Заң ғылымының ардагері – Сұлтан Сартаев 85 жаста

19.10.2012

Көрулер: 4218

19 қазан Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қазақстанға әйгілі ғалым-заңгер, ҚР ғылымына еңбегі сіңген қайраткері, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, ҚР Жоғарғы мектеп академиясының академигі, заң ғылымдарының докторы, профессор Сартаев Сұлтан Сартайұлының 85 жылдық мерейтойына және ғылыми-педагогикалық қызметіне 64 жыл толуына арналған «Академик С.С. Сартаев – ұстаз, ғалым, азамат» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция басталды.

Конференцияны ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов өз құттықтау сөзімен ашып, университеттің құрметті профессоры, академик Сұлтан Сартаев туралы «Өнегелі өмір» сериясымен жарық көргенін кітапты таныстырды. Сонымен қатар заңгер-ғалымның мерейтойына арнайы келіп түскен ҚР Мемлекеттік хатшысы М. Құл-Мұхаммедтің, ҚР Жоғары Сотының төрағасы Б. Бекназаровтың және ҚР Конституциялық кеңесінің төрағасы И. Рогов, ШҚО әкімі Б. Сапарбаев атынан және т.б. құттықтау хаттарымен таныстырды.

Конференцияға Қазақстан Республикасы ҰҒА Академигі М. Жұрынов, ҚР ҰҒА Академигі М. Баймаханов, шет мемлекеттерден Каталано Пьеранджелло (Ла Сапиенса университетінің профессоры, Рим, Италия), Татьяна Алексеева (Санкт-Петербург гуманитарлы университеті заң факультетінің деканы, профессор, Ресей Федерациясы), Кардилли (Италия) және заң саласының ғалымдары, ғылыми-зерттеу институттарының мамандары, мемлекеттік органдардың, түрлі саяси партиялардың және қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, ҚазҰУ-дың оқытушылары, РһD докторанттары, магистранттары қатысты. Сұлтан Сартаев «Мен осы күнге бірден келгенім жоқ. Жастық шақ, жігіттік шақ өтті, кейін диссертация жазған кез. Маған ата-анам таза бол, абыройлы бол, сені мақтан тұтайық дейтін. Адам қанша ғұмыр жасаса да, көп емес. Бүгінгі ұрпаққа айтар тілегім, көбірек кітап оқыңдар деймін, сендер адам тағдырын шешетін тұлға боласыңдар. Білім деңгейлерің жоғары болуы керек деп айтамын», - дейді академик.

Конференцияның өту барысында егеменді және тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуына негіз болған көрнекті ғалымның еңбектері талқыланып, академик С.С.Сартаевтың ҚР Президент лауазымын тағайындаудағы, маңызды саяси-құқықтық құжаттарды: «Қазақ КСРО-ның мемлекеттік егемендігі туралы» декларациясын; «Мемлекеттің тәуелсіздігі туралы» ҚР Конституциялық заңын; «Тіл туралы», «Азаматтық туралы» заңдарын; Қазақстан Республикасының 1993 жылғы Конституциясын, Қазақстан Республикасының 1995 жылғы Конституциясын даярлаудағы ғылыми-құқықтық көзқарастарының мәні мен рөлі туралы ғалымдар баяндама жасау барысында кеңінен тоқталып өтті.

«Шәкірті ретінде айтарым, ұстазға қарап бой түзедік. Қазір шәкірттері Қазақстанның әр қаласында қызмет етуде. С.Сартаев қоғамға, Қазақстанға көп еңбек сіңірген ғалым. Соның арқасында бүгін барша қазақ халқы мерейтойын тойлап отыр. Әсіресе, Қазақстанның Тәуелсіздік алған жылдары жасаған еңбегі зор. Біз ұстазымызды пір тұтамыз» , - деп Есіл Шәріпбайұлы шәкірттік лебізін білдірді.

Конференцияға қатысушылар академик С.С.Сартаевтың шығармашылық жолының қалыптасуындағы ғылыми көзқарастарын ұғыну, Қазақстанның жоғарғы заң ғылымын ұйымдастыруда, қалыптастыруда және дамуындағы ғылыми-педагогикалық және еңбек жолының рөлі мен маңызын анықтау, С.Сартаевтың еңбектеріндегі КСРО-ның ыдырау үрдісіне берген саяси-құқықтық бағасын талдау, егеменді және тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуына негіз болған академик С.С.Сартаев еңбектерінің ғылыми маңызды жақтарын ашу, академик С.С.Сартаевтың еңбектеріндегі қазіргі студент жастардың патриоттық және өнегелік санасы мен тәрбиесінің қалыптасуына саяси-құқықтық көзқарастарының әсер етуін анықтау және т.с.с мәселелер талқыланды. Арнайы конференцияға құттықтап келген ҰҒА Академигі М. Жұрынов «Бүгін қазақ ғылымы үшін үлкен мереке, С. Сартаев тек ғылыми жұмыспен емес, қоғам қайраткері ретінде де танымал, ақындығы бар ғалым» екендігін атап өтті.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі