ҚазҰУ «Dauletten» қайырымдылық қорымен меморандумға қол қойды

23.11.2022

Көрулер: 1993

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев «Dauletten» қайырымдылық қорының президенті Жасұлан Қуандықпен кездесті. Жүздесу барысында ҚазҰУ мен «Dauletten» қайырымдылық қоры арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Меморандум аясында білім алушы жастарды оқу, білім, ғылым, өнер, мәдениет, ағартушылық, әлеуметтік салаларда екіжақты қолдау бойынша серіктестік жүйесін тиімді дамыту шаралары көзделген.

Алдағы уақытта «Dauletten» қайырымдылық қоры әлеуметтік осал топтан шыққан студенттерге арнайы стипендиялар, гранттар мен сыйақылар тағайындау арқылы қаржылық қолдау білдіріп, материалдық көмек көрсетпек. Сонымен қатар қайырымдылық шараларын өткізіп, жас мамандарды жұмыспен қамту мәселесіне де қолдау білдірмек.

Кездесуде университет басшысы Жансейіт Түймебаев ҚазҰУ-дың жетістіктері мен алдағы жоспарлары туралы баяндап, бүгінгі келісім жаңа мүмкіндіктер мен ынтымақтастықты арттыруға серпін беретінін атап өтті.

Өз кезегінде «Dauletten» қайырымдылық қорының президенті Жасұлан Қуандық жылы қабылдағаны үшін ҚазҰУ басшылығына ризашылығын білдіріп, қайырымдылық қорының атқарған жұмыстары мен алдағы жоспарлары туралы ақпарат берді.

«Dauletten» қайырымдылық қоры блогер, қоғам белсендісі, экономист Дәулет Төлеутайұлының бастамасымен құрылып, 2020 жылы 14 мамыр күні ресми түрде ҚР Әділет министрлігінде тіркелген. Қор жұмысының басты мақсаты – әлеуметтік санаттағы мұқтаж жандарға көмек пен білімді жастарға қолдау көрсету. Алдағы уақытта әлеуметтік осал топтан шыққан 200 студентке 100 мың теңгеден арнайы стипендия тағайындау жоспарда бар. Бұл ҚазҰУ студенттері үшін үлкен мүмкіндік болмақ», – деді қайырымдылық қор президенті.

Кездесу соңында Жасұлан Қуандық ҚазҰУ-дың үздік студенті, журналистика факультетінде оқитын Жантолы Тлеумбектің бір жылдық оқу ақысын төлеу үшін 1 миллион теңгенің сертификатын табыс етті.

Екіжақты меморандум аясында алдағы уақытта «Dauletten» қайырымдылық қорымен Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Ақпарат және коммуникациялар департаменті бірлесіп жұмыс істейтін болады.

Айта кетейік, «Dauletten» қайырымдылық қорының көмегімен еліміз бойынша әлеуметтік жағдайы төмен 54 отбасы баспаналы болды. Соның нәтижесінде 372 адам өз шаңырағында қоныс тойын тойлады. Бүгінге дейін жалпы сомасы 600 миллион теңгеден астам қаражат жиналып, қайырымдылыққа жұмсалған.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі