өтті. Турнирге барлығы 17 команда қатысты.

Турнирді әділ бағалаған қазылар алқасын «Алтын сапа» пікірсайыс клубының экс-координаторы, философия және саясаттану факультетінің магистранты Айсұлу Молдабек, «Азамат» бағдарламасының жүргізушісі Руслан Желдібай, ҚазҰУ пікірсайыс клубының белсенді мүшесі Нұрбек Матжани құрады. Ал турнирдің бас төрешісі Ақнұр Жидебекқызы ойынның әділ де, тартысты өтуіне зор үлес қосты.

Бұл бәйгенің жартылай финалына 17 команданың ішінен «Әділет», «Бес», «А мен Б» және «Қолтаңба» фракциялары іріктеліп алынды. Өзара «Б.П. Каспий проблемасын шешеді» деген тақырыпта бақ сынасқан командалардың ішінен келесі сайысқа «Әділет» пен «А мен Б» командалары шықты. «Б.П. Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі нәтижелі болды деп есептейді» тақырыбында өткен пікірталас жиылған қауым көңілінен шықты. 5:3 есебімен «А мен Б» командасы жеңіске жетті. Команданы экономика және бизнес жоғарғы мектебінің 2-курс студенттері Азамат Асылбеков пен Бағлан Мұқатай құрады. 2-орынды «Әділет» командасының мүшелері экономика және бизнес жоғарғы мектебінің студенттері Арайлым Сағымбекова мен Балжан Қабдолдаева еншілесе, механика-математика факультетінің «Бес» командасының мүшелері Айнұр Әбен мен Әсемгүл Қожабек 3-орынды қанағат тұтты.

Сондай-ақ философия және саясаттану факультетінің 2-курс студенті Берікбол Дүкеев пен харықаралық қатынастар факультетінің 2-курс студенті Ұлан Дабылбеков «Үздік спикер» номинациясы бойынша, доданың «Ең үздік спикері» болып экономика және бизнес жоғары мектебінің 2-курс студенті Олжас Батырқанов атанды.

«Алтын сапа» пікірсайыс клубы