Үздік оқытушылар мен қызметкерлер

Өсуді ынталандыру

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ 2010 жылдан бастап университет қызметінің барлық бағыттары бойынша теңдестірілген көрсеткіштер мен индикаторларға негізделген индикативтік жоспарлау және қызметті рейтингтік бағалау жүйесі енгізіліп, ойдағыдай жұмыс істеуде. Қызметкерлердің ынтасы мен жауапкершілігін арттыра отырып, рейтингтік жүйе бәсекелестік артықшылықтардың дамуына және әлемнің жетекші жоғары оқу орындары арасында университеттің көшбасшылық позициясына қол жеткізуге ықпал етеді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов ұжым алдында жаңа амбициалық мақсатты – әлемдік деңгейдегі зерттеу университеті болуды әрі ТОР-100 үздік ЖОО-ның жаһандық рейтингісіне кіруді атап өтті.

Әлемдік деңгейдегі университетке трансформациялау стратегиясына сәйкес ҚазҰУ қызметінің негізгі стратегиялық бағыттары: мамандарды даярлау сапасын арттыру; ғылыми-зерттеу және инновациялық қызметті дамыту және оның сапасын арттыру; тәрбие және әлеуметтік жұмыс; қаржы-шаруашылық қызметінің тиімділігін арттыру; халықаралық ынтымақтастықты дамыту және халықаралық танылымды арттыру болып табылады.

Бұл тұрғыда оқытушы-профессорлар құрамының (ОПҚ), кафедралардың, факультеттердің және жалпы университеттің қызметін индикативтік жоспарлау бөлімшелер жұмысын үйлестіру тиімділігін арттыруға және ЖОО қызметінің негізгі процестеріне әсер ететін сауатты шешімдерді тұжырымдауға ықпал ете отырып, ерекше маңызға ие болады.

ОПҚ, кафедралар, факультеттердің қызметін рейтингтік бағалаудың мақсаты ғылыми-педагогикалық, тәрбиелік, имидждік және басқа да қызмет біліктілігінің өсуін, кәсібилігін және өнімділігін ынталандыру болып табылады.

Әрбір оқу жылының басында индикативтік көрсеткіштердің жоспарлы мәндері айқындалады. Жылына екі рет – қаңтар мен маусымда - жоспар көрсеткіштеріне қол жеткізу мониторингі жүргізіледі. ОПҚ, кафедралар мен факультеттерді саралау әр жылдың соңында рейтингтік балл негізінде жүзеге асырылады. Әрбір санаттағы ең жоғары рейтинг иегерлеріне университеттің ғылыми кеңесі бекіткен мөлшерде лауазымдық айлық ақыларына үстемеақылар белгіленеді. Рейтинг нәтижелері ОПҚ, кафедра меңгерушілері лауазымдарына конкурстық іріктеу жүргізу және жеке еңбек шартын жасасу кезінде ескеріледі, «Универ» корпоративтік жүйесіне орналастырылады. Рейтингтегі көшбасшылыққа ие ОПҚ және бөлімше басшыларының тізімі университет сайтында жарияланады.

Рейтинг қорытындысы бойынша үздік оқытушылар мен қызметкерлер университет ректорының құрмет грамоталары, алғыс хаттары, ҚазҰУ белгілеген медальдармен, сондай-ақ ведомстволық және мемлекеттік наградалармен марапатталады.

Сонымен қатар, университет қызметкерлері үшін құрылымдық бөлімшенің басшысы жүзеге асыратын еңбекке қатысу коэффициентін белгілеу негізінде көтермелеу төлемі туралы ереже қолданылады.

Осылайша, рейтингтік жүйе тиімді кадр саясатын жүргізуге және ОПҚ уәждемесін арттыруға, жеке қабілеттері мен кәсіби дағдыларын анықтауға, барлық деңгейлерде жауапкершілікті арттыруға, ЖОО қызметкерлерінің құқықтық және әлеуметтік қорғалуына ықпал етеді.