ЖҰМАБЕК КЕНЖАЛИН ОҚУЛАРЫ ӨТТІ

05.05.2021

Просмотров: 1834

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде белгілі ғалым, талантты БАҚ ұйымдастырушысы, жазушы-публицист, саяси ғылымдар кандидаты, ұлағатты ұстаз Жұмабек Омарұлы Кенжалинді еске алуға арналған І Кенжалин оқулары аясында «Қазақстан қоғамындағы ақпараттық үдерістер: БАҚ менеджменті мен маркетингі және PR» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

 

Аталмыш шараны ЮНЕСКО, халықаралық журналистика және қоғамдық медиа кафедрасы ұйымдастырды. Осы кафедраның доценті қызметін атқара жүріп, Ж.О. Кенжалин әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да 2010-2014 жылдар аралығында PR, БАҚ менеджменті мен маркетингіне байланысты бірнеше халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциялар ұйымдастырып, өткізді. Практик-ғалымның ҚазҰУ оқу-әдістемелік Кеңесінің шешімімен басылған «Саяси менеджмент және баспасөздің жұртшылықпен байланыс мәселелері» атты оқу құралы, ақпараттық менеджмент пен маркетинг салаларына байланысты зерттеу мақалалары бүгінде журналистика факультеті студенттерінің игілігіне қызмет етуде. Ж. Кенжалин атындағы «Баспасөз және жаңа медиа» оқу-шығармашылық зертханасы да болашақ мамандарды ұлағатты ұстаздың адалдығы мен кісілік болмысына сай тәрбиелеу мақсатында ашылды.

Конференцияның шымылдығын ашып, пленарлық мәжілісті жүргізген ҚазҰУ Әлеуметтік даму жөніндегі проректордың міндетін атқарушы Әлия Мәсәлімова бұқаралық ақпарат құралдарының еліміздің әлеуметтік-экономикалық, мәдени дамуындағы орасан зор рөліне тоқталып, Президенттің көптеген мәселеге қозғау салып, қалың ел тарапынан қолдау тапқан «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» атты Тұжырымдамасы журналистердің алдына зор міндеттер жүктеп отырғандығын, қазақ қаламгерлерінің қара шаңырағы - Қазақ ұлттық университеті де осы міндеттер үдесінен шығуды мақсат тұтатындығын айтты. Проректор өз сөзінде Журналистика факультетінен Дихан Әбілевтен бастап ұрпақтар сабақтастығы үзілмеген есімдері ел жадында жүрген   журналист, жазушы, ақын, ғалым мемлекет және қоғам қайраткерлері Қуаныш Сұлтанов, Сауытбек Абдрахманов, Мұхтар Құл-Мұхаммбет, Алтынбек Сәрсенбайұлы, Дархан Мыңбай сынды министрлер, Жабал Ерғалиев, Кәрібай Мұсырманов, Мейрамбек Төлепберген, Нұртөре Жүсіп, Жанарбек Әшімжан сынды депутаттар шыққандығын тілге тиек етті. Осындай айтулы түлектердің ішінде Жұмабек Омарұлы Кенжалиннің есімі ерекше ілтипатпен аталатындығын атай келіп: «Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің таңдаулы түлектерінің бірі, университетіміздің ұлағатты ұстазы болған саясаттанушы-ғалым, қазақ журналистикасында, егемен мемлекетіміздің әдеби-мәдени өмірінде өнегелі із қалдырған, ақпараттық менджмент сынды жаңа ғылыми бағыттың негізін қалап, шәкірт тәрбиелеген мұндай тұлғаны кейінгі жастарға өнеге ете отырып, болашақ мамандарды тәрбиелеу - біздің басты парызымыз», - деді.

Айтулы шараға жіберілген ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаевтің, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаеваның, ҚР Сыртқы істер министрлігі халықаралық ақпарат комитетінің төрағасы Асқар Абдрахмановтың құттықтау-лебіздерімен Журналистика факультетінің деканы Сағатбек Медеубек таныстырса, Польша – Қазақстан сауда өнеркәсіптік Палатасының Төрағасы Петр Гузовскийдің құттықтау хатын конференция қатысушыларына кафедра профессоры Жетпісбай Бекболатұлы оқып берді.

Жұмабек Омарұлы Кенжалиннің қысқа ғұмырында қалдырған мол мұрасы мен атқарған орасан істері туралы фильм көпшіліктің жанарына жас үйірілтті.

ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Сауытбек Абдрахманов: «Тамыры терең оқу орны әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті болар елдің баласына жарасатын мінез - асылдарды ардақтау дәстүрін берік ұстанып отырған университет. Осы шараның басында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ректоры Түймебаев Жансейіттің тұруы жас ұрпақты елге қызмет еткен тұлғаларды ұмытпауға тәрбиелеуінің көрінісі. Конференцияның өзі қара шаңырағымыздың қасиетін көрсетіп отыр деп арнайы қадап айтқымыз келеді», - деді. «Жұмабек Кенжалин бойы да, ойы да таза, өзі де, сөзі де сұлу, барлық жағынан ерекше азамат еді. Әр қыры бірте-бірте зерттеліп ашылуы керек, тарихи ізденістері де назардан тыс қалыс қалмауы тиіс», - деп Жұмабек Кенжалиннің тазалық, тәрбиелілік, кішілік, кісілік ұстанымдарына адал болу арқылы өз бойындағы қасиеттерін үлгі еткендігін баса айтты. Депутаттың: «Мектеп, колледжден бастап университеттерде тәрбие мен білімнің егіздігі қағидасы естен шығып бара жатыр. Ең алдымен адамдыққа, адалдыққа тәрбиелей жүріп, маман даярлау қажет», - деуі аса орынды. Депутат сөзін университет пен факультетке жүрекжарды алғысын білдіре отырып аяқтады.

ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Мейрамбек Төлепберген: «Жұмабек Кенжалин есімі қазақ баспасөзінің бас редакторлар мектебіндегі үздік өкілдердің бірі. Оның адалдығы мен тазалығы, мүлткісіз қызмет атқаруы студенттерге үлгі. Студент бола жүріп халық депутаттары Алматы қалалық Кеңесінің депутаттығына сайланды. Жасына қарамай төңірегіне шапағатын шашып, саналы ғұмыр кешті. Бойындағы қазақ интеллигенциясына тән қасиет кез келген нәрсені ақыл-ойға салып, парасатпен жеңуіне ықпал етті. Қазақ қоғамына көшбасшылық жолды көрсетіп, бәріне қамқор, ақылшы бола білді. Шоқтығы биік істер атқарып, жұлдызды редакторламен иық тірестірген азамат еді», - деді. М. Төлепберген өз сөзін: «Айтулы тұлғаларды құрметтеп, еңбегі мен есімін мәңгі есте қалдыру үшін ұлттық намысқа, ұлттық тәрбиеге бет бұрып отырған азаматтарға рахмет», - деп аяқтады. 

ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан Жұмабек Кенжалинмен шығармашылық сапарларда бірге болған сәттерде өзі куә болған азаматтық келбетін тілге тиек етті. «Интернет, әлеуметтік желі жоқ кезде ақпарат кеңістігінің көрігін қыздырған патриот қайраткер ағамыз қазақ журналистикасының классикалық үлгісін көрсетті. Дәстүрлі басылымдардың, тарихы терең журналдардың оқырманы азайған уақытта қолына алып күлдібадам дүниелерді жарияламай, материалдарының салмағын арттырып, қайта жандандырды. Білім алушылардың ғылыми жұмыстарын мұқият қарайтын үлкен мәдениет иесі еді», - дей келе, әкесінің өзіне артып кеткен ғылыми, журналистік, қайраткерлік жолындағы мұраларын түгендеп жүрген Жұмабек Кенжалиннің ұлы Дастан Кенжалинге алғыс айтты. Университеттің, факультеттің елге қызмет еткен тұлғаларды ұмытпай, дәріптеп, зертхана, аудиториялар ашып, студенттерге білім беріп жатқанына ризашылық білдірді. «Жұмабек Кенжалин тұлғасын тану қызметін бірге жасайық, айтулы тұлғаның қазақ қоғамының қайраткері, патриоты ретіндегі жаңа ғұмыры басталды. Жұмабек ағаның журналистикадағы сара жолы, мектебі, ілімі мен білімі бүгінгідей құндылықтар ауысқан, жаңа медиа келген кезеңде біраз уақытқа дейін бізге азық болады», - деді.

Қаламгер, «Тұлға» журналының» бас редакторы Марат Тоқашбаев сөзін Ж. Кенжалин шығармашылығына арналып, оны еске алуға байланысты халықаралық конференция ұйымдастырып отырған журналистика факультетіне алғыс білдіре отырып бастады. «Бұл шара ұлттық мәдениетіміз бен журналистикамыздың ақылдасатын алаңына айналады», - деген сенім білдірді. «Жүкеңнің бүкіл шығармашылық өмірі менің көз алдымда өтті. Адами қасиеттері арқылы аға тұттық, үлгі алуға тырыстық. 2018 жылы Жұмабек Омарұлының құрметіне және оны еске алу мақсатында жарық көрген «Серке сөздің сардары» кітабындағы ақтарылып жазылған пікірлер арқылы Жүкеңнің өзге де қырларын таныдым. Текті азамат деген сөз Жұмабек Кенжалинге арналып айтылған сияқты», - деді.

Осыдан кейін сөз алған профессор Өмірхан Әбдиманұлы, ақын, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі Жақып Бауыржан, профессор Темірхан Тебегенов, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директорының кеңесшісі Сайын Борбасов, қаламгер, белгілі сыншы Амангелді Кеңшілікұлы, Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің кафедра меңгерушісі Мәншүк Мұқашева, белгілі қаламгерлер Самат Ибраимов, Шархан Қазығұл, Ж. Кенжалин атындағы «Баспасөз және жаңа медиа» оқу-шығармашылық зертханасының жетекшісі Клара Қабылғазы Жұмабек Кенжалиннің өмірі мен шығармашылығы, қоғамдық қызметі туралы тебіреніске толы естеліктерімен бөлісті, адами болмысын, ел алдында жүрген көшбасшылық қасиетін, ерекше қабілетін, еңбекқорлығын, тектілігін, зиялы, адал, бекзат, азаматтық тұлғасын айқара ашты. Әр пікір тың ойлармен өрнектелді.

Жұмабек Кенжалин оқуларын ұйымдастырудағы басты мақсат –тәлім, таным сабақтастығын жалғастырып, белгілі ғалым, жазушы-публицистің сәулелі ғұмыры арқылы ұрпақ бойына үлгі-өнеге сіңіру, тарихи тұлға ретінде дәріптеу. Болашақта бұл шара дәстүрлі түрде жалғасын табады. Студенттер арасында Ж. Кенжалин шығармашылығына арналған байқау ұйымдастыру қарымды қаламгердің, зейінді зерттеушінің мұраларын ұмыттырмай, өскелең ұрпаққа кеңінен таныстыруды көздейді.    

 

Назгүл Шыңғысова

Филология ғылымдарының докторы,

Әл-Фараби ат. ҚазҰУ профессоры

ЮНЕСКО, халықаралық журналистика

және қоғамдық медиа кафедрасының меңгерушісі