Рамазанов Тілекқабыл Сабитұлы

Ғылыми-инновациялық жұмыс жөніндегі проректор,

физика-математика ғылымының докторы, профессор

Қабылдау тел.: +7 (727) 221-11-22, +7 (727) 377-31-89

Қабылдау күндері: Ср.,Жм. сағат 15.00-17.00 дейін

E-mail: Tlekkabul.Ramazanov@kaznu.kz

Рамазанов Т.С. 1961 жылдың 28 мамырында Атырау облысына қарасты Құрманғазы ауданының Ганюшкино ауылында туған. Физика-математика ғылымдарының докторы (1995 ж.), профессор (1996 ж.), ҚР ҰҒА мүше-корреспонденті (2012 ж.).

1983 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің физика факультетін «теориялық физика» мамандығы бойынша үздік бітірген. 1986 жылы «теориялық және математикалық физика» мамандығы бойынша аспирантураны тамамдаған. 1987 жылдан бастап физика факультетінің оптика және плазма физикасы кафедрасының инженері, ассистенті, аға оқытушысы, доценті, профессоры болып қызмет атқарған.

1998 - 2000 жылдарда - әл Фараби атындағы ҚазҰҮ-дің физика факультетінің деканы. 2000 – 2006 жылдар аралығында эксперименттік және теориялық физика ғылыми-зерттеу институтының директоры. 2006 – 2007 жылдарда – Қазақстан Республикасының білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитетінің төрағасы. 2007 – 2008 жылдар аралығында - әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғылыми ауқымды технологиялар және ғылыми нәтижелерді еңгізу жөніндегі проректоры. 2010 жылдың желтоқсан айынан бастап - әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғылыми-инновациалық жұмыстар жөніндегі проректоры.

1988 жылы «Тығыз плазманың жылу және электрофизикалық қасиеттерін сандық модельдеу» тақырыбына кандидаттық диссертация, ал 1995 жылы Мәскеу қаласындағы Ресей Ғылым Академиясының жоғары температуралар институтының Д002.53.01 арнайы кеңесінде «Идеал емес плазманың қасиеттерін псевдопотенциалдық модельдер негізінде теориялық зерттеу және компьютерлік модельдеу» тақырыбына докторлық диссертация қорғаған. Сонымен, Т.С.Рамазанов «плазма физикасы» мамандығы бойынша Казақстаннан шыққан тұңғыш ғылым докторы. 1996 жылы оған профессор ғылыми атағы берілді. 1992 жылдан қазіргі заманға дейін әл Фараби атындағы ҚазҰҮ-дің ЭТФҒЗИ зертханаларының меңгерушісі, ғылыми жетекшісі, плазма физикасы бөлімінің меңгерушісі.

Профессор Т.С.Рамазанов идеал емес плазма физикасы саласындағы әлемге белгілі ғалым. Ғылыми назарының шеңбері: идеал емес плазманың теориясы, плазманың қасиеттерін компьютерлік модельдеу және тәжірибелік зерттеу. Идеал емес классикалық және тығыз квазиклассикалық плазманың басқаларға ұқсамайтын псевдопотенциалдық модельдерін зерттеп жасап шығарған. Осы модельдер негізінде идеал емес плазманың физикалық қасиеттері бойынша іргелі және маңызды нәтижелер алынған. Изотермиялық емес тепе-теңдіксіз плазманы компьютерлік модельдеу әдісінің авторы. Профессор Т.С.Рамазановтың және оның шәкірттерімен бірге жасап шығарған идеал емес плазманың псевдопотенциалдық модельдерін АҚШ, Германия, Корея, Жапония сияқты елдердің алдыңғы қатарлы ғылыми орталықтарының ғалымдары плазманың іргелі қасиеттерін зерттеген кезде кеңінен қолдануда. 2001 жылдан бері профессор Т.С.Рамазановтың жетекшілігімен тозаңды плазманың және реттелген тозаңды плазмалық құрылымдардың қасиеттерін зерттейтін Қазақстанда жаңа ғылыми бағыт дамып келеді. Қазақстанда 2005 жылы алғашқы рет заттың бесінші күйі болып табылатын плазмалық кристаллды алған өзіне ғана тән екі тәжірибелік құрылғы жұмысын атқарады. Іргелі және қолданбалы мағыналары өте зор аталмыш зерттеулер Германия, Франция, Ресей сияқты мемлекеттердің алдыңғы қатарлы ғалымдарымен бірге жер бетінде, сонымен қатар Халықаралық ғарыш станциясында да атқарылады («Плазмалық кристалл» тәжірибесі).

Профессор Т.С. Рамазанов көптеген әлемдік ғылыми орталықтардың алдыңғы қатарлы ғалымдарымен тығыз шығармашылық қарым-қатынаста. Атап өтсе, олардың тізімінде Ресей ҒА-нің Жоғары температуралар институты (Мәскеу), Жалпы физика институты (Мәскеу), Курчатов атындағы атом энергиясының институты (Мәскеу), Росток университеті (Германия), Грайфсфальд университеті (Германия), Ерланген университеті (Германия), Калифорния университеті (АҚШ), Бостон университеті (АҚШ), Сан-Диего университеті (АҚШ), Йокохама және Осака университеттері (Жапония), Пьер және Марья Кюри университеті (Франция), Ханиянг университеті (Оңтүстік Корея), Атомдық және молекулалық физика институты (Минск), Ұлттық термоядролық орталық (Жапония) және т.б.

Профессор Т.С. Рамазанов 400-ден астам ғылыми еңбектердің авторы, олардың ішінде жартысына жуығы әйгілі әлемдік ғылыми журналдарда ағылшын тілінде басылған, АҚШ, Германия, Франция, Италия, Жапония, Португалия, Ресей елдерінде өткен беделді ғылыми конференцияларға қатысып, баяндамалар жасаған, оның жетекшілігімен 1 докторлық, 20 кандидаттық және 3 PhD диссертациялар қорғалған. Шетелдік ғалымдар көптеген сілтеме жасайтын қазақстандықтардың алдыңғы қатарындағы ғалым. Ол ғылымның дамуына сіңірген зор еңбегі үшін Мемлекетттік ғылыми стипендиясының екі мәрте иегері (2002 – 2006 жылдары), «Жоғарғы оқу орнының ең үздік оқытушысы» мемлекеттік грантының екі мәрте иегері (2006 ж., 2011 ж.). 

Профессор Т.С. Рамазанов Халықаралық ИНТАС ғылыми қорының, Европалық кеңестің жетінші бағдарламасының және «Physical Review» (АҚШ), «Physics Letters» (Голландия), «Physics of Plasmas» (АҚШ), «Journal of Plasma Physics» (Англия), «Contribution to Plasma Physics» (Германия), Physics of Plasmas (АҚШ), Journal of Plasma Physics (Англия), Journal of Applied Physics (Жапония), «Plasma Physics and Controlled Fusion» (Англия) сияқты әлемдік ғылыми журналдардың сарапшысы.  

«ҚазАтомӨнеркәсіп» Ұлттық компаниясының директорлар кеңесінің, «Ғылым қоры» АҚ-нің директорлар кеңесінің (2006-2007ж.), ҚР Мемлекеттік Ғарыш бағдарламасының Ғылыми-техникалық кеңесінің, «ҚазҰУ хабаршысы, физика сериясы» және «Ашық жүйелер эволюциясының проблемалары» ғылыми журналдардың бас редакторы. Плазма физикасы және технологиясы, термоядролық синтез және энергетикасы салалары бойынша өтетін алты Халықаралық ғылыми конференциялардың ұйымдастыру комитетінің мүшесі. Халықаралық ITER (Кадараш, Франция) термоядролық реакторды талдау және болжауының жұмысшы тобының мүшесі.

Германия, Франция, Жапония, Пакистан елдерінің алдыңғы қатарлы университеттері және институттарында білімін бірнеше дүркін жетілдіріп, стажировкада болған, Сорос (АҚШ), Макс-Планк (Германия), ДААД (Германия), NIFS (Жапония), DFG (Германия), ИНТАС ғылыми гранттарының иегері.

Еркін күрестен спорт шеберіне кандидат, хоккей және жүзуден спорттық дәрежелері бар.