"Ана тілі" газеті

17.05.2019

Көрулер: 1153

Құрметке лайық тұлға

«Ана тілі» газетінен тұғырлы тұлға А.Закарин туралы мақаланы оқып, ол кісі туралы өз пікірімді білдіруді жөн көрдім. 1963 жылы 28 шілдеде Кеңес әскерлерінің қатарында азаматтық борышымды адал орындап, Қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетіне оқуға түстім. 

1 қыркүйек 1963 жылы Киров пен Панфилов көшелерінің қиылысындағы бас корпустың 220-дәрісханасында аға оқы­тушы Ғ.Нұртазинадан «Ежелгі Шығыс елдері» тарихынан дәріс тыңдап, ертеңіне Шелек ауданына ауылшаруашылығы жұмысына аттандық. Бұл күн бүгінге дейін есімде сақталып келеді. 1965 жылға дейін тарих факуль­тетінде қазақ бөлімі қағаз жүзінде болып, дәрістер орыс тілінде жүріп, орыс бөлімі студенттерімен бірге оқыдық. Тарих факультетіне оқуға түскен студенттердің көбі әскерден келгендер болатын. Біз қазақ бөліміне түскенбіз.
Бір топ студенттер болып, С.М.Киров атындағы ҚазМУ ректоры А.Закаринге кіріп, қазақ бөлімін қайтадан ашуын өтіндік. Ректор жақсы қабылдап, өтінішімізді жоғары жаққа жеткізетінін айтты. Сөйтіп, 1965 жылы 14 маусымда, сол кездегі Орта және жоғары білім министрлігінің бұйрығымен 1965/66 оқу жылында тарих факультетінде қазақ бөлімін ашу туралы шешім қабылданды. Қазақ бөлімінде дәріс қазақ тілінде жүрді. Тарих факультетінде орыс және шет тілін тереңдетіп оқыту бөлімі ашылды.
Ректор Закарин студенттердің жан-жақты дамуына, әлем мәдени құн­ды­лықтарын игеруіне де көп көңіл бөлді. Нәтижесінде қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ еліміздегі алдыңғы және үздік университеттердің біріне айналды.
Оқу орнының әкімшілік және оқу ғимараттары, ғылыми зертханалар, студенттер жатақханалары мен студенттер сарайы, оқытушы-профессорлардың тұрғынжайы бір жерде орналасуының басында ректор А.Закарин тұрды. 1971 жылы Ө.Жолдасбеков әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің ректоры болып тағайындалды. Алматының Тимирязев көшесінде сәнді, ғажайып студенттер қалашығы бой көтерді.
Мақала авторының ойын қолдап әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің бас ғимаратындағы мәжіліс залына бірнеше рет жауапты мемлекеттік қызметтер атқарған ғалым-педагог, ҚазҰУ-ді екі дүркін басқарған профессор А.Закариннің есімі берілсе деген ұсынысты қолдаймын.

Серік Мәшімбаев,
әл-Фараби атындағы
ҚазҰУ профессоры