АЛҒЫС КҮНІ АЛҒЫС АРҚАЛАДЫ

03.03.2022

Просмотров: 1528

Алғыс айту күні – халқымыздың дәстүріне айналған мейірімділік пен жанашырлық секілді асыл қасиеттерді әлемге паш ететін күн. Елімізде бұл күн 2016 жылдан бастап тұрақты түрде атап өтіліп келеді. Осы күні адамдар бір-біріне, ата-аналарына, жақындарына алғысын айтып, жылы лебізін білдіреді. Бір сөзбен айтсақ, бұл күн – адамдардың бір-біріне деген берік қарым-қатынас орнатуға бір қадам жасауы.

       «Рақмет» деген сөз 6 әріптен болса да, оны естіген адам үшін ол – қадірлі де қымбат болары хақ. Қамшының сабындай ғана қысқа ғұмырда жақсы сөз айту, жақсылық жасау – әрбір адамның міндеті. Алайда күнделікті өмірде алғыс айтуды ұмытып, жылы сөздерді жақындарымызға жиі айта бермейтініміз тағы бар. «Рақмет» сөзін айту – адамдар арасында жақсы қарым-қатынас орнатады екен. Осы орайды пайдаланған ҚазҰУ-дың Журналистика факультетінің оқытушылары мен жалынды жастары «Алғыс күніне» арнап оқытушыларға, факультет ұжымына, қызметкерлеріне жақсы көңіл-күй сыйлады. Бұл күннің әсерлі өтуіне мұрындық болған – факультетіміздегі «Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының» оқу әдістемелік және тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Назкен Жансерікқызы, «Баспасөз және электронды БАҚ кафедрасының»  оқу әдістемелік және тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Маржан Нұрманова, «Журналистика және коммуникация жөніндегі ЮНЕСКО кафедрасы» меңгерушісінің оқу әдістемелік және тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Күлайым Мамырова. «Алғыс айту» күні алғаш рет факультет қабырғасында аталып өтілгендіктен, ерекше үлгіде бастау алғанын ұйымдастырушы ұстаздардың әрекетінен байқауға болады. Соның дәлелі бүгін факультеттегі белсенді студенттердің 30 аудиторияға барып, ұстаздарға тілек айтып, ұлттық аспап – домбыраның сүйемелдеуімен ән шырқап, өлең шумақтарын оқығаны болды. Алғыс айту күнінде өзгенің көңілінің көтеруілуіне себепші болған оқытушылар мен студенттер де факультет қызметкерлері мен ұстаздарының жылы тілектері мен алғыстың үстінде қалды.

         Бүгінгі басталған ең ізгі, ең игі үрдіс факультеттің дәстүрлі шарасына айналарына күмән жоқ. Бұл дегеніңіз – көптің алғысына бөлену мен айналаңыздағылардың езуіне күлкі сыйлау арқылы жақсылықтың нышанын насихаттау, кейінгілерге аманат ету. Сондықтан «Ел алғысын алсаң, елеулісі боларсың» деген мақалды жадымызда ұстайық!

 

Динара БОРАНБАЙ,

Баспагерлік-редакторлық және

дизайнерлік өнер кафедрасының

2 курс студенті