Агробиостанция - келеші мол оқу-өндірістік кешен

17.04.2016

Просмотров: 3371

  Биология және биотехнология факультетінің деканы Заядан Болатхан Қазыханұлының бастамасымен  кафедра меңгерушілері   және оқытушы-профессорлар құрамы ҚазҰУ-ның ғылыми-өндірістік орталығы болып саналатын Агробиостацияға барып, жұмыс барысымен танысып қайтты. Бұл келудің мақсаты 2016 жылға жоспарланған жұмыстарды жан-жақты талқылап, өңдіріс тұрғысында жүргізілетін негізгі мәселелерін шешу болып табылды. Факультет деканының бастамасымен «Альгобиотехнология» лабораториясының негізі қаланды.  Бұл лабораторияда болашақта жасалатын жұмыстардың бірі – әлем ғалымдары үшін өзекті болып саналатын микробалдырлардан биодизель алу және фотобиореакторда фототрофты микроорганизмдерді көптеп өсіріп, құрғақ биомассасын еліміздегі алдыңғы қатарлы өнеркәсіптік орталықтарға биотыңайтқыш ретінде беру керектігін факультет деканы баса айта кетті.

Биоалуантүрлілік және биоресурстар кафедрасының меңгерушісі Канаев Ашимхан Токтасынович Агробиостанцияның ғылымға қосар үлесі өте жоғары екенін және болашақта өзінің ғылыми жұмыстарының бір бөлігін осында жүргізуді ойлап жүргенін айта кетті. Биотехнология кафедрасының меңгерушісіКистаубаева Аида Сериковна және деканның ғылыми инновациялық жұмыс және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі орынбасары Баубекова Алмагуль Сериковна екеуі өз сөздерінде студенттердің өңдірістік практикасын Агробиостанцияда өткізудің маңызы өте зор екенін және осы тұрғыда жұмыс істеуді қолға алатындарын айтып өтті.Биофизика және биомедицина кафедрасының меңгерушісі Тулеуханов Султан Тулеуханович бұл орталықтың тек ғылым үшін ғана емес, сонымен қатар ҚазҰУ-не қосар үлесі де өте жоғары екендігін айтты. Қазіргі таңда Агробиостанцияда Молекулалық биология және генетика кафедрасының жетекшісіАйташева Зауре Гайнетдиновна бастамасымен көктемгі егу жұмыстары қызу жүргізіліп жатыр. Биылдың өзінде кафедраның атынан қарбыздың, розаның, асқабақтың, қиярдың ұрықтары беріліп, алманың 20 дана көшеті отырғызылды.

Биология және биотехнология факультетінің деканы Заядан Болатхан Қазыханұлы Агробиостанцияда ғылым мен қатар өндіріс саласына да баса назар аудару керектігін және өнімнің көлемін арттырып, ҚазҰУ-не беретін пайда жағын да қарастыру керектігін баса айта кетті.  Үздіксіз өнім алу үшін жылыжай соғу мәселесін қарастырып жатқанын және қазіргі уақытта алдын ала дайындық жұмыстарының басталып кеткенін де айтты. Оқытушы-профессорлар құрамының жұмыстарының орындалатынына сенім білдіріп, Агробиостанцияның болашағы өте зор екенін айта кетті.