«Денсаулық» спартакиадасының жүлдегерлері марапатталды

25.01.2023

Көрулер: 2308

 

Жуырда ҚазҰУ-дың спорткешенінде «Парасат» кәсіподағы мен спорт клубы бірлесе ұйымдастырған университет қызметкерлері мен оқытушы-профессорлар құрамы арасындағы дәстүрлі «Денсаулық» спартакиадасы 49-шы рет өтті.

Спартакиадаға 20 командаға біріктірілген 671 адам қатысты. Спорттық додада факультеттермен қатар, Ақпарат және коммуникациялар департаменті, Жағдаяттық басқару орталығы, Ғылыми кітапхана және Әскери кафедраның қызметкерлері белсенділік танытты.

Оқытушылар мен қызметкерлер волейбол (ерлер, әйелдер), шағын футбол, тоғызқұмалақ, бадминтон, үстел теннисі сынды алты спорт түрінен сайысқа түсті.

Спартакиада қорытындысы бойынша жүлделі орындарды иеленген командалар арнайы дипломдармен және кубокпен марапатталып, спорт түрлері бойынша жеңімпаздарға «Парасат» кәсіподағының грамоталары табысталды. 


Үшінші командалық орынды халықаралық қатынастар факультеті (декан – Д.Жекенов, профорг – Г.Пернеева ) иеленсе, екінші орын механика-математика факультетінің (декан – Ө.Әбдібеков, профорг – Ж.Байтүленов) командасына бұйырды. Заң факультеті (декан – Д.Байделдинов, профорг – Л.Нүсіпова) спартакиаданың жеңімпазы атанды.

Сондай-ақ 49-шы «Денсаулық» спартакиадасына белсенді қатысқаны үшін Ақпарат және коммуникациялар департаменті ҚазҰУ қызметкерлері «Парасат» кәсіподағының төрағасы Талғат Мекебаевтың алғыс хатымен марапатталды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі