"ЖАҢА ҚАЗАҚСТАН ҚҰРУҒА ЖАҢА ҚАДАМ". ҚАЗҰУ РЕКТОРЫ Ж.ТҮЙМЕБАЕВТЫҢ "ЕГЕМЕН ҚАЗАҚСТАН" ГАЗЕТІНДЕ ЖАРИЯЛАНҒАН МАҚАЛАСЫ

14.06.2022

Көрулер: 7166

Еліміз жаңа саяси-экономикалық өзгерістер алдында тұр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қаулысымен 2022 жылғы 5 маусымда республикалық референдум өтеді. Бұл – тәуелсіз Қазақстан тарихындағы үлкен саяси оқиға.

Президент ұсынған мемле­кеті­міз­дің Негізгі Заңына түзету­лер енгізу бастамасы саяси-құқықтық саланы жетілдіруге, азаматтық қоғамды дамытуға бағытталған. Қа­зір әлемде болып жатқан шие­леністер мен экономикалық дағ­да­рыс салдары біздің елімізге де айтарлықтай әсерін тигізіп отыр. Жаhандық сын-қатерлер бұ­рынғы қалыптасқан қағидалар мен ережелерді қайта қарауды талап етуде. Жаңа сын-қатерлерге төтеп беру үшін қоғам уақыт талабына сай дамуға тиіс.

Тәуелсіздік жылдарында елі­міз саяси тұрақтылықты нығай­ту­дың қиын жолынан өтті. Біз ынтымақ пен бірлігіміздің арқа­сын­да әлем мойындаған мемлекетке айналдық. Ендігі кезекте демократиялық құндылықтарды дамытып, жаңа Қазақстанды құ­ру­ға қадам басқалы тұрмыз. Конс­ти­туциялық өзгерістер елдің қо­­ғамдық-саяси өмірін жаңғыр­ту­ға, экономиканы уақыт талабына сай дамытуға, Қазақстан азаматтарының өмір сүру сапасына оң әсер ететіні сөзсіз.

Жалпыхалықтық референ­дум­ның өткізілуі дер кезінде қа­был­­данған саяси шешім екені даусыз. Елдегі ауқымды саяси жаңғыруға бастамашы болған Қа­зақ­стан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Бұл мәселе қо­­ғамда, бұқаралық ақпарат құ­рал­­дарында жан-жақты талқы­ланды. Сарапшылар мен азамат­тық белсенділер өз бағасын берді. Бар­лық ұсыныс кең ауқымды қолдауға ие болды. Алға қойған мақсатымызды тиімді іске асыру үшін Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажет болды» деп атап өтті.

Алдағы референдум қалып­тас­қан мемлекеттік модельді ке­шен­ді түрде трансформациялау­ды көздейді. Ата Заңның 33 бабына енгізілген өзгерістер бү­кіл Конституцияның үштен бі­рін құрайды. Осы реформадан Қа­зақ­­стан дамуының жаңа кезеңі бас­талатынын әр аза­маттың түйсініп, ұғынуы аса маңызды.

Жыл басындағы қаңтар оқи­ға­сы елімізде, жалпы қоғам өмі­рін­де, атап айтқанда, саяси-эко­но­микалық, әлеуметтік-рухани салаларда түбегейлі реформалар қажет екенін ашық көрсетті. Сон­дықтан бұл реформалардың түбе­гейлі жаңа конституциялық дең­гей­де қабылдануы – уақыттың қатал талабы.

Осы орайда  Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан бүгінгі таңда Екінші Республиканың даму сатысына қадам басқанын атап өткен еді. Бұл термин елі­міз­де күрделі де жан-жақты әлеу­мет­тік қайта құру үдерісінің жүріп жатқанынан хабар береді. Де­мек «Екінші Республика – мем­лекеттік модельдің жаңаруы».

Президент Конституциямызға өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша республикалық референдум өткізу қажеттігі туралы айта отырып, халық би­лі­гі­нің айқын көрінісі саналатын «плебисцит» терминін бір­не­ше рет қолданғаны белгілі. Мемлекет басшысы бұл жөнінде: «Қа­зақстанда демократияның осынау тиімді инс­титуты толық пай­­даланылмады. Ал жаңа Қазақ­стан­ды құрудың жаңа кезеңінде біз еліміз үшін осындай тағдырлы шешім­дерді көпшілік алдында қабыл­дауға тиіспіз» деген болатын.

Ел күтіп отырған бүгінгі реформалар мемлекетіміздің саяси және экономикалық жүйесін түбегейлі өзгертуге, әлеуметтік әді­леттілікті қалпына келтіруге, аза­маттық қоғамды қолдау мен дамытуға, мемлекеттік билікті шек­теуге, адам мен азаматтың құ­қықтары мен бостандықтарын қорғауға негіз болмақ.

Мәселен, Конституцияның 6-бабына «Жер және оның қой­на­уы, су, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурс­тар халыққа тиесілі. Халық атынан меншік құқығын мемлекет жүзеге асырады» деген өзгеріс енгізілуде. Мемлекет басшысы: «Конституцияда халықтың жер мен табиғи ресурстардың иесі екені туралы норманың түпкілікті бекітілуі үлкен саяси мәнге ие бо­лады, болашақта кез келген сәй­кессіздіктерді болдырмайды», деп атап өтті. Осылайша, мем­лекет жерді, жер қойнауын, суын, өсімдіктер мен жануарлар дүниесін, сондай-ақ басқа да табиғи ресурстарды пайдалану сапасы үшін халық алдында жауап беретін болады.

Ата Заңның жаңа редакция­сында ел азаматтарының құ­қық­тары мен бостандықтарын қор­ғау­дың конституциялық-құ­қық­тық тетігін нығайтуға ерекше на­зар аударылып отыр. Қазақ­станда Конституциялық сот құ­ры­лады. Мұндай сот әлем­нің көп­­теген елінде жұмыс істейді. Оған әр адам қолда­ныс­тағы заң­дар мен басқа да нор­ма­тив­тік-құқықтық актілер туралы, сондай-ақ оның құқықтары бұзылған жағ­дайда жүгіне алады. Кон­сти­ту­циялық сотқа жүгіну құқығы бас прокурорға, адам құқықтары жөніндегі уәкілге беріледі. Сарап­шылардың пікірінше, консти­ту­циялық соттың құрылуы тежеу әрі тепе-теңдік жүйесін, аза­маттардың конституциялық құ­қығын қорғауды күшейтеді. Аза­маттарға Конституциялық сотқа тікелей және өз бетінше жү­гіну құқығын беру олардың құ­қықтары мен бостандықтарын қор­ғаудың неғұрлым тиімді құ­ралы саналады.

Өлім жазасына толық тыйым салу да жаңа норма. Біз­дің құ­қық­тық жүйеміз адам­ның табиғи құқықтарының басым­ды­ғын та­нуға негізделеді. Адам­ды өз құ­қығы мен бостан­ды­ғынан ажырату мүмкін емес, ол абсолютті түрде дүниеге келген сәттен бас­тап әр адамға тиесілі.

Елеулі жаңалықтың бірі – кон­ституциялық деңгейде омбуд­смен институтының енгізілуі. Ол де­мократиялық елдер­дің бар­­­лығында тиімді жұмыс іс­тей­ді. Көптеген Еуропа елін­де омбудсменді Парла­мент тағайындайды, оның әр алуан түрлері де бар. Әсіресе бала­лар омбудсмені институ­тының маңызы ерекше. Негізгі заңға омбудсмен туралы норма­ның енгізілуі және «Адам құқық­тары жө­ніндегі уәкіл туралы» конс­ти­ту­циялық заңның қабыл­дан­уы оң нәтижелер беріп отыр.

Айта кетейік, Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі уәкіл Конституцияның 83-1-бабында бөлек көрсетіледі. Омбудсмен егер тұлға мен азаматтың құқығы мен бостандығы бұзылса, соны қал­пына келтіреді әрі оларға көмек береді.

Парламенттің өкілеттігін ке­ңей­туге қатысты жаңа ереже­лер­ді де атап өткен орынды. Мәжіліс депутаттары көпшілік дауыспен кез келген заң жобасын қабылдамауға құқылы. Қабылданбаған заң жобасы әзірленген орынға кері қай­та­рылады. Парламент Сенаты енді заң шығармайды. Заңдарды Мәжіліс қабылдайды, ал Сенат көпшілік дауысымен бекітеді.

Сондай-ақ Президенттің өкілеттігіне де бірқатар өзгеріс енеді. Парламент өкілеттігі кү­шей­­тіледі. Бұл түзетулер супер­пре­зиденттік жүйеден Парламенті мен тәуелсіз Үкіметі мығым пре­зи­денттік республикаға көшу­ді нығайтуға мүмкіндік береді. Осы­лайша, Негізгі заңға енгізілген өзгерістер мемлекет және адам құқығы мен бостандығын қорғау тетігін одан әрі жетілдіруді көз­дей­ді. Сондықтан 5 маусымда өте­тін референдумда конс­ти­ту­ция­лық реформаларға өз көз­қа­ра­сын білдіру – әрбір қазақ­стан­дық­тың міндеті.

Ата Заңымызға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар тура­лы халық арасында түсін­діру, талқылау жұмыстары қар­қын­ды жүргізілуде. Мемлекет бас­шы­сы­ның тапсырмасы бойынша жұмыс тобы құрылды. Оның құрамына тәжірибелі сарапшылар, уәкілет­ті органдардың өкілдері, сондай-ақ Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің құқық­та­нушы ғалымдары кірді. Бұл ба­ғыт­та ҚазҰУ ұжымы да белсен­ді жұмыс атқаруда.

Университетте референдум қарсаңында бірқатар іс-шара ұйымдастырылды. Мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин, Білім және ғылым министрі Асхат Ай­ма­ғамбетовтің қатысуымен сая­сат­танушылар конгресі өтіп, сая­си реформалардың тиімді­лігі талқыланды. Сондай-ақ Пар­ла­мент Сенаты мен Мәжіліс де­путат­­тары, саясаттанушы ға­лым­дар, қоғам қайраткерлері уни­верситеттің оқытушы-профес­сор­лық құрамымен, студент жас­тармен кездесулер өткізді.

Алдағы референдум – мем­ле­кетіміздің болашағын айқын­дайтын маңызды қадам. Саяси өзгерістерден ғылыми қауым­дас­тық шет қалмауға тиіс. Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстанды озық біліммен қаруланған, бәсекеге қабілетті жастар, білікті мамандар ғана құра алады. Ел тарихындағы елеулі оқиғаға бейжай қарамай, оң өзгерістер үшін өз таңдауымызды жасайық.

 

Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің басқарма төрағасы-ректоры