МҰХТАР ТІЛЕУБЕРДІ ҚАЗҰУ-ДА ҚР СЫРТҚЫ САЯСАТЫ ЖӘНЕ ДИПЛОМАТИЯСЫ ОРТАЛЫҒЫН АШТЫ

02.07.2022

Көрулер: 2412

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қазақстан Республикасының Дипломатиялық қызмет күні мерекесі аясында «Жаңа геосаяси жағдайдағы Қазақстан дипломатиясы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Іс-шараға ҚР Премьер-министрінің орынбасары - Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы - Ректоры Жансейіт Түймебаев, дипломатия саласының ардагерлері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, ҚР ҰҒА академиктері, ғалымдар мен университтетің оқытушы-профессорлар құрамы қатысты.

Жиында сөз алған Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді шараға қатысушыларды айтулы мерекемен құттықтап, жылы лебізін білдірді.

«Біз өңірлік және жаһандық процестерге белсенді қатысатын орнықты әрі беделді мемлекетке айналдық. Қазақстан өз егемендігін алған күннен бастап шекарасын бекемдеп, шет мемлекеттермен байланыс орнатты. Бүгінгі таңда Қазақстан әлемнің 186 елімен дипломатиялық қарым-қатынаста. Орталық Азия елдерімен диалог жандана түсті. Қазақстан Еуразиялық кеңістіктегі интеграциялық үдерістердің локомотиві болып, көптеген халықаралық ұйымдарда төрағалық етті. Осы тұрғыда дипломаттарды даярлауда Қазақ ұлттық университетінің қосқан үлесі зор. Баршаңызды Қазақстан дипломатиясының мерейтойымен құттықтаймын!» – деді Мұхтар Бескенұлы.

Өз кезегінде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев сөз сөйлеп, Қазақстан 30 жыл ішінде экономикасы тұрақты, халықаралық аренада беделі жоғары мемлекетке айналғанын айтты.

«Қазақ дипломатиясының берік іргетасын Керей мен Жәнібек хандар қалады. Тоқсаныншы жылдардың басында Қазақстан халықаралық аренада өзінің дербес сыртқы саяси бағыты мен ұстанымын қалыптастыра бастағаны баршаға мәлім. Тәуелсіздік алған сәттен бастап Қазақстан өзге елдермен тұрақты қарым-қатынас орната бастады. Отыз жыл ішінде біздің еліміз өзін бейбітшілік пен келісімнің жақтаушысы ретінде көрсете білді», – деді Жансейіт Түймебаев.

Дөңгелек үстел барысында дипломатия саласының ардагерлері Әділ Ахметов пен Тілеухан Қабдрахманов баяндама жасады.

Сондай-ақ шара аясында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ҚР Премьер-министрінің орынбасары - Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді мен жоғары оқу орнының басшысы Жансейіт Түймебаевтың қатысуымен «Қазақстан Республикасының сыртқы саясаты және дипломатиясы» орталығы ашылды.

Жұмыс сапары барысында министр Мұхтар Бескенұлы білім ордасының тыныс-тіршілігімен танысты. Жаңарған оқу ғимараттары мен аудиторияларды, Әл-Фараби музейін аралап, ҚазҰУ ғалымдары әзірлеген инновациялық жобалардың нәтижелеріне қанықты.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі