«Қазақ ақпарат агенттігі (ҚазАқпарат)» Ұлттық компаниясы

13.10.2010

Просмотров: 3731

АЛМАТЫ. Қазанның 11-і. ҚазАқпарат /Ербол Тұрымбетов/ - Бүгін Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «Менің елім - менің президентім» және «10 жылдан кейінгі жаңа Қазақстан» тақырыптары бойынша алматылық колледждер студенттері арасында шығарма жазу байқауы өтті.

Байқауды Қазақстан гуманитарлық-саяси конъюнктура орталығы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-мен бірлесе ұйымдастырып отыр. Оған Алматы құрылыс-архитектура колледжі, ҚазҰУ мен «Тұран» университеттері колледждерінен 20-дан астам студент қатысты. Шараның мақсаты 10 жылдан кейінгі жаңа Қазақстанға деген жастардың көзқарастарын, тың идеяларын білуге бағытталған.

Байқаудың ашылу рәсімінде Қазақстан гуманитарлық-саяси конъюнктура орталығының 1-інші вице-президенті Нұрлан Ерімбетов және Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ колледжінің директоры Бейбіткүл Кәрімова болды.

«Жастар еліміздің болашағы болғандықтан әрдайым олардың пікірін ескеріп отырғанымыз абзал. Бүгінгі шығармалар байқауы сол айтқанымыздай, келешекке деген жас буын өкілдерінің көзқарасын білдіреді. Байқау шығармаларындағы негізгі сілтеме Елбасының халыққа жолдауларына бағытталған», - дейді Б. Кәрімова.

Ресми тілде өткізілген конкурс қорытындысы бойынша, ҚазҰУ колледжінің 1-ші курс студенті Бексұлтан Данияр жеңімпаз болып танылды. 2-ші орынды ҚазҰУ колледжінің 1-ші курс студенті Қосыбаев Жасұлан иеленсе, 3-ші орын Алматы құрылыс-архитектура колледжінің 3-ші курс студенті Елена Караванскаяға бұйырды.

Қазақстан гуманитарлық-саяси конъюнктура орталығының вице-президенті Талғат Мәмірайымов жеңімпаздарға мақтау грамоталары мен естелік сыйлықтар табыс етті.