ҮЗДІК ТҮЛЕКТЕРГЕ ДИПЛОМ ТАБЫСТАЛДЫ

05.07.2022

Көрулер: 4123

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде түлектерге диплом табыстау рәсімі өтті. Салтанатты жиынды ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев ашты.

«Халқымыз «Еңбек – ырыстың бұлағы, бақыттың шырағы» деп бекер айтпаған. Сол себептен жаңа Қазақстанда еңбекқор адам ең сыйлы, табысты және сұранысқа ие маман болмақ», – дей келе, ректор бітіруші түлектерді көптен күткен дипломын алып, ерінбей еңбек ететін сәтке жетуімен құттықтады.

Білім ордасын биыл 8058 түлек бітірді. Оның ішінде 6180-і бакалавр, ал олардың арасынан 1186 түлек үздік диплом иегері атанды. Сондай-ақ 1462 жас биыл магистр дәрежесін алса, 376 ізденуші докторантураны, 40 маман интернатураны тамамдап, ғылыми дәрежеге ие болды.

Сонымен қатар университет басшысы бітіруші түлектер арасында үздік студенттердің көп екенін ерекше атап өтті. Олардың бір бөлігі қос диплом бағдарламасымен білім алса, бірқатары ТМД-ның үздік студенттері атанды. Бірқатары халықаралық, республикалық олимпиадалардың, спорттық жарыстардың жеңімпаздары. Қазақстан Гиннесс рекордтар кітабына енген және ҚР «Шапағат» медалінің иегері, 100 үздік жас ғалым жобасының жеңімпаздары да бар.

Бұдан бөлек, университет биылғы оқу жылын үлкен жетістіктермен қорытындылады. QS жаһандық рейтингі бойынша университет 150-орынға көтерілді. Өткен оқу жылында университетімізде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Алдағы уақытта ҚазҰУ қалашығы құрылысының II кезеңін салу жоспарлануда. Жобаға Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы қолдау білдіріп, ҚазҰУ-да қонақта болды. Басқарма төрағасы оқу орнында атқарылған өзге де ауқымды жұмыстарға тоқталып, жаңа жауапты кезеңге қадам басқан жастарға ақ жол тіледі.

 

Құттықтаудан кейін Жансейіт Түймебаев ең үздік түлектерге диплом табыстады.

Шара барысында көпшілік назарына ҚазҰУ аумағында оқу ғимараттары, қызметтік тұрғын үй және студенттік жатақхана құрылысының II кезеңінің жоспары туралы бейнеролик ұсынылды.

Кездесуде түлектер университет қабырғасында сапалы білім алумен қатар, тұлға ретінде қалыптасып, жан-жақты мол тәжірибе жиғандарын толқыныспен жеткізді. Олардың ата-аналары сөз сөйлеп, ҚазҰУ оқытушылары мен басшылығына оқу кезінде жасалған зор мүмкіндік пен қолдау үшін алғыс айтты. Бітірушілер өз кезегінде ел игілігі жолындағы еңбекке дайын екендерін білдірді.

 

Сөз соңында университет ректоры барлық түлектерге алдағы мансабында сенімді болуға кеңес беріп: "Сіздер еліміздің ең үздік университетінің бірі - ҚазҰУ-да білім алдыңыздар. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің дипломы сіздер үшін ұлттық және жаһандық деңгейдегі бәсекеге қабілеттілік бен табысты болудың негізіне айналсын", - деді.

 

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі