ҚазҰУ-да IGIP аккредиттелген орталығы ашылды

23.02.2015

Көрулер: 2430

ҚазҰУ-да Орталық Азиядағы инженерлік педагогика бойынша халықаралық қоғамның (IGIP) аккредиттік орталығы ашылды. Бұл орталық халықаралық мониторингтік комитеттің ұсынысы мен IGIP президентінің шешімі бойынша ашылды.

ҚазҰУ жанынан IGIP орталығының ашылуы бүгінгі таңда өте өзекті, себебі Елбасы Н. Назарбаев еліміздің үдемелі инновациялық-индустриялды дамуының мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру үшін жоғары білікті маман даярлау туралы стратегиялық маңызды міндетін жүктеп отыр.

Орталықтың жұмысы инженерлік және ғылыми жаратылыстану мамандығы оқытушыларының біліктілігін арттыруға бағытталған. Оқу курсын табысты тамамдаған оқытушыға «ING-PAED» IGIP – «Инженерлік мамандықтардың халықаралық деңгейдегі оқытушысы» деген атақ беріледі.

ҚазҰУ жанындағы IGIP аккредиттелген орталығының артықшылығы оқытушыға берілген атақпен бірге ол «ING-PAED» IGIP халықаралық регистріне тіркеледі. Бұл оқытушының халықаралық сертификациясы және жоғары халықаралық талаптарға сай оның құзыреттілігінің кепілдігі болып табылады. Регистрге енгізілуі оның бәсекеге қабілеттілігін және жаһандық ғылыми-білім беру кеңістігіндегі беделін арттырады, «элиталы маманға» ел ішінде және шетелде де еркін кәсіби қызмет етуге мүмкіндік береді. Одан өзге болашақ жұмыс берушілер IGIP орталығы арқылы регистрге енген оқытушының білімі, кәсіби деңгейі мен тәжірибесі туралы ақпарат ала алады.

IGIP – ЖОО оқытушыларының кәсіби біліктілігін арттыратын және халықаралық сертификат беретін халықаралық қоғамдық-кәсіби ұйым. Негізі 1972 жылы қаланған бұл ұйым 70-тен аса әлем елдерінің инженерлік ЖОО-лары ғылыми-педагогикалық жұртшылығын біріктірген жоғары техникалық білім беру саласындағы халықаралық беделді ұйымдардың бірі болып табылады.

ҚазҰУ Баспасөз қызметі