Қазақстандық қоғамдық-саяси апталық "Дала мен қала"

07.09.2010

Просмотров: 3234

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті іргелі істерге ұйытқы болып келеді. Бұл жолы «Білекті – бірді, білімді – мыңды жығады» деген ұлағатты сөзді жанына жалау еткен университет ректоры Бақытжан Жұмағұлов тест кезінде жақсы нәтиже көрсетіп, бірақ шамалы балл айырмашылығымен қатарластарына жол берген 90 балаға білім грантын өз қолымен табыс етті.

Биыл ректор грантының иегері былтырғыдан қарағанда бес есе артқан. ҚазҰУ студенттерінің қатарына қосылған жастарды құттықтау барысында ректор Бақытжан Жұмағұлов: «Биыл 3200 мемлекеттік білім гранты иегерін оқуға қабылдаған ҚазҰУ жетекші білім ордасы ретінде отандық білім кеңістігіне жаңашырлық танытып, тағы 90 балаға ректор грантын тапсырып отыр. Олардың арасында 64-і «Алтын белгі» иегері, қалғандары халықаралық, республикалық олимпиадалардың жеңімпаздары. Ерекше мәртебелі белгіге ие болу қабілет пен дарынды қажет ететіндігін ескере отырып, үздік талапкерлерді назардан тыс қалдырмадық. Бұл талапкерлер мемлекеттік байқау кезінде таңдаған мамандықтарына грант бөлінбей қалғаны үшін жазықты емес. Сол үшін біз – университет ғалымдары, декандары мен оқытушы-профессорлар құрамы ақылдаса келіп, осындай ұйғарым қабылдадық. Оларға университет жыл сайын 67 млн. қаржы бөледі», – деді оқу орын басшысы.

Ректордың білім грантына ие болған жастар өз қуаныштарын жасыра алған жоқ. Олар сол заматта университет басшылығына алғыс айтып, өздеріне жүктелген сенімді абыроймен атқаратындарын жеткізді. Ректор грантына ие болған «Алтын белгі» иегерлерінің атынан сөз алған Мадина Жакитова «ҚазҰУ – менің бала күннен бергі арманым. Мен бүгін өте қуаныштымын. Еліміздегі бірінші университетке түсу үшін мен мектепте үнемі ізденіс пен үздік оқу үстінде болдым. Міне, сол еңбегім бүгін жүзеге асты. Мамандық таңдаудағы арманымның шындыққа айналуына қолдау көрсетіп отырған университет ректоры Бақытжан Тұрсынұлына және ҚазҰУ ұжымына шексіз ризашылығымды айтқым келеді. Студенттік жылдарымда Қазақстанның бәсекеге қабілетті маманы болып қалыптасып шығатыныма сенемін», – деді. Ал ата-аналары атынан ақ тілегін жеткізген Гаухар Төреханова: «Біз ҚазҰУ-ды отандық университеттердің көшбасшысы ретінде жақсы танимыз. Мұнда жоғары білікті оқытушы-профессорлар ұжымы, заманауи технологиялар мен ғылыми-зерттеу орталықтары орналасқан. Бұл университеттерде студенттердің білім алуы мен қабілетті кадр болып даярлануына барлық жағдай жасалған. Осы университеттің студенті атанған баламыздың болашағына сеніміміз мол», – деп ойын ортаға салды.

Ал білім күні ҚазҰУ студенттерінің алғашқы сабағы университет ректоры, академик Бақытжан Жұмағұловтың «Университет әлемдік инновациялық үдерісте» атты дәрісімен басталды. Студенттер сарайында өткен ауқымды шараға 2 мыңнан астам тыңдаушы қатысқанын айта кетуіміз керек. Университетке биыл мыңнан жүйрік, жүзден тұлпар шыққан студенттер қабылданған. Өйткені тәлімгерлердің басымы «Алтын белгі» және республикалық, халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздарынан құралып отыр. Осы орайда Бақытжан Тұрсынұлы бірінші курс студенттерін «элиталы гвардия» деп атады. Енді ғана ҚазҰУ студенті атанып, зор мақтанышқа ие болған жастардың студенттік алғашқы оқу жылын өзінің дәрісімен бастаған ректор: «ҚазҰУ студенттері білім туын шайқалтпай тік көтеріп келеді. Біздің студенттер бәсекеге төтеп беретініне сенімдімін. Құрметті элиталы гвардия, сіздерге білім кеңістігінде сәт сапар тілеймін. Бұған дейінгі тәжірибе көрсеткендей – ҚазҰУ түлектері қазақстандық элита тобын қалыптастырушы инттеллигенттерді құрады. Ендеше алдыңғы буын жолын жалғап, зиялы қауымды қалыптастыратын буын сіздер боласыздар. Қазақстанды 2030-ға жеткізетін, сол дамыған қоғамды бәсекеге қабілетті ететін де сіздер», – деп жастарға үлкен міндет жүктеді.

Білім күнінің алғашқы күнінде қарашаңырақтағы әр факультетте елге танымал қоғам қайраткерлері дәріс оқыды. Олардың қатарында «Экомед» медицина орталығының директоры Салтанат Байқошқарова, Қазақстан география институтының директоры Ахметқали Медеуов, Әлкей Марғұлан атындағы Археология институтының директоры, академик Карл Байпақов, ҚР Тұңғыш Президенті қоры жанындағы Халықаралық экономика және саясат институтының директоры Сұлтан Айқымбеков, «Айқын» газетінің редакторы Нұртөре Жүсіп, Алматы қаласы қаржы полициясы департаментінің басшысы Мақсат Дүйсенов, «Қазақстан Халық банкі» басқармасының төрайымы Үміт Шаяхметова, KASE Биржалық кеңесінің төрайымы Айгүл Тасболат, Экономика институтының директоры Оразалы Сәбден болғанын айта кетуіміз керек.

Н. ӘУБӘКІР