Цифрлы медиа білім беру форматтары талқыланды

05.04.2022

Просмотров: 1307

Қазақстанның БҰҰ-ға енуінің 30 жылдығына арналған «Тексерілген шынайы ақпаратты пайдалану негізінде виртуалды білім беру деңгейін арттыру» атты V Халықаралық журналистика форумы фокусын медиа білім беру мәселесіне арнады.

     Биыл бесінші рет өткен ғылыми жиынға Нидерланды, Словакия, Түркия, Ресей, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан ғалымдары виртуалды оқыту мен цифрлы білім берудің шекаралары мен форматтарын талқылады.

     Шараның ашылуында БҰҰ Жаһандық коммуникациялар департаментінің өкілі Властимил Самек Біріккен Ұлттар Ұйымының «Ғаламшар игілігі үшін жұмылыңыз, теңсіздікпен және жалған ақпаратпен күресіңіз» атты коммуникация бойынша приоритетін қолдаған ғылыми қауым өкілдеріне алғысын айтып, журналистика саласында ақпараттық ортаға сенім мен сенімсіздік, фактчекинг және тексеру әдістерін басымдықта болу үрдісіне ерекше назар аударды. Сондай-ақ Сыртқы істер министрлігінің Алматы қаласындағы өкілдігінің Саяси ынтымақтастық басқармасының басшысы Аренова Алмаша елдегі мемлекеттік қызмет саласында әлеуметтік желілердің басымдықтарын атап өтті. Әлемдегі, елдегі ақпараттық ахуалдың көңілге алаң тудырған кезеңінде әр азаматқа дұрыс ақпаратты жеткізетін БАҚ арналары мен өкілдері екенін ерекше атап өткен Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты төрағасының бұқаралық ақпарат құралдарымен байланыс жөніндегі кеңесшісі Бибігүл Жексенбай медиа кеңістіктегі ақпараттық қауіпсіздік саласындағы міндеттерді атап айтты.

     Еуропалық журналистер даярлайтын ассоциацияның кеңесшісі (EJTA), Журналистика саласындағы білім беру бойынша Дүниежүзілік Кеңес төрағасының орынбасары, Виндесхайм қолданбалы ғылымдар университетінің профессоры Нико Дрок баяндамасында дезинофрмация кезеңінде журналистік білім беруді бағдарлау мәселелеріне тоқталды.

     «Біздің оқытушы ретіндегі парызымыз – студенттерді оқыту ғана емес, фактілерді тексерудің техникалық құралдары, сонымен қатар тарихи, саяси, мәдени және әлеуметтік-фактілерді мағыналы және теңгерімді контекстке қою үшін экономикалық білім беру», – деп қорытынды тұжырым ұсынды. 2020 жылдан бері ҚазҰУ-дың Журналистика факультеті EJTA мүшесі ретінде кеңестер, конвенцияларға қатысу мүмкіндігін алды.

     Спикерлер қатарында Словакия Ғылым академиясының болжау институты профессоры Владимир Бачишин, ТРТ «Түркия үні» радиосы, қазақ редакциясының редактор-жүргізушісі Уфук Тузман, Мирзо Ұлықбек атындағы Өзбекстан Ұлттық университетінің профессоры Якутхон Маматова, Санкт-Петербург мемлекеттік университетінің профессорлары Д. Гавра, И. Быков, РУДН университеті, журналистика теориясы мен тарихы кафедрасының доценті В. Матвиенко, Медиа дамыту корпоративтік қоры Медиа жобалар бөлімінің жетекшісі Бибігүл Бөкенбайқызы, «Elorda-Aqparat» медиахолдингі директорының орынбасары Канат Әуесбай, Ж.Баласағын атындағы Қырғыз Ұлттық университеті Журналистика факультетінің деканы Ширин Костюк т.б. ғалымдар, практиктер ғылыми баяндама жасады.

     Профессор Дмитрий Гавраның медиакоммуникация саласындағы трендтерді талдаған баяндамасы ғылыми жаңалығы, тезистік тұжырымдары дәлелді келді. 2020-2022 жылдары коммуникация саласының үрдістері мен драйверлері, коммуникация мамандарна кәсіби білім беру жүйесіндегі қатерлер баяндамасы қатысушылардың сұранысы бойынша қазақ, ағылшын тілдеріне аударылып, тезистік түрінде жариялану қарары қабылданды.

       Ғылыми шараның бас серіктесі COMENIUS ANALYTICA аналитикалық орталығы қолдауымен журналистика форумының материалдар жинағы Словакияның IRIS Publishing and printing баспа үйінде жарияланады.

     Түркиялық ғалымдардың ұлттық коммуникация арналарының интеграциясы, Еуропалық ғалымдардың шындыққа негізделген ақпаратты оқу процесіне енгізу туралы тұжырымдары алдағы уақытта академиялық ынтымақтастыққа жол ашады деп сенеміз.

 

Гүлмира Сұлтанбаева