"Алматы ақшамы"

23.09.2010

Просмотров: 2953

Қамқоршылардың алғашқы бас қосуы

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде тұңғыш рет Қамқоршылар кеңесі құрылып, көрнекті мемлекетт және қоғам қайраткерлерінің бірінші отырысы болып өтті.

Отандық оқу орындары арасында алғаш болып құрылған кеңесті Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі Әділбек Рыскелдіұлы Жақсыбеков басқаратын болды. Ал, оның құрамына мүше болып Президент әкімшілігі басшысының орынбасары Мәулен Әшімбаев, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары, Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев, ҚР Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед, ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі комитеттің басшысы Қуаныш Сұлтанов, ҚР ЮНЕСКО жанындағы тұрақты өкілі, ақын Олжас Сүлейменов, ҚР Ұлттық Ғарыш агенттігінің төрағасы, ұшқыш-ғарышкер Талғат Мұсабаев, “Capіtal Partners” компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Сержан Жұмашев, тағы басқа мемлекеттік органдар мен бизнес-қоғамдастығының жетекшілері бар.

Қамқоршылар кеңесінің алғашқы басқосуында екі мәселе қарастырылды. Біріншісі – ҚазҰУ-дің болашағы мен дамуы, екінші мәселе –кеңестің алдағы жұмыс жоспары. Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков осы міселелермен қатысушыларды таныстырып шығып, ҚазҰУ-дің бұрынғы ректоры Бақытжан Жұмағұловтың есебін тыңдады.

Қамқоршылар кеңесі мүшелері ҚазҰУ-дің әскери кафедрасын аралап, запастағы офицерлер дайындайтын орталықтағы тир, әскери көліктер, компьютерлік сыныптарды аралап көрді. ҚазҰУ қалашығындағы жасанды шөп төселген үш футбол алаңының тұсауы да дәл осы күні кесілді.

Рая ЕСКЕНДІР