"Алматы ақшамы"

23.09.2010

Просмотров: 2873

Кіл мықты ҚазҰУ-де жиналды

Биылғы оқу жылы ҚазҰУ үшін өте табысты жыл болғалы тұр. Өйткені Қазақстанның барлық аймақтарынан келген ең үздік мектеп түлектерінің дені ҚазҰУ-де тоғысты. Атап айтсақ, биылғы жылдың 1000 – «Алтын белгі» иегері, 90 – ректор грантының иегері, 700 – Халықаралық олимпиада жеңімпазы мен 3200 мемлекеттік грант иегерлері ҚазҰУ студенті атанды.

Тау етегіндегі жастар қалашығы тағы да бір тарихи оқиғаның куәсі болды. Жастық пен махаббаттың куәсі болған кәрі мекен өмірге енді ғана қадам басқан жастардың жарасымды күлкісі мен шарықтата салған әсем әуеніне бөленді. ҚазҰУ-дің байырғы дәстүрлерінің бірі – «Студенттер қатарына қабылдау салтанаты» биылғы жылы Ө.А.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайы алдындағы алаңда өтті. Қолдарына тұңғыш рет студенттік билет алған бозбалалар мен бойжеткендер шеру құрып, студенттік вальс орындалды.

Алғаш болып сахнаға “Алтын белгі” иегерлері көтерілді. Бұлар – университеттің бұрынғы ректоры Бақытжан Жұмағұловтың тілімен айтқанда, «университеттің элиталық гвардиясы». Одан кейінгі кезекте университеттің төл балалары атанған «Әл-Фараби олимпиадасының» жеңімпаздары, сондай-ақ халықаралық, республикалық олимпиада жеңімпаздары мен спорт шеберлері «ҚазҰУ студенті» атанды. Биылғы оқуға түскен түлектердің ішінде 10 спорт шебері, 22 чемпион, Халықаралық, республикалық спорт жарыстарының жеңімпаздары да ендігі жерде ҚазҰУ абыройын асқақтататын болады.

Осылайша кіл мықтыны бауырына басқан ҚазҰУ тойына университеттің оқытушы-профессорлар құрамы да белсенділікпен қатысып, көңілді шеруде жүріп өтті.

Университеттің бұрынғы басшысы, академик Бақытжан Жұмағұлов студенттік билетті табыс етіп тұрып, «Ұлы Абай атамыз “Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез арқылы озбақ керек» деген екен. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев өз Жолдауында да бәсекеге қабілетті ұрпақ қалыптастыру міндетін жиі айтып келеді. Сондықтан болашақтың кілті де, үміті де өздеріңізсіздер», - деп үлкен сенім жүгін жүктеді.

Осылайша адам өміріндегі алтын аралық – студенттік өмірдің алғашқы сәтін бастаған жастар Студент деген құрметті атаққа ие болды. Соны көріп-сезген университеттің құрметті абыз ақсақалы Салық Зиманов білім қуып келген жастарға ақ батасын беріп, білім кілтін табыс етті.

Жүздері бал-бұл жанып, балалықтың ауылынан жастық шақ еліне ат басын бұрған, білім іздеген бақытты жастарға әл-Фараби баба бейнесі де сүйсінгендей қарап тұрды.

Рас ЕСКЕНДІР