SAMSUNG ELECTRONICS ҚАЗҰУ-ДА ҚЫЗМЕТІН ЖАНДАНДЫРУДА

16.06.2022

Көрулер: 3754

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев Samsung Electronics компаниясының вице-президенті Джеймс Киммен кездесті.

Әл-Фараби кітапханасында өткен кездесуде университет басшысы ҚазҰУ-дың заман талабына сай білім беру бағдарламалары мен ғылыми-инновациялық жобаларды жүзеге асыруға басымдық беріп отырғанын атап өтті.

Өз қызметін ғылым мен инновацияға негіздеген ҚазҰУ-биыл QS халықаралық рейтингінде әлемнің үздік университеттері арасында 150-орынға көтерілді. Түркия мен Қырғыз Республикасында университет филиалдары ашылды. Университетте Samsung, Hewlett-Packard, Cisco, Коnіса Minolta, Fujitsu, Alcatel, Microsoft, «Касперский зертханасы», Huawei және т.б. жоғары технологиялық компаниялардың сертификаттау орталықтары, институттары мен академиялары табысты жұмыс істейді.

«Самсунг Электроникс» тапсырысы бойынша 2015 жылдан бастап ҚазҰУ оқытушылары мобильді қосымшаларды, интернет құрылғылардың технологияларын әзірлеу, машиналық оқыту курстарын даярлап, енгізді.

       – Соңғы жылдары студенттер мен оқушылар арасында сандық электроника бойынша халықаралық және республикалық конкурстар өткізілді. Қызметкерлер мен студенттер Smart технологиялар, робототехника, жасанды интеллект және оқу-зертханалық стендтер және т.б. бойынша жобаларды әзірледі және іске қосты, – деді Жансейіт Қансейітұлы ТҮЙМЕБАЕВ.

Университет басшысы Самсунг инновациялық академиясында жыл сайын Алматы қаласының 100-ге жуық студенті мен 80 мектеп оқушысы заманауи цифрлық технологиялар бойынша теориялық және тәжірибелік дағдыларға үйренетінін айта келе,  екіжақты ынтымақтастыққа бағытталған барлық бастамаларға қолдау білдіретінін жеткізді.

       Өз кезегінде Samsung Electronics компаниясының вице-президенті Джеймс Ким жоғары оқу орнының басшылығына жылы қарсы алғаны үшін алғысын білдіріп, Қазақстанның жетекші университетінде компания қызметін жандандыруға мүдделі екенін айтты.

Келіссөз барысында компания өкілдері жаңа өнімдері мен өз қызметінің бағыттары туралы айтып берді. Тараптар пікір алмасып, өзара ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелерін талқылады.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі