25 қыркүйек күні әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінде мәдениет қайраткері, дарынды жазушы-журналист, аудармашы Серік Әбдірайымұлы атындағы оқу залының ашылу салтанаты болып өтті. Оның тұсаукесеріне ҚР қоғам қайраткерлері, ғалымдар мен жазушылар: ҚР Президенттік мәдениет орталығының директоры Мырзатай Жолдасбеков, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің ректоры Бақытжан Әбдірайымов, Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Қалижан Әбдірайымов, жазушы Бексұлтан Нұржекеұлы және т.б. қатысты.
Ашылу салтанатының алғашқы сөзі Журналистика факультетінің деканы Ғалия Ибраеваға берілді. «Осы күнге дейін журналистика факультетінде Т. Амандосов, Қ. Бекхожин, Т. Қожекеев және М. Барманқұлов атына аудитория берілген еді. Бүгін қоғам қайраткері, Д.Қонаевтың өмірін зерттеуге үлкен үлес қосқан зерттеуші Серік Әбдірайымұлының атына оқу залының ашылуына қош келдіңіздер. Осы орайда болашақта аға жолымен жүрер деген ниетпен үздік студенттерімізге арнайы шәкіртақы тағайындалып отыр. Олар біздің сенімімізді ақтайды деп білеміз»,- дейді декан. Астанадан арнайы келген Мырзатай Жолдасбеков ағамыз өз ойын былай тарқатты: «Ойлап отырсам, Серік ағамыз осындай еді деп, жаманымызды жасырып, жақсымызды асырып біз туралы сөйлеу керек еді, енді інісі туралы ағасы сөйлейтін жағдай болып отыр... Ойы да, бойы да биік, адамзатты сүйетін махаббаты өте зор, қарапайым, қайырымды, жасымызға қарамай еркелетіп, «Айналайын, Мырза аға» деуші еді. Өзіңнен жасы кіші адамның бұлай сөйлеуін бұрын естімеген едім. Серіктің туған ортасы, ұясы жақсы... Менің 60-жылдығымда марқұм Алтынбек «аға, сіз туралы кітап жазғалы отырмыз, оны Серікке тапсырдық» дегенде қуанып қалдым, оның атын «Ел тағдыры - ер тағдыры» деп қойған да Серіктің өзі болатын. Мен Серікке сабақ беріп едім. Артында жұрты, халқы, елі бар. Ұрпағы бар. Бақытжан сияқты қанаты бар. Мақтан тұтып отырған баламыз, ініміз. Димекеңнің басына күн туғанда қасынан табылған да Серік еді. Бір жағында Серігі, бір жағында Олжасы жүрді. Димекең туралы жұрт айта алмайтын сөздерді ашық айтып кетті. Осындай оқу залын ашып отырған, басымызды иіп кіретұғын қарашаңыраққа алғысымды білдіремін. Арнайы ас берілгелі де отыр. Ақселеу екеуі егіздің сыңарындай еді. Әрқайсысы сайдың тасындай, арқардың құлжасындай азамат еді».