«Алаш айнасы» Республикалық қоғамдық-саяси күнделікті газеті

12.10.2010

Просмотров: 3328

22-23 қазанда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Болашақтың ғылымы» атты Халықаралық ғылым және білім конгресі өтеді. Университеттердің Еуразиялық қауымдастығы аясындағы конгреске М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің ректоры, РҒА академигі В.А.Садовничий мен ҚР Білім және ғылым министрі, ҚР ҰҒА академигі Б.Т.Жұмағұлов мұрындық болып отыр.

Конгрестің мақсаты жоғары технологиялар саласындағы ынтымақтастықты дамыту, инновациялық серпілісті қамтамасыз ету, ғылыми және білім бағдарламалары мен технологияларын дамыту мен жетілдіру мәселелерін қарастыру болып табылады. Бұл ғылыми жиында жоғары оқу орындарының, университеттердің еуразиялық қауымдастығы мүшелерімен қатар, Ғылым академияларының басшылары, шетелдік және ТМД мемлекеттерінің белгілі ғалымдары мен мамандары қатысады деп күтілуде. Еліміздегі ғылым мен инновацияның қатар дамуына үлкен қолдау болатын мұндай халықаралық бас қосулар әрине керек-ақ. Әсіресе, ғылыми кадрларды дайындаудың жүйесін реттеп, мамандардың инновациялық белсенділігін арттырады деп ойлаймыз. Әлемдік ғалымдардың идея алмасып, өзара пікір таласулары мен тәжірибе бөлісуі біздің елдің дамуына оң әсерін берсін деп тілейік. Бұл конгресс ғылым мен инновацияның ілгері дамуының зәру мәселелеріне байланысты әртүрлі ел ғалымдарының басын қоспақ.

Саягүл Қабылбекқызы