ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗҰУ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ – РЕКТОРЫ ЖАНСЕЙІТ ҚАНСЕЙІТҰЛЫ ТҮЙМЕБАЕВТЫҢ «ТҮРКІСТАН» ГАЗЕТІНДЕ ЖАРИЯЛАНҒАН МАҚАЛАСЫ

07.07.2022

Көрулер: 1953

Қазақстан бүгінде жаңа даму жолына түсті. Қазір әлемде болып жатқан күрделі өзгерістер қоғамдағы мәселелерге жаңа көзқараспен қарауды талап етуде. Осы орайда, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен құрылған Ұлттық құрылтай ел өміріндегі жаңа тарихи кезеңге жол ашып берді.

Ұлттық құрылтай ұлтты ұйыстырудың, халықты ынтымақ пен бірлікке үндеудің, мемлекеттік саясатты жалпыұлттық негізге көшірудің, ел мен жердің рухын ұлттық болмыспен ұштастырудың айқын көрінісі.

Сын-қатерге толы тарихи кезеңдегі бұл бастама қаңтар қасіретінен халықтық сабақ алудың, жаңарған Қазақстанның жаңашыл жолын ашудың тұсаукесер тағылымы болмақ.

«Құрылтай шақыру – ертеден келе жатқан ата дәстүріміз. Бабаларымыз маңызды мәселелерді осын­дай алқалы жиында талқылаған. Халық өзара ақылдаса оты­рып, бір тоқтамға келген. Мұндай шешімдер бүкіл елді бірік­тір­ген.

Төл тарихымызда ұлт тағ­дырын шешкен құрылтайлар болған. Оның көбі халқымыз үшін маңызды кезеңде өткізілген. Талас құрылтайынан кейін Алтын Орда дер­бес мемлекет болды. Қарақұм және Ордабасы құрылтайлары жұр­тымызды ел қорғауға ұйыс­тырды. Орынбордағы бірін­ші қазақ құрылтайында «Алаш» пар­­тиясы құрылды. Екінші құрыл­тайда Алаш автономиясы жарияланды. Егемендік кезеңінде Дүниежүзі қазақтарының алғашқы құрылтайы өткізілді. Бұл жиында сырттағы қандастарымыз атамекенге шақырылды. Біз бабалар жолын ұстанып, құрылтай шақыру дәстүрін жаңғырттық. Елдігімізді нығайтып, бірлігімізді бекемдейік деп, бүгін бас қосып отырмыз», – деді Мемлекет басшысы құрылтайды ашқан кіріспе сөзінде.

Ұлытау төріндегі Ұлттық құрылтайды халқымыз қуана күтті. Расында да, жаңа облыс атанып, оның үстіне тарихи Ұлытау жеріндегі құрылтайдың мәні мен мақсаты жалпы жұртымызға ортақ мәселе болатын.

Тарихи жиында айтылған ұтымды ой-пікірлер, ұсыныстар, шешімдер мен тұжырымдар жаңа Қазақстанның дамуына қатысты ең көкейкесті мәселелерге қозғау салды. Ұлттық құрылтайда талқыланған тақырыптардың барлығы да ел өмірінің жарқын болашағын қамтамасыз етіп, жаңа қоғамда жасалатын жаңа қадамдар жайы кеңінен сөз болды.

Бүгінгі қоғамда қордаланған мәселелерге жаңа қырынан қараған, халықтың көкейінде жүрген көкейкесті сұрақтарға жауап берген құрылтайда Мемлекет басшысы бірінші кезекте қандай міндеттерді шешуі керек екеніне жан-жақты тоқталды.

Құрылтайда ел жаңа Қазақстанға бет алған жаңашыл көзқарастың куәсі болды. Отыз жылдық кезеңнің осал тұстарын қайта қарап, елдікке ұмтылудың қажеттілігі осы құрылтайдың күн тәртібіне көтерілді. 

«Құрылтай – белгілі бір адамдар ғана бас қосатын жер емес. Ол шын мәнінде жалпыұлттық жиынға айналуы керек. Бұл өте маңызды міндет. Біз жаңа цифр­лық технологияның мүмкіндігін кеңінен пайдалануымыз қажет. Сонда мемлекет пен халықтың қарым-қатынасы барынша тиімді бол­мақ. Мен «Құрылтай» деген арнайы мобиль­ді қосымша әзірлеуді ұсынамын. Сол ар­қылы халық елді жаңғыр­ту туралы ой-пікірін онлайн режимде айта алады. Жұрт реформаның нақты пайдасын кө­руі қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Құрылтай деген қарапайым, бірақ қазіргі кезеңге дейін сирек айтылып, аз қолданылып келген тарихи термин Мемлекет басшысының жаңашыл бастамасының нәтижесінде жалпыұлттық терминге айналды.

Ұлытау ұлттың басын қосты, ұрпаққа ұлағат қалдырды. Ынтымақ туы осы жерде көтерілді, ортақ ұран осы жерде айтылды.

«Бұл жерде барлық рудың таңбасы тасқа жазылған. Сол арқылы бабаларымыз ұлт  бірлігін көрсеткен. Қаныш Сәтбаев «Еліміздің ту тіккен жері – Таң­балы тас» деген. Өкінішке қарай, қас­тер­лі жазулар кейін әбден бүлінді. Ел аза­маттары Ұлытауға ескерткіш қойып, тас­тағы таңбаларды жаңғыртты. Бірақ бұл жеткіліксіз деп ойлаймын. Мұнда  қазақ­тың бірлігін әйгілейтін сәулетті ны­сан тұруы керек. Мен  Әулиетаудың ете­гінде Мемлекеттік рәміздер алаңын ашуды тапсырамын. Қасиетті өңірде көк байрағымыз асқақтап тұруға тиіс. Сол арқылы ұрпақтар сабақтастығы жалғасып жатқанын көрсетеміз», – деді Мемлекет басшысы.

Тарихи Семей жерінің, жер жаннаты Жетісудің облыс болып қайта ашылуы Қоғамдық сенім кеңесі тұсында біраз әңгіме болып, халықтың үмітін оятқан болатын. Ел сөзі ел басшысының құлағына жетті. «Еститін мемлекет» халық тілегін іске асырды.

Президенттің пайымдауынша: «Ұлттық құрылтайдың ең басты міндеті – ұлтты ұйыстыратын парасатты, тың идеялар мен ұсыныстарға айрықша мән беру». Осы орайда, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев құрылтай жұмысы барысында басшылыққа алынуға тиіс негізгі мәселені атады:

«Бірінші. Жалпыұлттық бірлікті нығайту. Ең алдымен ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруға айрықша мән беруі­міз қажет. Сонымен қатар қоғам­ды алға жетелейтін құндылықтарды қалып­­тастыруымыз керек. Біз орнықты демо­­кратиялық институттар құрамыз десек, саяси жауапкершілік мәдениетін дамы­туы­мыз қажет. Шын мәнінде нағыз отан­шыл­дық қасиетті қалыптастыруға тиіспіз. Сонда радикализм мен экстре­мизмге тосқауыл қоямыз», – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің пікірінше, ұлтты ұйыс­тыратын бірінші қасиет – атаққұмарлық емес, еңбекқорлық. «Отбасын асырау үшін табанды еңбек етіп жүрген, заңға бағынатын адамдар құрметке ие болуы керек. Өкінішке қарай, бізде көше бұзақылары, жауапкершіліктен жұрдай блогерлер және масылдық пиғылдағы ай­қай шығаратын адамдар бүгінгі күннің баты­рына айналды. Түрлі деңгейдегі шенеу­нік­тер солардың ғана талабын орындауға жүгіреді. Орталықтағы және аймақтар­дағы билік барлық азаматтың мұң-мұқтажына бірдей қарауға тиіс», – деді Мемлекет басшысы. Бұл да мемлекеттік қызмет реформасын жаңа талапқа сай жүргізу керектігін көрсетіп отыр. Құрылтайда бұл мәселе де назардан тыс қалған жоқ.

Президент жүргізіліп отырған рефор­малардың мән-маңызын халыққа дұрыс түсіндіруді екінші маңызды міндет ретін­де атады. Қазір бұл жаңғырулар біртін­деп жалпыұлттық сипатқа ие бола бастаған. Мемлекет басшысы халықтың жаңа технологиялар арқылы ауқымды рефор­маларға қатысуын үшінші маңызды міндет ретінде атады.

Сонымен қатар Президент елімізде ана тіліне деген құрметтің жоғары болатынын шегелеп айтты. «Жақында әйгілі Apple компаниясы қазақ тілін iOS-тың тілдер жүйесіне қосты. Әлемнің 40 тілінде тарайтын Nickelodeоn телеарнасы қазақша көрсетіле бастады. Жастардың бастамасымен National Geographic журналы алты жылдан бері ана тілімізде жарық көруде. Осындай көптеген жағымды жаңалық бар. Сондықтан қатты алаңдауға негіз жоқ деп ойлаймын. Десек те, осы саладағы жұмысымызды даңғаза жасамай, табандылықпен жүргізуіміз қажет. Қазақ мемлекеті аман тұрғанда қазақ тілі жасай береді. Бұған ешқандай күмән болмауы керек», – деді Мемлекет басшысы. 

Ұлттық құрылтайдың құрамына 117 адам енген. Олардың қатарында барлық облыстың, сан түрлі саланың, әр буынның өкілдері бар. Осы орайда, Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтай жұмысын ұйымдастыру жайында ой-пікірін білдіре келе: «Біз көпті көрген ел ағаларының ақыл-кеңесіне жүгінеміз. Белсенді азаматтық ұстанымы бар орта буынның тәжірибесін ескереміз. Жаңаша ойлайтын жастардың тың идея­ларын қолдаймыз», – деді Президент қорытынды сөзінде.

Президент құрылтай қозғау салған мәселелерді тиянақты іске асыру еліміздің жасампаздық дамуын жаңа белеске көтеретінін айрықша атап өтті. Бұл орайда, жауапкершілік әрбір Қазақстан азаматына жүктелетіні сөзсіз.

Басты жиында «Еститін үкімет» қағидаттарын жетілдіріп, билік пен халық арасындағы байланысты күшейтуге ерекше назар аударылды. Мемлекеттік тіл мәртебесін көтеруден бастап, саясат, экономиканы өркендету, білім, ғылымды дамыту, ұлттық тәрбие мәселелері кеңінен қозғалды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың пайымдауынша, ұлттық болмысты сақтай отырып, Қазақстан өз ішіндегі саяси тұрақтылықты, әлеуметтік келісімді және экономикалық жаңаруды күшейте беруге тиіс. Сонымен Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтай тарих сахнасына көтерілді. Онда айтылған ойлар мен ұсыныстар, идеялар мен пікірлер, арыз-өтініштер алдымызда аса ауқымды жұмыстар тұрғанын көрсетіп берді. 

Ұлттық құрылтай тарихи сана мен рухани өзгерістердің жаңа кезеңінің уақыты келгенін, мемлекеттік тілдің мәртебесі мен міндетін терең ұғынудың, ғылым мен білімді, жаңа технологияларды дамытудың, озық ел болудың тарихи тұжырымын жасады.

Осы тапсырмаларды береке-бірлік танытып, бірге жүзеге асыру – міндетіміз.

Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры