УАЛБАЙ ӨМІРБАЕВ: ҚАЗҰУ-ҒА ОРАЛУДЫ ӨМІР БОЙЫ АРМАНДАДЫМ

23.06.2022

Көрулер: 5300

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде белгілі математик-ғалым, АҚШ-тың Уэйн университетінің профессоры Уалбай Өмірбаев механика-математика факультетінің оқытушы-профессорлар құрамы мен студенттеріне арнайы дәріс оқыды.

«Сүйікті математика» тақырыбындағы дәріс математика ғылымы не үшін қажет сұрағы төңірегінде ой бөлісуге және оның біздің өміріміздегі орнына арналды.

Ғалым сөз басында ҚазҰУ-да сабақ берген жылдар мен ұстаздарын еске алып: «ҚазҰУ-ға оралуды өмір бойы армандадым. Бүгінде шетелдік профессор ретінде ҚазҰУ-мен қауышқаныма өте қуаныштымын», – деген лебізін жеткізді.

Дәрісте математика ғылымының шығу тарихы мен ондағы өзекті мәселелер кеңінен қамтылды. Мыңдаған жылдарға созылған дәлелдемелер жайлы қызықты деректер келтірілді. Пифагор санды қалай санаған, Декарт жазбалары, Ферма теоремасы, Эйлер мен Хардтың математика жайлы түсініктемелері жайлы құнды мәліметтер айтылды. Сонымен қатар көрнекті ғалым математикада әрдайым дәлелдемелер маңызды екенін, сондықтан өз заманының барлық ұлы математиктері шешімнің формуласын іздеп, оны тауып, дәлелдер келтіргенін атап өтті. Олардың көмегімен белгілі бір мәселе шешіліп, жаңа теория пайда болады. Ал әрбір жаңа теория – дамудың жаңа сатысы.

«Математика әрқашан қоғамды, мемлекетті қозғайды. Ол ғылым тілін, жоғарғы тілді жасайды және сол арқылы өзге ғылымдар дамиды. Қоғамның дамуына көмектесетін ең күрделі міндеттерді шешуге атсалысады», – деген пікірімен бөлісті. Сондай-ақ дәріскер Құдай саны, Фибоначчи санының құпияларына тоқталды.  Алгебристің пікірінше, жер бетінде жасалған барлық нәрсе санмен байланысты, тіпті адамның ДНҚ-сы Фибоначчи санымен байланысты. Оны математиктер кезінде есептеп шығарған.

Кездесу барысында оқу орнының механика-математика факультетінің оқытушысы дәріскердің дәлелдерін қолдап, қазақтың домбыра аспабын жасауда қолданылатын «Алтын қима саны» жөнінде мысал келтірді. Ол дәл математикалық есептеумен ғана керемет дыбысталған және дұрыс таяныштары бар мінсіз қазақ домбырасын жасауға болатынын жеткізді. Алайда бүгінгі таңда бұл ережені барлығы біле бермегендіктен, көбіне домбыралардың дыбысы мен сапасы төмен деңгейде қалып жататынын мәлімдеді.

Осылайша математиктер қазіргі әлемде әр адамның және заттардың өзіндік геометриясы бар деген ортақ тұжырымға келді. Бұл өз кезегінде көптеген өзекті мәселелерді шешуге көмектесетіні атап өтілді.

Сондай-ақ шетелдік ғалым аудитория сұрақтарына жауап беріп, өз көзқарастары және тәжірибесімен бөлісті.

Айта кетсек, Уалбай Өмірбаев Нагата гипотезасын және ағылшын математигі П.Конаның еркін ассоциативті алгебралардың автоморфизмдері туралы белгілі мәселесін шешкен. Бүгінде ҚазҰУ-ға арнайы шақырылып, Математика кафедрасында шетелдік профессор ретінде жұмыс істейді.

 

 Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі