«Өнегелі өмір» университет сериясымен шыққан "Нұрсұлтан Назарбаев" атты кітап жарық көрді

08.07.2015

Көрулер: 3365

«Қазақ университеті» баспасы Қазақстан Республикасының Президенті – Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа арналған кітапты жарыққа шығарды. Бұл басылым соңғы жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті шығарып келе жатқан белгілі «Өнегелі өмір» атты кітаптар сериясының арнайы шығарылымы болып табылады.

Кітап – Президент өмірі мен қызметінің автобиографиялық материалдары, оның балалық және жасөспірім шағының естеліктері көрініс тапқан құнды басылым. «Өзін-өзі сақтай білген халық – талантты халық» деп аталатын бөлімде Президенттің тарихи-танымдық және рухани-мәдени құндылыққа ие шығармалары, Мемлекет басшысының дәрістері мен жастар форумдарында сөйлеген сөздері, тәуелсіздіктің қалыптасуы мен жас ұрпақтың болашағы туралы ойлары топтастырылған.

Белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, атақты отандық және шетелдік ғалымдардың, Елбасы замандастарының әлемдік деңгейдегі саясаткер және стратег ретіндегі ол туралы жарияланымдары шығарылымның бай материалдары қатарын толықтыра түскен. Кітапқа құнды мәліметтер, қызықты архив құжаттары мен әр жылдардағы суреттер енгізілген.

Басылым барша оқырман қауымға, әсіресе, Президент Н.Ә.Назарбаевтың өмірлік жолын үлгі етер жастарға арналған.

Баспасөз қызметі