"Егемен Қазақстан" Республикалық газеті

22.09.2010

Просмотров: 3384

Отандық жоғары оқу орын­дарының тәжірибесінде тұңғыш рет Қамқоршылар кеңесі жүзеге асты. Қамқоршылар кеңесі – әлемдегі дамыған елдерде негізінен білім ордаларының жұмысын жетілдіру әрі тиімді ету мақсатында құрылған орган.

Аталмыш кеңесті Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков басқарады. Сонымен бірге, еліміздің ірі жоғары оқу орны Қамқоршылар кеңесі мүшелерінің қатарында ҚР Президенті Әкім­ші­лігі Басшысы­ның орынбасары Мәу­лен Әшімбаев, Премьер-Министрдің орынбасары — Индустрия және жаңа техно­логиялар министрі Әсет Исе­кешев, Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед, Парламент Сена­ты­ның депутаты, Халықаралық қа­тынастар, қорғаныс және қауіп­сіз­дік жөніндегі комитеттің төрағасы Қуаныш Сұл­танов, ҚазҰУ рек­торы, академик Бақытжан Жұма­ғұлов, еліміздің ЮНЕСКО жанын­дағы тұрақты өкілі, ақын Олжас Сүлейменов, “Capіtal Partners” компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Сержан Жұмашев, Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы, ұшқыш-ғарышкер Талғат Мұсабаев, тағы да басқа мемлекеттік органдар мен бизнес-қоғамдастық жетек­шілері бар.

Кеңестің бірінші отырысында негізгі екі мәселе қарастырылды. Бірі ҚазҰУ-дің болашағы мен дамуы болса, енді бірі Қамқор­шы­лар кеңесінің жұмыс жоспары. Қор­ғаныс министрі Әділбек Жақсы­бе­ков қатысушыларды күн тәртібімен таныстырып өткеннен кейін, ҚазҰУ ректоры Бақытжан Жұмағұловтың бірінші мәселе бойынша есебі тыңдалды.

“Қазақстандық жоғары оқу орын­дары арасында Қамқоршылар кеңесі институтын ҚазҰУ бірінші болып ұйымдастырып отыр. Мұн­дай кеңес әлемдік университеттер тәжірибесінде бұрыннан бар. Кеңесте университеттің келешекте дамуы мен ғылым және білім салаларындағы көп мәселелер қаралатын болады”, деген ол. Уни­вер­ситеттің оқу үдерісі, әлеуеті, тыныс-тіршілігі, жоспарларымен таныс­ты­ра келіп, басты мақсат: білім орда­сын заманауи-инновациялық зерт­теу орталығына айналдыру екендігін алға тартты. Ал Талғат Мұсабаев: “Қамқоршылар кеңесі әлемдік университеттерде елу жылдан аса уа­қыттан бері жұмыс жасап келеді, атал­мыш игі істің отан­дық оқу ордасында көрініс табуы мені қуантып отыр. Се­бе­бі, біз кеңес жұ­мысын жақсарта оты­рып, әлемдік деңгейдегі мін­дет­терді атқаруды қолға аламыз”, десе, “Мемлекеттің бә­се­кеге қабілеттілігі ғылым, біліммен тығыз байланысты. Сол себепті, әлемдік тәжірибені қолдана отырып, бұл игі істі жүзеге асыруымыз университеттің дамыған елдер қатарында бәсекеге төтеп беруін арттыра түседі”, деді сенатор Қуаныш Сұлтанов.

Президент Әкімшілігі Басшы­сының орынбасары Мәулен Әшімбаев бұл бастама Қазақстан білімінің дамуына зор үлес қосатынын, Әкімшілік тарапынан Қамқоршылар кеңесіне қолдау көрсетілетінін атап өтті.

Саягүл ӘЛІМБЕКОВА