"Жас қазақ" газеті

22.02.2019

Көрулер: 1806

ЖАСТАРЫМЫЗ ҒАРЫШҚА ЖОЛ САЛДЫ

 

«Қазақстан 2020: болашаққа жол» Қазақстан Республикасы мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасы белгілі бір деңгейде ел игілігіне айналды. Жастар үшін жасалған тұжырымдамада атап өтілген қағидаларды іске асыруда еліміздің қыз-жігіттері ұдайы алда келеді. Әсіресе Жастар жылы олардан күтер үміт көп. Біз осы орайда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғылыми-инновациялық жұмыс жөніндегі проректоры, мемлекеттік сыйлықтыңиегері, академик, физика-математика ғылымдарының докторы Тілекқабыл Рамазановпен әңгімелескен едік.

Jas qazaq: Тілекқабыл Сәбитұлы, Мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасын орындауға жоғары оқу орындары да атсалысуда. Соның бірі – дәлелі ретінде университет студенттерінің ғарышты игеруге ден қоюы. Ғылымға ерекше құмартуға не себеп болды?

Т. Рамазанов : «Қазақстан 2020: болашаққа жол» Қазақстан Республикасы мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға дейінгі

тұжырымдамасы қабылданғаннан бастап, осы күнге дейін көз жеткізген бір нәрсеміз, жастардың белсенділігі жыл өткен сайын артуда. Бұл қуанарлық жағдай. Ойланған кісіге еліміздің болашағы – тәуелсіз елдің ұрпақтарына, олардың білім-білігі мен ізденістеріне тікелей байланысты. Осы орайда жастарға көптеген мүмкіндік жасалып, олардың ұдайы ізденісте болуына жол

ашылғанын ерекше атап өткеніміз жөн. Расы керек, аға буынға таңсық көрінген жаңашылдықтың барлығы бүгінгі қыз-жігіттер үшін

үйреншікті құбылыс. Мұның себебін, олардың дүниеге көзқарасы жақсы жаққа қарай ойысқанын, білім-ғылымға құштарлығының артуынан, жаңашылдыққа жақындығынан деп білемін. Талантты студенттер мыңдап саналады. Барлық жастарға Мемлекеттік

жастар саясатынан бастап, күні кешегі Елбасының Жастар жылының ашылу салтанатында сөйлеген сөзінің түпкі мәнін терең түсіндіріп отырамыз. Ендеше, Мағжан Жұмабаевтың «Арыстандай айбатты, Жолбарыстай қайратты, Қырандай күштi қанатты. Мен жастарға сенемiн!» деген өлең жолдары өмір жолын айқындай түскенінің дәлелі. Тұжырымдамада жастар арасында ғылымның мәртебесін арттыру және оларды инновациялық жобаларға тарту жастар саясатының негізгі бағыттарының біріне айналуы қажеттігі айтылған. Бір мысал келтірейін, 2009 жылы «Ғарыштық техника және технологиялар» мамандығы бойынша білім беріле бастады. 2013 жылы университетте төменгі орбиталық серіктердің телеметриясын алу үшін механика-математика факультетінде жердегі стансаны құрылды. Студенттер ғарыштық қызмет саласындағы ғылыми жобаларға кеңінен тартылды. «Қазақстандық алғашқы наносерікті жобалау, құрастыру әрі ұшыру» жобасы (ғылыми жетекшісі – ҰҒА академигі Ғ. Мұтанов) аясында 2017 жылдың 15 ақпанында механика-математика және физика-техникалық факультеттері студенттерінің күшімен әзірленген. «al-Farabi – 1» наносерігі ұшырылды, екінші «al-Farabi – 2» наносерігі ғарышқа 2018 жылдың 4 желтоқсанында аттанды. Үндістан мен АҚШ-тан қанат қаққан екі спутник қазір жер шарын айналып ұшып жүр. Бұл жаңалықпен бүкіл қазақ жастары мақтана алады. Елбасы Н.Назарбаев өнертапқыш студенттермен кездесіп, қуаныштарына ортақтасқанда да, олардың табысына ерекше мән берді. Әлемдегі озық университеттер мен институттардың мамандарымен бірлесіп даярлау бағдарламасы аясында «Ғарыштық техника және технологиялар» мамандығы бойынша магистратура мен докторантура ашылды. Нәтижесінде «Ғарыштық техника және технологиялар» мамандығы бойынша «Қазғарыш» кәсіпорындарымен, әлемнің жетекші университеттерімен ынтымақтастықты кеңейттік. Біз жастармен ұдайы бас қосып, алдымызда тұрған мәселелерді, жобаларды үнемі талқылаймыз. Студенттер арасынан дарынды жастарды іздейміз. Осының нәтижесінде 27 мыңдай студенттің 11 мыңын ғылымға тарттық. Жоғарыдағы тұжырымдамада атап көрсетілгендей, «Жастар – Отанға» бастамасы дәл осылай қолға алынған. Мұнымен ұштасатын бір мәселе – еліміздің іргелі кәсіпорындарында өндірістік тәжірибеден өтуге сұраныс көбейді. Бұл «Жастар практикасының» сәтті іске асқанын дәлелдейді. Көптеген аға буын өкілдерінен шәкірттеріміздің талантты екендігін естігенде, көңіліміз марқайып қалады.

Jas qazaq: Жастар аға буынның үмітін ақтауда дейсіз ғой. Мұның сыры неде?

Т. Рамазанов: Ең алдымен айтарым, барлық жеңісіміз бен табысымыз Мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасынан тарайтын бағдарламалар мен жобалардың дұрыс жасалуында. Жас буынның еркін өмір сүруіне, жан-жақты білім алуына, жүрек қалауымен еңбек етуіне мемлекет тарапынан қолайлы жағдай туғызылған. Айталық білім алуға, мамандық таңдауға, ғылыммен шұғылдануға, ашқан жаңалықтарын өндірісте қолданысқа ендіруге, кәсіпкерлікпен айналысуға мүмкіндік шексіз. Қыз-жігіттердің жоғары білім алып, өзін жан-жақты дамытуына еш кедергі жоқ. Мысалы, түлектеріміз студент кезде жинақтаған тәжірибелерін өмірде сынап та үлгеруде. Осылайша «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасына атсалысуда. Олардың алды жеке компанияларын ашып, нарықта өздерін көрсетіп үлгерді. Ал «Қолжетімді тұрғын үй – 2020» бағдарламасы аясында 156 отбасы Ақкент шағынауданынан баспана алды. Отбасылы жас ғалымдар жайлы жатақханаларға орналастырылған. «Жастардың кадрлық резервін» әзірлеуде жетекші орында екендігімізді мақтанышпен айта аламыз. Болашақта маман тапшылығын болдырмау мақсатында докторантура мен постдокторантураға ерекше көңіл бөлінуде. Ғылымдағы аға буынның сенімді ізбасарлары өсіп келеді. Бұған дау жоқ!

Jas qazaq: Қазір шетелдерде білімін жетілдіру немесе сырттан білікті ғалымдар шақыру университетте қаншалықты жолға қойылған?

Т. Рамазанов: Мемлекеттік жастар саясаты тұжырымдамасында білім мәселесі жеке қарастырылған. Бұл келешек иелеріне мамандық алуда адаспауына, болашақ қызмет орнына дайындықпен баруды міндеттейді. Бұл тұста білім алу гранттары жыл сайын көбейіп келе жатқанын атап өткен орынды. Одан бөлек, шетелдерде тәжірибеден өтуге ешбір кедергі де, шектеу де жоқ. Айталық, докторанттарымызға әлемнің 46 елінен жетекші тағайындалған. Былтыр 938 магистрант пен 192 докторант дүниежүзіне танымал жоғары оқу орындарында тәжірибеден өтті. 60 пайызы – Еуропа елдері. Жыл сайын он шақты студент талантты жас ғалымдарға берілетін стипендия иегерлері атанады. Тұңғыш Президент қоры, Тайбұрыл, Ш.Есенов атындағы және басқа да қорлардың атаулы стипендияларын алып келеді. ҚазҰУ-дың үздік жас ғалымдарына жылда миллион теңге сыйақы үлестіріледі. «Жүзден жүйрік озар жарысқанда» деген осы болар. Өткен жылы еліміздің тарихында ең бірінші болып, университетімізде постдокторантура («постдок») ашылды, бұл жобаға біз еліміздің және шетелдерде жүрген талантты жастарды тарттық. Докторантурадан кейін білім алатындардың өзі түрлі жобаларға қатысу арқылы табысқа жетуде. Мәселен, студенттердің ғылыми-инновациялық жобаларына жылына 320 миллион теңге бөлінсе, докторантурадан кейінгі білім алушылар (постдокторанттар) университетке 95 миллион теңге табыс түсірді. Сонымен қатар жас мамандарды, жас кәсіпкерлерді қолдау үшін әлеуметтік бағдарламалар қарастырылған. Осының барлығын студенттердің ғылыми үйірмелерінде, ғылыми қауымдастығында, бизнес инкубаторлары мен жас ғалымдар кеңесінде кеңінен талқылап, өмірге құштарлығын арттыру ниетінде құлақтарына құйып отырамыз.

Jas qazaq: Университетте шетелдік жастар да білім алады. Олардың еліміз туралы не ойлайтынын сараптап көрдіңіздер ме? Мемлекеттік жастар саясатының мәнін қаншалықты сезініп жүр?

Т.Рамазанов: Шетелден келген студенттер өздері білім алатын қара шаңырақтың қаншалықты биікке көтерілгенін сезіне алады. Әсіресе олар Елбасының саясатына дән риза. «Қазақстан 2020: болашаққа жол» Қазақстан Республикасы мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасымен және Мемлекет басшысының Жастар жылында сөйлеген сөзімен жіті таныс. Олар жергілікті жастармен бірге барлық жеңілдіктерді пайдалана алады. Әл-Фараби бабамыз атап өткен: «Тәрбиесіз берілген білім, адамзаттың қас жауы» деген ойдың негізінде студенттердің бойында білім мен тәрбие қатар ұштастырылуда. Сондықтан,

инновациялық-технологиялық платформамен қатар, «Университет 4.0» моделінің шеңберінде рухани-адамгершілік тәрбие беру ісі белсенді түрде дамуда. Университеттің жаңа корпоративтік идеологиясы мен серпінді әлеуметтік жобалары жаңа сапалы тәрбиенің тиімділігін қалыптастыруға бағытталған. ҚазҰУ-де «Саналы ұрпақ» жобасының кеңсесін, «Азаматтық бақылау» қоғамдық қабылдау бөлімін, сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми-зерттеу институтын біріктірген зерттеулер мен білім беру орталығы құрылды. Айта берсек, білім мен ғылымды ұштастырған жастар төңірегінде әңгіме көп. Ең бастысы, университет студенттері жақында ел жастарына үндеу жолдап, «Жастардың шығармашылығы мен күш-жігері – еліміздің инновациялық дамуы үшін» ұранымен жыл сайын байқауды өткізуді ұсынды. Бұл да Мемлекеттік жастар саясатын қолдауға бағытталған баянды бастама.

 

Сұхбаттасқан Жолдасбек ДУАНАБАЙ