«Elsevier» баспасында ҚазҰУ ғалымдарының үлесі артады

22.11.2022

Көрулер: 1727

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев «Elsevier» баспасының вице-президенті Марат Фатхуллинмен кездесті.

Еске сала кетейік, «Elsevier» баспасы – ғылыми қызмет  саласында беделді, жоғары атаққа ие ғалымдар дайындаған электрондық басылымдар, энциклопедиялар, монографиялар және ғылыми журналдардан тұратын әлемдегі ең ірі ғылыми әдебиеттердің баспасы. Баспа үйінің негізі 1880 жылы Амстердамда (Нидерланды) қаланып, бүгінде Ұлыбритания, АҚШ, Бразилия, Түркия және Орталық Азия елдерінде филиалдары жұмыс істейді.

Құрметті мейманды ыстық ықыласпен қарсы алған білім ордасының басшысы Жансейіт Түймебаев ҚазҰУ-дың жетістіктері мен алдағы жоспарлары туралы баяндады. Сондай-ақ өз сөзінде ректор жоғары білім мен ғылымның дамуына септігін тигізетін әріптестікті одан әрі ілгерілетуге дайын екенін жеткізді.

«Өз қызметін ғылым мен инновацияға негіздеген ҚазҰУ биыл QS халықаралық рейтингінде әлемнің үздік университеттері арасында 150-орынға көтерілді. Біздің университет өзінің ғылыми және білім беру қызметін табысты жалғастыруда. Тек ұлттық ауқымда ғана емес, сонымен қатар халықаралық деңгейде зияткерлік әлеуетін көрсетуде. Университет ғалымдары отандық ғылымды дамытуда өз үлестерін қосуда. Білім ордамызда 100-ден астам инновациялық жоба дайындалды. Сонымен қатар ҚазҰУ-да Samsung, Hewlett-Packard, Cisco, Коnіса Minolta, Fujitsu, Alcatel, Microsoft, «Касперский зертханасы», Huawei және т.б. жоғары технологиялық компаниялардың сертификаттау орталықтары, институттары мен академиялары табысты жұмыс істейді», – деді Жансейіт Түймебаев.

Өз кезегінде «Elsevier» баспасының вице-президенті Марат Фатхуллин жылы қабылдағаны үшін университет басшылығына ризашылығын жеткізді.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар университет ғалымдарының ғылыми ізденіс нәтижелері мен ғылыми мақалаларын әлемнің белді басылымдарында жариялау мүмкіндіктерін арттыруға қатысты әріптестік байланысты жандандыруға уағдаласты.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі