«Айқын» Республикалық қоғамдық-саяси газет

13.10.2010

Просмотров: 3129

22-23 қазан аралығында Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Болашақтың ғылымы» атты Халықаралық ғылым және білім конгресі өтеді.

Конгрестің үлкен ауқымда өтуіне бастамашыл болғандар – Еуразиялық университеттер ассоциациясының президенті В.А.Садовничи және Білім және ғылым министрі Б.Т.Жұмағұлов, оған қазақстан Республикасының Президенті қолдау көрсеткенін айта кеткен жөн.

Конгресте Еуразиялық Одақтың Қазақстандағы басшысы, елші Норбер Жустен, М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің ректоры, РҒА академигі В.А.Садовничий, Білім және ғылым министрі, академик Б.Т.Жұмағұлов, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Ғ.Мұтанов және тағы басқалар баяндама жасайды.

Конгрестің мақсаты – жоғары технологиялар саласындағы ынтымақтастықты дамыту, инновациялық серпілісті қамтамасыз ету, интеграциялық үдерістегі интелектуалдық элитаның қызметін біріктіру, еуразиялық консолидация шеңберіндегі азаматтардың жағдайын жақсарту мен нық экономикалық өсуді қамтамасыз етуге арналған ғылыми және білім бағдарламалары мен технологияларын дамыту, жетілдіру мәселелерін қарастыру болып табылады.

Конгресс жұмысына 65 жоғары оқу орындарының ректорлары, 7 Ұлттық Ғылым академияларының президенттері, университеттердің Еуразиялық университеттер ассоциациясына мүшелер, шетел және ТМД мемлекеттерінің белгілі ғалымдары мен мамандары қатысады.

Конгрестің секция мәжілістеріне қатысушылар ғылымның жаңа бағыттары бойынша іргелі зерттеулердің, экономиканың инновациялық секторына арналған ғылыми технологияларды енгізу, қазіргі заман білімі мен технология трансферлерімен қамтамасыз ету, ғылыми кадрларды дайындау жүйесін жетілдірудің көкейкесті мәселелерін қарастыруға, сонымен қатар мамандарды дайындау сапасын, олардың инновациялық белсенділігін арттыру, алдыңғы қатарлы технологиялар мен оқыту әдістерін енгізуге байланысты мәселелерді талқылап, шешуге мүмкіндік алады.

Конгресс ғылым мен инновацияның ілгері дамуының зәру мәселелеріне байланысты әртүрлі ел ғалымдарының идеялар алмасуы мен жемісті пікір-таластың алаңына айналады.

Еркін ҚАЛДАН