Жолдастық кездесу – достық көпірі

04.03.2010

Просмотров: 3246

«Ойында қарсылас болсаңыздар да, өмірде дос болыңыздар». Әр пікірсайыс ойыны осындай сөздермен аяқталатыны барша пікірсайысшыларға мәлім. Расында да, сөз майданында ой қақтығысын туындатып, көсем сөзбен қаруланған жастарымыз өмірде шынайы достық пен татулықтың үлгісі іспетті. Мұндай достастық шеңберін тек өз ортамызбен шектемей, өзге жоғарғы оқу орындарымен де орнатуға пікірсайыстағы жолдастық кездесулер көптен-көп септігін тигізеді. Сондықтан, «Алтын сапа» пікірсайыс клубы Алматы қаласының белді ЖОО пікірсайысшыларымен ай сайын жолдастық жүздесулер өткізіп тұрады.

Осы дәстүрдің осы жылғы бастауы ақпанның 2-жұлдызында «Руханият» орталығында өткізілген ҚазҰАУ-ң «Зиялық қазақ» пікірсайыс клубымен кездесуінен басталды. Кездесуде әуелі саяси АПФ форматында «Бұл палата жастардың саяси белсенділігін арттыру жолдарын ұсынады» тақырыбында, құндылықты форматта «Бүгінгі күні рухани ынталандыру маңызды ма, әлде материалдық па?» тақырыбында пікірсайыс болып өтті. Аталған тақырыптар форум мүшелерінің де үлкен қызығушылығын туғызып, жастар өзара қызу пікір алмасты. Осыдан кейін дәстүр бойынша «fan-debate», яғни «қалжың-пікірсайыс» өткізіліп, қонақтарымызды күлкіге кенелтті. Ал жолдастық кездесулердің ажырамас бөлігі – қонақтарға арнап дастархан жаю. Бұл жолы да ҚазҰАУ-дан келген қонақтарымыздың алдына дәм қойылып, дастархан басында таныстықтан кейін түрлі жылы лебіздер мен тілектер айтылып, пікірсайысшылар естелік суретке түсіп тарқасты.

Наурыз айының 3-жұлдызында «Алтын сапа» пікірсайыс клубы мүшелерінің Т.Рысқұлов атындағы ҚазЭУ-ң «ТЭО» пікірсайыс клубына қонақ болып барудың сәті түсті. Ертеден әріптестік танытып келе жатқан оқу орындарының кездесуіне жастарымыз көптеп жиналды. Алдымен, екі университеттін де экономикалық мамандықтарында білім алатын жастар құндылықты форматта «Кедендік одаққа кіру ақтала ма?» тақырыбында пікірсайыстырды. Бүгінгі күні қоғам ішінде осы тақырып төңірегінде түрлі пікірлер туындап жүргені белгілі. Сондықтан да, жастарымыз бұл тақырыпқа мұқият дайындалып, Кедендік одақтың тиімді және тиімсіз жақтарын экономикалық аспектілермен сипаттап берді. Әдеттегі ресмилікке көп бой алдырмаған кездесуіміздің көркін «қалжың-пікірсайыс» қыздыра түсті. Мұнда екі клуб мүшелері бір-бірімен әріптестік таныта отырып, асқан алғырлық пен тапқырлық үлгісін көрсете білді. Дастархан басына отырмас бұрын, сендіре алу қабілетіне сын болатын атышулы «Мафия» ойыны ойналып, жастарымызды бір сергітіп алды. Кездесу соңында жігіттер қауымы қызғалдақтай қыздарымызды жақындап қалған Наурыз мерекесімен құттықтап, жүрекжарды лебіздерін білдірді.

Достықты ту еткен жолдастық кездесулердің барлығымызға да берері мол. Екі оқу ордасы арасында тәжірибе алмасып, қоғамның өзекті мәселелерін талқыға салудан бөлек, бұл алаңда жаңа достар, жаңа әріптестер, әрі пікірлес замандастар табуға болады. Ал бұл, әрине, бүгінгі күні баға жетпес құндылықтардың бірі болып табылады. Ендеше, достық көпірлері көбейе берсін деп тілейміз.

Жидебекқызы Ақнұр

«Алтын сапа» пікірсайыс клубының төрайымы