ҰЛТТЫҢ ҰЛЫН ҰЛЫҚТАУ

     Мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы, публицист Сапар Байжановтың туғанына 90 жыл толуына арналған халықаралық конференцияны 2021 жылдың 27 қаңтары күні өткізу құрметі - әл Фараби атындағы Ұлттық университеттің журналистика факультетіне бұйырыпты. Конференция шымылдығын ашқан факультет деканы Сағатбек Медеубекұлы  алғашқы құттықтау сөзді парламент депутаты , белгілі қаламгер Нұртөре Жүсіпке ұсынды.

     Қатысып отырған қонақтардың бірі, қадірменді журналист Сайраш Әбішеваның сөзі менің естелігіме де жол ашты. Сапар аға «Социалистік Қазақстан» газетінде Бас редактор болып отырған кезінде мен меншікті тілшілер бөлімінде қызметте едім. Шындығында, Бас редактор Сапар Байжанов Сайраш апай айтқандай     өте жайлы басшы болды.Ол кісі кез келген мәселені көз алайтпай, дауыс көтермей, жайбарақат шешетін, өзінің қоңыр дауысымен ескертіп қана қоятын... Керісінше, сол тұста ол кісінің бірінші орынбасары болып отырған Балғабек Қыдырбекұлынан тайсалушы едік... Және де қай кезде кабинетіне бас сұқсаң да Сапар аға үнемі жазып отыратын... Вьетнамға екі рет барған сапарынан оншақты очерк жазғанының өзі сол жанкештіліктің, еңбексүйгіштіктің айқын дәлелі. Ол кісінің осындай еңбекқорлығы жастарға үлгі болар қасиетінің бірі еді.

     Журналистика факультетінің аға оқытушысы Серік Жұмабекұлы Сапар Байжановтың жаңа қырын танытты, яғни Абайдың орыс тілінде жазылған құқықтық жазбаларын қазақша аударған тұсын әңгімелеп берді.

     Осындай ұлттың ұлағатты ұрпақтарын ұлықтау дәстүрі журналистика факультеті өткізетін игі істердің ең маңыздысы болып отыр һәм жалғасын таба бермек.

                                    профессор  Клара Қабылғазина

 

 

Материалды сайтқа жариялаған: ЕЛҒОНДИНОВА АРУЖАН ДИДАРҚЫЗЫ