Проект "100 фактов"Денгельбаева Н.Б.

         Дүние жүзі тарихы, тарихнама

және деректану кафедрасының аға оқытушысы                                                                            

Денгельбаева Н.Б.

                                                    

Тәуелсіздік монументі 

Тәуелсіздік монументі – Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің бес жылдығына байланысты Алматы қаласында салынған сәулет және мүсін өнері ескерткіші. 1996 жылы Алматыдағы Республика алаңында биік обелиск түрінде тұрғызылған монументтің авторлары - топ жетекшісі, архитектор Ш.Уәлиханов, мүсіншілері Н.Далбай, Ә.Жұмабаев, сәулетшілері Қ.Жарылғапов, Қ.Монтақаев, бас конструкторы С.П. Каламкаров. Монумент сол жылдың 16 желтоқсанында ашылды. Ескерткіштің ашылу салтанаты Елбасы Н.Назарбаев пен Түркия президенті С.Демирель қатысуымен өтті. Тәуелсіздік монументінің негізгі ортасында композициясы ұлттық өрнекпен көмкерілген текшелі діңгек тастан (биіктігі 28 метр) құралған. Аспанға шаншылып тұрған орталық діңгектің ұшар басы қауызы ашылмаған қызғалдақ тәрізді жұмырланып мүсінделген, әрі оған Қазақстанның елтаңбасы ойылып түсірілген. Оның үстіндегі қоладан құйылған қанатты барыстың үстінде оң қолында қыраны, сол қолында садағы, белінде қанжары, асынып алған қорамсағындағы алтынға малынған жебелері бар дулығалы сарбаздың бітім-тұлғасы (биіктігі 6 м, ал салмағы 4 т) асқақ та айбарлы кейіппен тұр. Тәуелсіздік монументінің екі жағында қазақ халқының тарихи өмір белестерінен мәлімет беретін шағын мүсіндемелік бедерлі бейнелер, яғни сақтар дәуірінен тәуелсіздіктің жариялануына дейінгі тарихи кезеңдерді: Томирис заманынан бастап әл-Фараби, қазақ хандығының құрылуы, Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама, жоңғар шапқыншылығына қарсы күрес, қазақ пен орыс халқы арасындағы байланыстар, ұлт-азаттық қозғалыстары, 2-дүниежүзілік соғыс, Желтоқсан көтерілісі мен Тәуелсіздіктің жариялануын көрсететін ұтымды шешім тапқан көрініс-суреттер орналасып әрі олар бір-бірімен үйлесе жалғасып, жақсы жарасым тапқан. 

 

 

Тәуелсіздік таңы

2006 жылы қыркүйектің 18-күні желтоқсан оқиғасының 20 жылдығына орай Алматыда ҚР Президенті Н. Назарбаевтың қатысуымен «Тәуелсіздік таңы» монументі ашылды. Желтоқсан мен Сәтпаев көшелерінің қиылысында орналасқан «Тәуелсіздік таңы» ескерткішінің ашылу рәсіміне келген Елбасы: «Жастарды алаңға шығуға итермелеген желтоқсандағы оқиға еліміздің тәуелсіздігінің жаршысы болды. Бұл оқиғаға ұлтшылдық сипатын беруге талпыныстар жасалды. Саяси бюроға олай емес деп түсіндіруге, соған орай қабылданған арнаулы қаулының күшін жоюға тура келді. Ұлтаралық қақтығыс деп түсіндіру пиғылдары да болды. Мүлдем олай болмағанын тарихтың өзі көрсетіп берді. Жастар бар болғаны әділеттілікті, теңдікті, тәуелсіздікті қалады»,- деді. Ескерткіш танымал қазақ сәулетшісі әрі дизайнер Тимур Сүлейменовтың жобасы бойынша жасалған. Автордың айтуынша, композиция тақырыптың мәндік-идеялық және көркемдік-образдық мазмұнын ашып береді. Ескерткіш үш бөліктен тұрады. Ол қызыл және ақ граниттен жасалған екі пилоннан тұрады. Алғашқысы өткен мен болашақ арасындағы қақтығысты, жарылысты, халықтың өзіндік сана-сезімінің сілкінісін білдіресе, екіншісі мемлекеттің тәуелсіздігі мен бостандықтың салтанат құруын меңзейді. Композицияға сондай-ақ ұшуға ұмсынған әйелдің мүсіні енгізілген. Ол оң қолына татулыққа шақыру нышаны іспетті орамал ұстаған. Ал сол қолында бостандыққа талпынысты, ұшу белгісін білдіретін қанатын жайған құсты ұстаған. Ескерткіштің үшінші бөлігі - оюлы панно. Монументті тұрғызуға 176 278 мың теңге жұмсалды. Қаржы ҚР Тұңғыш Президенті қорынан бөлінді. Осы оқиғамен бір уақытта 1986 жылғы оқиғаның құрметіне Алматыдағы Бейбітшілік даңғылы Желтоқсан деп аталған еді.