PROFESSIONAL WEEK-2022 АПТАЛЫҒЫ АЯҚТАЛДЫ

17.06.2022

Көрулер: 4501

13-17 маусым аралығында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде оқытушы-профессорлар құрамы мен қызметкерлердің кәсіби біліктілігін арттыру бойынша Professional Week-2022 апталығы ұйымдастырылды. Бүгін аптаның қорытындысы ретінде «Жаңа Қазақстан: білім мен ғылымды жаңғырту жолдары» тақырыбында пленарлық сессия отырысы өтті.

Жиынға Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев, ТМД және Орталық Азия елдері бойынша QS рейтингтік агенттігінің аймақтық директоры Сергей Христолюбов, «Bank RBK» АҚ тәуелсіз директоры – Директорлар кеңесінің мүшесі Мұсабек Әлімбеков,  ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің төрағасы Әділет Тойбаев және оқытушы-профессорлар құрамы қатысты.

Пленарлық сессия барысында университет ректоры Жансейіт Түймебаев құттықтау сөз сөйлеп, отандық білім мен ғылымды дамытуда жаңа трендтерді қалыптастыру маңызды екенін атап өтті.

«Professional Week-2022 апталығы аясында қажетті ақпараттар мен пайдалы кеңестер айтылды. Спикерлер мен қатысушылар бүгінгі күн тәртібінде тұрған өзекті мәселелер туралы ой қозғады. Атап айтқанда:

– білім беру бағдарламаларын әзірлеу бойынша тәсілдерді жаңғырту;

– ғылыми мектептерді дамыту және ғылыми жобаларды іске асыру;

– білім берудің цифрлық трансформациясы;

– білім мен ғылымның жаһандық трендтері.

Әлемдік тәжірибені негізге алып, кәсіби біліктілікті жетілдіріп отыру қажет. Біз қазақстандық жоғары білімнің әлем азаматтары үшін тартымдылығын арттыруға күш салуымыз керек. Алдымыздағы мақсат – білім мен ғылымның қазақстандық брендін халықаралық аренада ілгерілету. Professional Week-2022 апталығы аясында айтылған бастамалар мен тың идеялар университеттегі ғылым мен білімді, сондай-ақ инновациялық жобаларды одан әрі дамытуға сеп болады деп ойлаймын», – деді Жансейіт Түймебаев.

Өз кезегінде QS рейтингтік агенттігінің аймақтық директоры Сергей Христолюбов «Қазақстандық жоғары оқу орындарының жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыру» тақырыбында баяндама жасады. Өз сөзінде спикер QS WUR 2022-2023 жаһандық рейтингінің нәтижелерімен бөлісті.

Сондай-ақ жиында Мұсабек Әлімбеков «Жаңа Қазақстан: Конституцияға өзгерістер енгізу» және Әділет Тойбаев «Отандық ғылымды дамытудың басым бағыттары» тақырыбында баяндама жасап, өз ұсыныс-пікірлерін білдірді.

Professional Week-2022 апталығы бағдарламасында «Университеттегі білім берудің перспективалық моделі: қалыптастыру жолдары» және «Ғылыми экожүйені қалыптастыру» тақырыптары бойынша сессиялар ұйымдастырылды.

Апталық аясында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің өкілдері, қоғам қайраткерлері, ғалымдар өзекті мәселелерді талдап, өзара пікір алмасып, тәжірибе бөлісті.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі