Экономика

16.06.2016

Просмотров: 2901

Бірлескен жобалар өндіріске енгізілуде.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ғалымдар мен студенттердің қатысуымен топырақтың ауыр металлдармен зақымдану үдерісінің өзекті мәселелеріне арналған дөңгелек үстел өтті.    Бүгінгі күннің маңызды тақырыптарының біріне арналған дөңгелек үстел басындағы бұл талқылауға минералогия, шикізат физикасы мен ғарыш химиясы бойынша француздың көрнекті ғылым қайраткері, Пьер және Мари Кюри университетінің профессоры Жорж Калас қатысты. «Пайдалы қазбалар – тұрақты даму мәті­нін­дегі басты мәселе» тақырыбын тал­қылау барысында минералды ресурстар саласының белгілі маманы, Ғылым академиясының «Carrière», «Ivan Peycheset Dolomieu» және Франция геологиялық қауымдастығы «Léon Bertrand» сыйлықтарының иегері Жорж Калас инновациялық жасыл технологияларды енгізу – жаһандық экологиялық мәселені шешудің бірден-бір жолы екенін айтты. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ басшылы­ғымен кездесуде геоэнергетика саласындағы ынтымақтастықты жалғастыру мәселелері қарастырылды. «Лотарингия университеті француз жоғары оқу орындарының арасында ҚазҰУ-дың негізгі әріптестерінің бірі болып табылады. Біздің университетте Қазақ-француз «Гео-Энергетика» ғылыми-ағарту  орталығы ауқымындағы келісімдер аясында халықаралық деңгейде зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Университеттер бірлесіп мамандар даярлау және инновациялық ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асыруға күш салуда. Оқу ордалары арасындағы өзара жемісті ынтымақтастық нәтижелерінің бірі – қос диплом бағдарламасы», – деп атап өтті ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтанұлы.  ҚазҰУ зерттеу-тәжірибе жұмыстарының нәтижесін экономиканың нақты секторына енгізе бастады. Университет ғалымдары Ақтөбе мен Шығыс Қазақстан облыстарының өнеркәсіптік компанияларымен бірлесіп жұмыс істейді. ҚазҰУ-дың ғылыми әлеуеті Пьер және Мари Кюри университетімен серіктестікті дамы­туға және әлемнің алдыңғы қатарлы универ­ситет­тері­мен ынтымақтастық аясын кеңей­туге жол ашады.  Өз кезегінде профессор Жорж Калас бірлескен ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге қызығушылық білдірді. Оның ойынша, Қазақстан пайдалы қазбаларға бай үлкен мемлекет болғандықтан, жер қойнауын зерттеу және қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне барынша көңіл бөлуге мүмкіндік те мол. «Қазақстан көптеген француз компанияларының қызығушылығын тудыруда. Біз жаңа тәсілдер мен жасыл технологияларды өнеркәсіпте, тұтыну саласында, менеджмент пен өнеркәсіпті ұйымдастыру барысында пайдалану ұстанымында жұмыс істейтін бизнес- қауымдастықтарды тартуға мүдделіміз. Жасыл технология, бұл – тұрақты даму қағидасына негізделген инновациялар», – деп түйіндеді сөзін Жорж  Калас. Әңгіме барысында тараптар академия­лық ынтымақтастық пен жаңартылатын энергия саласындағы бизнес-қауымдастық­тардың қызығушылық деңгейін арттыруға дайын екендіктерін білдірді. Кездесу соңын­да университет басшылығы Жорж Каласты «ЭКСПО – 2017»-де көрсетілетін бірлескен жобаларға қатысуға шақырды.

Бекет КӨКЕНАЙҰЛЫ