Маматха ХАНУМАППА, PһD докторы: ҚазҰУ-да үлкен тәжірибе жинадым

18.08.2022

Көрулер: 1959

Маматха Ханумаппа – Вашингтондағы Колумбия округі (UDC) университетінің PһD докторы, ғалым. Ол аталмыш оқу ордасы колледжінің этникалық дақылдар жобасының бас маманы. Доктор Маматха Ханумаппа 2021-22 оқу жылында Қазақстанға арналған беделді Фулбрайт АҚШ стипендиаты сыйлығының иегері атанды.

 

Доктор Ханумаппа агро­экология және климаттың өзгеруі туралы ғылым бойынша курстар оқиды және өзгермелі климат жағдайында азық-түлік пен тағамдық қауіпсіздікті жақсартуға қатысты салаларда зерттеулер жүргізеді. Ғалым PhD дәрежесін алғаннан кейін Жапония, Оңтүстік Корея және АҚШ-тың түрлі зертханаларында жұмыс істеп, тәжірибе жинақтады. Молекулярлық биология және ауылшаруашылық биотехнологиясы бойынша гүлдену, тұқымның дамуы және абиотикалық стреске байланысты бірнеше жылдық зерттеулер жасады. Ғалым 2018 жылдан бері Колумбия университетінде жұмысын жалғастырып келеді.

– Мен география және экология ғылымдары кафедрасының картография және геоинформатика бөлімінің Фулбрайт стипендиатымын. Ол өте беделді стипендиялардың қатарында. Мені қалалық ауыл шаруашылығы және климаттың өзгеруі қызықтырады. Алматыға қалалық ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында келдім. Сонымен қатар ҚазҰУ-дың Информатика кафедрасы профессорларымен бірге картография саласы бойынша зерттеу жұмыстарын жүзеге асырып жатырмыз. Он бес жылдан астам уақыттан бері ғылыми-зерттеу бойынша тәжірибе жинап келемін. 2018 жылдан бері өз саламды зерттеумен қатар, арасында студенттерге дәріс беремін. Мансап жолымда үйреніп-білгенімді жас ғалымдармен бөліскенді құп көремін.

Үндістанда магистратурада оқып жүргенімде дәрілік өсімдіктерді зерттеуді бастағанмын. Сосын бұл қызығушылығымды дамыту мақсатында PhD дәрежесін алу үшін АҚШ-қа аттандым. Ол жерде жарық сигналының молекулалық биологиясы және өсімдіктердің дамуы бойынша зерттеулер жүргіздім. Қазір қалалық ауыл шаруашылығы мен климаттың өзгеруіне бейімделу саласындағы зерттеулер мен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына, азық-түлік және тамақтану қауіпсіздігін арттыруға баса назар аударып отырмын. Сондай-ақ агроэкология және климаттың өзгеруі туралы ғылым курстарынан сабақ беремін. Көріп отырғаныңыздай, менің мүдделерім сан салалы және сан түрлі. Көптеген елдерде, соның ішінде Қазақстанда, ҚазҰУ-да үлкен тәжірибе жинадым, – дейді ғалым.

Ол АҚШ Ауыл шаруашылығы министрлігі басқаратын гранттық бағдарламалардың мемлекеттік үйлестірушісі ретінде қызмет етумен қатар, Колумбия округі (UDC) университетінің қалалық ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіби ғылым магистрлары бағдарламасын үйлестіреді. Доктор Ханумаппа қалалық ауыл шаруашылығы, климаттың өзгеруіне бейімделу, табиғи ресурстарды басқару, өсімдіктер биотехнологиясы және биоинформатика сияқты тақырыптардың кең ауқымында зерттеу тәжірибесіне ие. Ол Бангалор, Үндістан ауыл шаруашылығы ғылымдары университетінде бакалавриат және магистратура бойынша Үндістан үкіметі стипендиясының иегері атанып, PhD дәрежесін алған. АҚШ, Мэриленд университетінің бағбандық мамандығы бойынша АҚШ, Жапония және Оңтүстік Кореядағы беделді зертханаларда постдокторант ретінде жұмыс істеді және бірнеше ұйымдарға, соның ішінде Дүниежүзілік банкке кеңес беру қызметтерін көрсеткен.

