«Айқын» Республикалық қоғамдық-саяси газет

28.09.2010

Просмотров: 3396

Алматыда жастар бас қосты. Бұл - Күлтөбе басындағы күндегі жиын емес, 2011 жылды республикамызда жастар жылы етіп жариялау мәселесі қаралып жатқандықтан, ел жастарының алдын ала үн қатып, тізе біріктіруі.

Форумның ұйымдастырушысы - «Бауыржан» қайырымдылық қоры болса, оған Алматы қаласы бойынша жастар саясаты басқармасы және еліміздің үздік жоғары оқу орны - әл-Фараби атындағы ҚазҰУ қолдау көрсетті. Форум жастар мәселесінің түрлі тақырыбын қозғады, лидерлік дәрістер оқылды, үздік баяндамашылар марапатталды. Түйіні - «жастар нені қалайды?» деген сауалға жауап іздеді.
Форумда көтерілген мәселелерді бастан-аяқ насихат ету мүмкін емес. Көңілге қонған, өзекті деп санаған негізгілерін сөз етейік. Әлқисса, жас сәулетші Тәшенов Жәлел әлеуметтік мәселені қозғады. Оның пікірінше, Алматы, Астана секілді ірі қалаларға оқуға не жұмыс істеуге келетін жастарды әлеуметтік жатақханалармен қамтамасыз ету керек. Әрине, бұл мәселе әкімшілікте де қаралған, бірақ тиімді шешіліп жатыр ма? Жәлелді алаңдататыны - осы жағы.
- Мәселенки,- дейді жас сәулетші. - БАҚ мәліметтеріне сенсек, Алматы қаласының бюджеті 2009 жылы 140 млрд теңгені құрады. Орта есеппен әр жылды осылайша алайық, сонда оның тым құрығанда 1 млрд теңгесін басқа қаладан келген жастарға әлеуметтік жатақхана салуға бөлейікші, көп мәселе шешілер еді. Бұл қаражат тым аз, түкке жетпейді дерсіз. Бірақ біз жатақханаларды тиімді етіп саламыз. Қаржылық жағынан да, тұрмыстық жағынан да. Қазір қалада салынып жатқан әлеуметтік үйлер есебінен алсақ, 1 шаршы метр тұрғын үй құны - 500-1500 АҚШ доллары аралығында. Егер 10 қабаттық үйдегі шаршы метр саны 9000 деп есептесек және әр шаршы метр құнын алдыңғы есеппен 1500 доллар етіп алсақ, үй құны 6750000 долларға шығады. Теңгеге аударсақ, шамамен бағанағы біз айтқан 1 миллиард теңгеміз шығады да келеді. Әлеуметтік жатақханалардағы әрбір бөлме 12 шаршы метр шамасында болсын, ол санитарлық талапқа сай келеді. Бөлмеде екі адамдық (2 қабатты) кереуеттер орналастыруға болады, шетелдік жатақханалардың көбі осылай салынады. Сонда есептей беріңіз, 9 мың шаршы метрге біз қаншама жастарды орналастыра аламыз. Олар жататын жер таппай, жетім бұрыш жағалап кетпес еді.
Жәлелдің мәселе көтеріп қана қоймай, оны шешудің жолдарын ұсынғаны да қуантты. «Жас келсе - іске». Жәлелдің ұсынысын тек оқуға не жұмысқа келген жастарға ғана емес, мүмкіндігі шектелген не балалар үйінен түлеп ұшқан жастарға да қолдануға болар еді. Форумда, сондай-ақ www.kazsocіum.kz социологиялық сайтының редакторы Айсұлу Молдабекова сөз алып, жастардың әлеуметтенуіндегі ауытқушылықтарды сөз етті. Ғалымдардың зерттеу қорытындысын келтірген ол, жастардың өмірінде нені маңызды деп санайтынымен бөлісті.
- Зерттеу қорытындысында жастар үшін маңызды құндылықтардың алдыңғы сапында ақша, материалдық жағдай тұрғаны белгілі болды. Дегенмен жастардың 56 пайызы «өз еңбегімізбен материалдық игілікке жетуге болады» деген тоқтамға келген. Ал 27 пайыз жастар еңбектен гөрі, «ақшалы» мамандықтарды материалдық игілікке бастар жол ретінде көреді екен. Сонымен қатар мансап жасау, жұмыстағы сәттілік секілді бүгінгі жастардың бойында индивидуалистік қасиеттер басым. Әйтеуір жастардың 52 пайызы отбасыны өмірдің маңызы деп түсінетіні қуантты. Бұл, әсіресе, 18-19 жас аралығындағылардан гөрі, 25-29 жастағылар үшін көбірек маңызды, - дейді А.Молдабекова.
Форумда ауыл жастарының өзекті мәселелері де назардан тыс қалмады. Жастар бұл жайын да тілге тиек етті:
- Бүгінгі таңда ауыл жастарының негізгі мәселелері - жұмыс орындарының болмауы, спорттық секциялардың мүлдем жоқтығы, бос уақытты тиімді ұйымдастыруға мәдениет пен өнерді шыңдайтын орындардың болмауы. «Дипломмен - ауылға!» бағдарламасымен келген жастар, мектеп түлектері, оқуға түсуге мүмкіндігі болмаған жастардың барлығы да бос уақыттарында көше кезіп, ермек іздейді. Амал қанша, топ-топ болып құр отырғаннан басқа шаруа жоқ. Сосын темекі шегіп, ішімдік ішуге үйір болады. Біз олардың күш, қажыр-қайратын дұрыс арнаға бұруымыз қажет. Мектептен, ауылдың күйбең тіршілігінен бос уақытта жастар баратын бір орталық ашу керек деп есептеймін. Ауылдарда бос жатқан ғимараттар көп. Оларды пайдаланайық десек, жергілікті билік қаржы тапшылығын сөз етеді. Ал біз бүкіл үйірмелерді, мәдени ошақтар мен орталықтарды бір ғимаратқа жинайықшы, қаржыны үнемдеп жұмсауға мүмкіндік туады. Өйткені барлық шығындар бір жерден жұмсалып отырар еді. Осындай тетіктерді тиімді пайдалануға тиіспіз...


Нұрболат Аманжол