АСҚАР АҚАЕВ ҚҰРМЕТТІ ҚОНАҚТАР КІТАБЫНА ҚОЛТАҢБАСЫН ҚАЛДЫРДЫ

21.06.2022

Көрулер: 4545

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне сапары барысында Қырғыз Республикасының Тұңғыш Президенті, академик Асқар Ақаев ҚазҰУ мұражайына барды.

Құрметті мейман мұражайда қойылған экспозициялармен танысып, университет туралы толық ақпарат алды. Көрнекті ғалым оқу ғимараттары мен жаңарған аудиторияларды, инновациялық зертханаларды аралап көрді.

Сонымен қатар Асқар Ақайұлы университет ұжымына алғыс айтып, Құрметті қонақтар кітабына қолтаңбасын қалдырды.

«Біз Орталық Азиядағы және Еуразия кеңістігіндегі үздік жоғары оқу орнының бірі – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне келгенімізге қуаныштымыз. ҚазҰУ болашақта өзіндік ерекшелігі қалыптасқан «Орталық Азияның Гарварды» болуына және білім берудің жаңа инновациялық дамуының үлгісі мен локомотивіне айналуына тілекшімін», – деп жазды Қырғыз Республикасының Тұңғыш Президенті Асқар Ақаев.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі