"Ана тілі" республикалық газет

14.02.2019

Көрулер: 1023

Заманға лайықты өркенді өзгерістер

Қазақстанымыздағы үлкен оқу орны, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің іргетасы қаланып, өз алдына отау тіккеніне биыл 85 жыл толды. Енді университетіміздің өткен тарихына көз жүгіртсек. Алғашқы кезде екі факультет – физика-математика және биология факультеттеріне студенттер қабылдаудан басталды.

Ең алғашқы 54 студент 19 қаңтарда сабақ кестесі бойынша бірінші сабағына қатысты. Бірақ жаңа университеттің қалыптасуы қиын жағдайда өтті. Жұмыс барысында көптеген қиыншылықтарды бастан кешіруге тура келді. Биология факультетінде ол кезде 22 студент білім алып, ботаника және зоология кафедрасы ғана жұмыс істеді. Біздің факультетіміз «жасы» жағынан университетпен «құрдас» деуге болады. Оқу жүйесі басталуының алғашқы жылдары оқытушы-профессорлар құрамы қалыптаса бастады. Солардың ішінен мына ұстаздардың есімін атап өткенді жөн көрдім. Олар: А.Н.Бартенев, Б.А.Домбровский, Н.В.Павлов, Т.Б.Дарқанбаев, Н.З.Хусайнова, М.Ф.Авазбакиева, Г.З.Бияшев, А.Л.Полосухин,Т.М.Масенов, В.М.Фурсов, М.Х.Шигаева, Н.Л.Удольская, И.О.Байтулин В.С.Корнилова, т.б. Университетіміздің қалыптасуы және өркендеп-өсуі жолында аянбай еңбек еткен басшыларды еске алып, атап өткім келді. Егер университеттің дамуын, қалыптасуын кезең-кезеңге бөліп қарастыратын болсақ, алғашқы жылдары, яғни 1943-1946 жылдары университетте оқу ісінің проректорлығы, содан кейін 1955-1961 жылдары ректоры болған академик Темірбай Байбосынұлы Дарқанбаев. Осы кісінің бастамасымен 1958 жылы университеттің жаңа оқу ғимаратының жобасы бекітіліп, қала ішінен құрылыс орнын беру жайлы үкіметтің қаулысы қабылданды. Алайда ректор ғимараттарды қаладан тыс – Қарғалы деген жерден салуға келісім бермеген көрінеді. Сол жоба 13 жыл бойы тоқталып, тек 1971 жылы академик Өмірбек Арысланұлы Жолдасбековтың ректорлық қызметке келген күнінен бастап қолға алынды.

Қазіргі таңда 90 гектар жерге орналасқан «КазГУград» деген қалашыққа айналуына 15 жылдай уақыт кетті (1971-1986). Келесі есте қаларлық кезең ол – еліміз егемендік алған алғашқы 1991 жылдар. Сол жылдары университет басқарған академик Көпжасар Нәрібайұлы Нәрібаевтың іскерлігін, атқарған еңбегін мынандай дәлелдерді келтіріп айтуға болады. Сол кезде оқу орындарына бөлінген қаржының тапшылығы барлық ЖОО айтарлықтай әсерін тигізді. Соның салдарынан оқу ғимараттары, жатақханалар сатылып немесе ұзақ жылға жалға беріле бастады, нәтижесінде студенттердің, қызметкерлердің арасында қобалжу орын алды. Ал біздің ректорымыз университет меншігіндегі оқу ғимараттарын, жатақханаларды, биология факультетінің 33 гектарға жуық оқу-тәжірибе учаскесін, Ыстықкөл жағалауындағы студенттер мен мұғалімдердің демалыс лагеріне дейін қызғыштай қорғап, әртүрлі қыспақтарға қарсы тұра білді. Осының өзі ҚазҰУ қалашығының одан әрі көркеюіне, университет ұжымының табысты еңбек етіп, дамуына, университетке келіп, білім аламын деген талапкерлердің қызығушылығын туғызуға ықпал етті. Әлі есімде, сол кезде университет қызметкерлерін тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі де күрт тоқталған болатын. Сонда да болса Көпжасар Нәрібайұлы 20-ға жуық оқытушыларға, оның ішінде 15-20 жыл бойы кезекте тұрғандардың үй алуына қамқорлық жасады. Әрине, өмір бір орында тұрмайды, дамиды, сонымен бірге қоғам да, ғылым да, әлеуметтік-экономикалық жағдай да өзгерді. Қазіргі оқу жүйесінде бұрынғы кезеңдермен салыстырғанда сүйсінерлік өзгерістер,

жетістіктер бар. Осы бағыттағы университеттің алдына қойған мақсаты – білім беру, ғылым мен инновацияның тиімді ықпалдастығы негізінде, еліміздің даму стратегиясына сай кадрлар даярлау. Осыған орай, университетімізде инновациялық білім беру үдерісі жанданып, басқарудың бірыңғай жүйесі қолға алынуда.

Академиялық ұтқырлық бойынша шет елдің үздік университеттерімен бірігіп, қос дипломдық білім беру тәжірибе жүзінде іске асырылып жатыр. Осы айтылған іс-шаралардың іске асуы, оқу ордасының беделі артуы жолында ректорымыз академик Ғалымқайыр Мұтанұлы Мұтанов барлық күш-жігерін салуда. Біздің университет

жаһандық білім-ғылым беру рейтингі бойынша 220-орынға көтеріліп, әлемдегі экологиялық үздік 200 ЖОО қатарына ендік. Университет ғалымдары ғарыш технологияларының кластерін қалыптастыруда. Міне, осындай жетістіктер өздігінен келіп жатқан жоқ, ол біздің ұстаздар мен ғалымдарымыздың және университет

басқарушы менеджерлерінің ерен еңбегі деп білеміз.

Н.ТОРМАНОВ,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

биология және биотехнология факультеті

кафедрасының профессоры