ҚазҰУ-дың Бішкектегі филиалы құжат қабылдай бастады

02.08.2022

Көрулер: 2138

Қырғыз Республикасының астанасы Бішкек қаласындағы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ филиалы талапкерлерді қабылдай бастады.

Бүгінде Бішкектегі филиал ҚР Білім және ғылым министрлігінде тіркеуден өтіп, студенттерге білім беру үшін толық лицензия алды. Бес қабатты ғимаратта орналасқан ҚазҰУ филиалында білім алушы жастар үшін қолайлы жағдай жасалған. Оқу ғимараты жаратылыстану-ғылыми бағыты бойынша заманауи үлгідегі аудиториялар және зертханалармен жабдықталған.

Оқу бағдарламасы қырғыз, орыс және ағылшын тілінде жүргізіледі. Бакалавриат пен магистратура бойынша 13 білім беру бағдарламасы іске асырылады. Атап айтқанда: биология және биотехнология, механика-математикалық мамандықтар, география және табиғатты пайдалану, шығыстану, ақпараттық технологиялар, журналистика, филология, экономика және бизнес, құқықтану, химия және химиялық технологиялар, философия және саясаттану.

Қорытынды аттестаттаудан сәтті өтіп, білім беру бағдарламасын толық меңгерген түлектерге «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ» КеАҚ дипломы беріледі.

2022/23 оқу жылына 250-300 талапкер қабылдау жоспарланып отыр. Қазіргі таңда филиалда талапкерлерді қабылдау жұмыстары жүргізілуде. Ол жылына екі рет – жазда және қыста өткізіледі.

Студенттерге білімді және білікті 50 оқытушы сабақ береді. Оның 15-і Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың мұғалімі болса, 35-і Қырғыз Республикасынан. Жергілікті оқытушылар үшін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде білім берудің негізгі тәсілдері бойынша арнайы курстар ұйымдастырылады.

Айта кетейік, Қырғыз Республикасының президенті Садыр Жапаров 2021 жылдың 2-3 наурызында Қазақстанға ресми сапармен келген еді. Осы сапар аясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесіп, екі ел президенті Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ филиалын Бішкекте ашу туралы шешім қабылдаған болатын. Филиалдың ресми ашылуы биыл 26 мамырда екі ел президенттерінің қатысуымен өтті. Атап өткен жөн, филиалдың барлық білім беру қызметі Бішкек қаласы, Тұрысбеков көшесі, 109/2 мекенжайындағы ғимаратта жүзеге асырылады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі