Жаңашылдыққа жақын жан еді...

01.12.2022

Көрулер: 2669

Заң ғылымының докторы, профессор Гүлнара Усеинова ғалым, ұлағатты ұстаз және білікті басшы еді. Небары 56 жасында одан көз жазып қаламыз деп ойлаған жоқпыз.

Гүлнара Рахымжанқызының бүкіл өмір жолы еліміздің жетекші жоғары оқу орны – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетімен байланысты. Кафедрада алғаш еңбек жолын оқытушылықтан бастап, профессорлық деңгейге дейін жеткенін ерекше атап өтуге болады. Профессор Г.Усеинованың басшылығымен көптеген заң ғылымының магистрлері мен PhD докторлары даярланып шықты.

2011 жылы жалпы университет құрылымдарын қайта құрудың нәтижесінде заң факультетінің негізгі екі кафедрасы – Мемлекет және құқық теориясы мен тарихы және Конституциялық және әкімшілік құқық кафедраларын біріктіріп, кафедра меңгерушісі болып Гүлнара Рахымжанқызы тағайындалды. Осы жылдары кафедра әрқашан университеттің алғашқы қатарларынан орын алды.

9 желтоқсан – Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күні. Осы күн біздің кафедра үшін ерекше болып есептелетін. Бүгінгі таңда осы күн біз үшін профессор Г.Усеинованың есімімен байланысты болып қалды. Себебі Гүлнара Рахымжанқызы қоғамдық жұмыстарды белсенді жүргізді. 2017 жылдан 2021 жылға дейін Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің әлеуметтік тапсырысы бойынша «Азаматтық бақылау» қоғамдық қабылдау жобасының үйлестірушісі, «Sanaly urpaq» республикалық жобалық кеңсесінің үйлестірушісі, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы технологиялар ҒЗИ ғылыми кеңесшісі болды.

2019 жылы кафедра меңгерушісі Гүлнара Рахымжанқызының бастамасымен Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен және «Sanaly urpaq» республикалық жобалау кеңсесімен бірлесіп, алғаш рет Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарының студенттері арасында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың құқықтық негіздері» пәні бойынша республикалық оn-line олимпиадасы өтті. Олимпиада оn-line болған соң, оған шетелдік жоғары оқу орындарының студенттеріне де қатысуға мүмкіндік туды. Олимпиада алғаш рет Қазақ ұлттық университеті заң факультетінің Мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасында өткізілді. Содан бері республикалық оn-line олимпиада жыл сайын желтоқсан айының 3-11 жұлдызы аралығында Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күніне арналды. Гүлнара Рахымжанқызының заңгерлерді даярлаудағы сүбелі еңбегінің бірі осы оn-line олимпиада деуге болады. Себебі заң саласындағы республикалық деңгейдегі алғашқы оn-line олимпиада өткізу тікелей профессор Г.Усеинованың идеясы еді. Ғалым осы идеяны жүзеге асырып, бүгінгі таңда оn-line олимпиада дәстүрлі түрде факультетте өз жалғасын тауып келеді. Осылайша ол білім беру саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ісіне елеулі үлесін қосты.  

Гүлнара Рахымжанқызы кɵркем мiнезді, еңбекқор, ұстаз бен ғалымға тəн iзденiмпаз, iзгiлiк, адамгершiлiк, сыпайылық үлгiсi болды. Көптеген шəкiрттер тəрбиеледі. Білікті басшы болумен қатар, әрқайсымызға көмектесіп, қол ұшын созып, қайырымдылықты басты ұстанымының бiрiне айналдырды.

Бүгінгі таңда оның ортамыздан кеткені бәріміз үшін орны толмас өкініш, қайғы болып қалды. Дегенмен жазмыштан озмыш жоқ. Гүлнара Рахымжанқызының күлімдеген жарқын бейнесі әрқашан жадымызда сақталады.

 

Динара ТҰРСЫНҚҰЛОВА,  

заң ғылымының кандидаты