– ҚазҰУ – Орталық Азиядағы ең беделді жоғары оқу орындарының бірі әрі бірегейі. Мені осы оқу ордасындағы атқарылып жатқан жаңалыққа толы тың жұмыстар таңғалдырып келеді. ҚазҰУ ұстаздары, студенттерінің халықаралық ынтымақтастығын нығайтуға, әсіресе АҚШ университеттерімен және ұйымдарымен жаңа серіктестік орнатуға көптеген мүмкіндіктер бар. Бұл орайда білім ордасы мен Қазақстанның позициясын одан әрі көтеруге жергілікті және шетелдік ғалымдар зор күш-жігер жұмсап келеді. Мұндағы көптеген жастардың ғылымға деген қызығушылығы жоғары екенін байқаймын. Меніңше, жас ғалымдардың дүниежүзіндегі соны жаңалықтармен танысуы өте маңызды. Жас ғалымдарға ғылыми журналдарды оқу және әлемнің басқа бөліктерінен келген студенттермен және зерттеушілермен өзара араласып, ой-пікір бөлісуі керек. Сонымен қатар шетелдік білімдарлармен ынтымақтастық орнату үшін заманауи креативті жобаларға ден қойып, жаңа зерттеулерден хабардар болуы тиіс. ҚазҰУ студенттерінен мансап жолын құру барысында олардың болашағынан зор үміт күтемін. Университетте мүмкіндіктер өте көп. Жастар осындай мүмкіндіктерді тиімді пайдаланады деп үміттенемін, – дей келе, Маматха Ханумаппа ҚазҰУ-дағы жобалық мақсаты жөніндегі ойымен бөлісті. Оның айтуынша, Алматыда қалалық ауыл шаруашылығын ілгерілету және жобаның негізгі бөлігі – ГАЖ (Географиялық ақпараттық жүйе) талдауын жүргізу. Ғалым АҚШ-қа қайтып оралғанға дейін осы жобаны аяқтау үшін картография және геоинформатика профессорлық-оқытушылық құраммен және зерттеушілермен ынтымақтастық-серіктестікте жұмысы жалғаса бермек.

– Мен ҚазҰУ-дың геоинформатика және қашықтықтан зондтауда басқа оқу ордаларынан алда екеніне көзім жетті. Сондай-ақ мұнда ЮНЕСКО кафедрасы мен Пан Ги Мун атындағы Тұрақты даму институты орналасқан. Бұл институттармен белсенді жұмыс істемесем де, климаттың өзгеруіне және тұрақты дамуға деген қызығушылығым үшін ҚазҰУ-ға келу туралы шешім қабылдауда олардың да рөлі болды. Өсімдіктер биологі болғандықтан, алманың пайда болған жері, яғни алманың Отаны – Алматы мені қызықтырды. Менің тарихқа әуесқойлығым бар, бұл шаһардың Жібек жолымен байланысы барын білгенде осы әдемі қалаға келуге асықтым. Бүгінгі таңда ҚазҰУ-мен бірлескен жоба-жоспарымыз орындалу үстінде. Алдағы уақытта өз нәтижесін береді деген сенімдеміз.

Ғылым – күрделі әрі үлкен жауапкершілікті қажет ететін сала. Сол себепті ғылыммен айналысқан адам үшін уақыт пен еркіндік аса маңызды. Мен география және табиғатты пайдалану факультетінің деканы Виталий Сальниковтың жетекшілігімен география және экология ғылымдарының бірнеше зерттеушілерімен жұмыс істеудемін. Атап айтқанда: ғылым докторы Айжан Асылбекова, Картография және геоинформатика кафедрасының аға оқытушылары Мұратбек Құдайбергенов, Өміржан Тәукебаев және Шұғыла Бүрлібаевалармен қызметтеспін. Ал PhD докторы Еркебұлан Жанатбековпен де біршама ғылыми жұмыстар мен ізденістерді бірге атқардық. Ең бастысы, М.Құдайбергенов мырзаның сыныбында магистранттармен шығармашылық байланыстамын. Ғылыми ынтымақтастықты қоспағанда, мен ҚазҰУ-дан көптеген жора-жолдас таптым. Біздің достығымыз бен ізденісіміз қатар дамиды деп үміттенемін, – дейді ол.

Ғалым болашақта да ҚазҰУ-мен бірлесіп жаңа жобаларды қолға алып, жұмыс істеуге, ынтымақтастықты жалғастыруға мүдделі екенін айтады. Колумбия және ҚазҰУ университеттері арасындағы ғылыми-зерттеу және білім беру саласындағы берік ынтымақтастық арта беретініне сенімді.

 

Нұрбек НҰРЖАНҰЛЫ