История университета с 1953 по 1955гг.

1953-1955 жылдар аралығындағы университет тарихы

Асқар Закарияұлы Закариннің ректорлығы ҚазҰУ тарихындағы ең керемет сәттердің бірі. А.Закарин тағдыры Қазақ ұлттық университетінің өсу, толысу жылдарымен терең тамырлас. 1953 және 1961 жылдары ол еліміздегі маңдайалды жоғары оқу орнында басшылық етті. Ректор бұл лауазымды халыққа қызмет етудің өзгеше абыройлы жолы, жемісін асықпай беретін аса жауапты тапсырма деп қабылдады. Республикадағы жалғыз университет жаңа ғимараттарға, кітапханалар мен кафедраларға мұқтаж еді. Алматы қаласының тау етегінде ең керемет жерлердің бірінде ҚазҰУ орналасқан. Кешікпей студенттер қалашығы бой көтере бастады. Жаңа оқу ғимараттар мен Студенттер үйі салына бастады. Университет тізгінін ұстаған А.З. Закарин ғылымды дамыту мен оқу ісін ұйымдастыруда одақ көлеміндегі жаңа үрдістерге ден қоюға, сан алуан бағыттағы күрделі ізденістердің тиянақты нәтижелеріне басым түрде назар аударды. А.Закарин гидробиология, ихтиология, метеорология, жоғары математика, орыс филологиясы, қатты денелер физикасы және т.б. жаңа кафедралардың, жоғары оқу орындары үшін біліктілікті арттыру факультет, философиялық-экономикалық факультеті, студенттердің М.О. Әуезов атындағы әдеби бірлестігі мен «Жеті муза» қоғамының ашылуына мұрындық болды. Математика факультеті негізінде республикадағы тұңғыш есептеу орталығы құрылды. Урал-2, Урал-11 машиналары төңірегінде болашақ бағдарламашылар мен есептеу мамандарының жаңа толқыны өсіп шықты.

Ғылыми мектеп, соңынан ілескен көптеген шәкірттері, отандық білім беру ісіндегі инновациялар, жоғары оқу орны ғылымы арасындағы халықаралық байланыстарды дамыту, студенттік қалашықты салу идеясы, механика-математикалық факультетінің жаңа ғимаратының құрылысы, бұл - Асқар Закариннің ел тарихында алтын әріптермен басылған істерінің тек шамалысы.  Ғалымды соңынан қалдырған еңбектеріне, ұстазды шәкірттеріне, ал ұйымдастырушыны жасаған істеріне қарай бағалайды. Асқар Закариннің тікелей қатысуымен жасалған еліміздің білім беру жүйесі өзінің өміршеңдігін, жаңашылдығын және даму қабілеттілігін дәлелдеді.

А.Закарин жариялаған кітаптардың қатарында “Қазақ КСР-і Жеті жылдық жайлы әңгіме”, “С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті”, “Тамаша математиктер өмірінен”, “Геометрия негіздері”, “Қазіргі геометриядағы негізгі идеялар туралы” тәрізді т.б. еңбектер бар.

Мемлекеттік тұрғыда Асқар Закариннің іскерлік қасиеті өте бағаланды. 1955 жылы ол Қазақстанның оқу-ағарту министрі, 1958 жылы ҚазКСР шетел ісі министрлігі және Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары болып тағайындалды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 75 жылдық мерейтойына орай механика-математика факультетінде Асқар Закарияұлы Закаринді еске алу кеші өтті.