ҚазҰУ-да қосдипломды білім берудің болашағы талқыланды

24.11.2022

Көрулер: 2000

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Ғылыми кеңесінде студенттерге білім беру бағдарламалары мен әлеуметтік көмектің жүзеге асырылу барысы талқыланды.

Ғылыми кеңес отырысын Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев ашып, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің қатысуымен ҚР ҰҒА жанындағы «Ғылым ордасында» өткен отырыстың маңыздылығына тоқталды.

«Министрдің баяндамасында Мемлекет басшысының отандық ғылымның алдына қойған міндеттер туралы толық ақпарат берілген. Министрлік сайтынан, ақпарат құралдарынан алып, танысуларыңызға болады», – дей келе, ректор зерттеу университеті мәртебесіндегі ҚазҰУ осы стратегиялық маңызды мақсаттарды іске асыруға өзінің елеулі үлесін қосуы тиіс деп ойлаймын», – деп атап өтті.

Жиында бірлескен білім беру және қосдипломдық бағдарламаны іске асырудың өзекті мәселелері туралы ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Фатима Жақыпова баяндама жасады. Білім беру бағдарламаларын іске асыру – «Бірлескен білім беру бағдарламалары мен қосдипломды білім беру бағдарламаларын (ҚДББ) іске асыру жөніндегі басшылықты» (2017 ж.) және «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ» КеАҚ Білім беру бағдарламаларын жаңғырту тұжырымдамасы» (2021 ж.), сондай-ақ нормативтік құжаттар негізінде қарастырылған.

Спикерлер факультеттер бойынша статистика ұсынды. Бұл рейтингте 62 білім беру бағдарламаcын (ББ) жүзеге асырып отырған философия және саясаттану факультеті алдыңғы орында. Екінші орында – физика-техникалық (60), үшінші орында – география және табиғатты пайдалану факультеттері (55) көш бастап тұр. Жалпы, ҚазҰУ-да қазіргі уақытта 513 ББ бойынша студенттер біліп алуда, ал қосдипломды ББ бойынша 68 және бес бірлескен білім беру бағдарламасы (БББ) жүзеге асырылуда.

Университет қазіргі уақытта қосдипломды және бірлескен білім беру бағыттары бойынша М.В.Ломоносов (Ресей) атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті, Ла-Сапиенза университеті (Италия), Санкт-Петербург университеті (Ресей), Ресей халықтар достығы университеті, МИФИ Ұлттық ядролық зерттеу университеті сияқты шетелдік жоғары оқу орындарымен ынтымақтасып, қосдипломды және бірлескен білім беру бағдарламаларын жаңарту бойынша жұмыстар жүргізуде.

Бұл жұмыстың тиімділігін арттыру мақсатында Ғылыми кеңесте келесідей шешімдер қабылданды: әріптес жоғары оқу орындарымен қосдипломды білім беру және бірлескен білім беру бағдарламалары (БББ) бойынша оқу жоспарларын жаңарту бойынша уағдаласу, 2023-2024 жж. талапкерлерді қабылдау үшін ҚР Ғылым және жоғары білім беру министрлігі мен Жоғары білім және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру тізіліміне жаңа ББ енгізуді қамтамасыз ету сияқты бірқатар тапсырмалар берілді.

Бұдан әрі 2021-2022 жылдары университет студенттеріне әлеуметтік көмек туралы есепті жастармен жұмыс департаментінің директоры Жұлдыз Есімова ұсынды. Қосымша баяндамашы ретінде Думан Жекенов сөз алды. Университет халықтың әлеуметтік осал топтағы студенттеріне тұрақты негізде қолдау көрсетеді және оқудың төлемдері бойынша 10-25 пайыз жеңілдіктер жасайды, сондай-ақ сауықтыру лагерьлері мен пансионаттарға жеңілдікпен жолдамалар беріледі. Осы санаттағы білім алушылар оқу курстарына, үйірмелер мен секцияларға тегін барып, түрлі жобалар мен ғылыми конференцияларға қатысады. Оларға медициналық және психологиялық көмек көрсетіледі. Жоғарыда аталған барлық әлеуметтік шаралар мен әлеуметтік жағынан көмекке зәру студенттер үшін ҚазҰУ басшылығы тарапынан 1 млрд теңге бөлінген.

Баяндамашы өз сөзінің соңында әлеуметтік жұмысты жандандыруға бағытталған бірқатар шараларды ұсынды. Атап айтқанда: факультетте оқитын студенттерге (жетім балаларға, мүгедектерге) кафедра тарапынан біржолғы шәкіртақы тағайындау түрінде әлеуметтік көмек көрсету, жатақханамен қамтамасыз ету, медициналық флюорографиялық сараптамадан уақтылы өтуін бақылауда ұстап отыруына назар аудартты.

Ғылыми кеңес барысында сондай-ақ университет ғалымдарының монографиясын жариялау және ғылыми атақтар беру туралы ұсыныстар талқыланды.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі