Қалдықсыз болашаққа қадам бастайық

23.05.2022

Көрулер: 2429

Әлемдегі күрделі экологиялық жағдай бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің біріне айналып отыр. Қазіргі таңда Жер шарындағы халық саны – 7,5 миллиард. Осы адам баласының шаруашылықтағы кез келген әрекетінің нәтижесінде шыққан әртүрлі қалдықтар биосфераны ластап отыр. Бұл тұрғындардың денсаулығы мен өміріне қатер төндіріп, флора мен фауна түрлерінің азаюына, қоршаған ортадағы тепе-теңдіктің бұзылуына әсер етуде.

Сол себепті қоқыс мәселесіне жастардың назарын аудару – қоқыссыз болашаққа бет бұрудың бірден-бір жолы. Студенттер арасындағы экологиялық сауаттылықты қалыптастыру мақсатында география және табиғатты пайдалану факультетінің Тұрақты даму бойынша ЮНЕСКО кафедрасы «Экология» мамандығының 1-курс магистранттары Ахметжанова Диана, Даниярқызы Индира, Бидар Шабир Ахмадтың ұйымдастыруымен «Қоқыс дерті – ғасыр дерті» атты ашық тәрбие сағаты өткізілді. Тәрбие сағатының негізгі мақсаты студенттердің тұрмыстық қалдықтар проблемасы және оларды қайта өңдеу, қайта пайдалану әдістері туралы білімдерін кеңейтуге ықпал ету болып табылады.

Іс-шара барысында қоқыс проблемасын шешу жолдарына баса назар аударылды. Жалпы, қоқысты қайта өңдеудің негізгі үш әдісі бар: механика-биологиялық, термиялық және компостау. Бірінші әдіс механикалық сұрыптау, кептіру және тығыздаудан; ал термиялық әдіс негізінен қағаз-полимерлі компоненттерді жағу, органикалық бөлігін химиялық синтез газға айналдыруға мүмкіндік беретін қалдықтарды газдандырудан тұрады. Компостинг әдісі – органикалық заттарды микроорганизмдермен ыдыратуға негізделген өзара залалсыздандыру әдісі, нәтижесінде компост (қарашірікке ұқсас өнім) алынады. Осы тұста ең қарапайым, бірақ ең тиімді әдіс – бұл сұрыптау. Осы және басқа да әдістерді талдау арқылы студенттерді жалпы қоқыстарды қайта өңдеу механизмдерімен таныстырып, оларды қалдықсыз болашаққа бір қадам жақындаттық деп сенеміз.

Студенттерді ынталандыру мақсатында Kahoot қосымшасында викторина өткізіліп, оның қорытындысы бойынша топ-студенттер эко-шоппер түріндегі «экологиялық» сыйлықтармен марапатталды. Жастарды экологияға баулу мақсатында Tiktok желісін пайдалана отырып, студенттер қоқыс проблемасына арналған бейнероликтер түсірді. Мұндай әдісті пайдалану себебіміз – жастар көп пайдаланатын әлеуметтік желілерді қолдана отырып, студенттерді қоршаған ортаны қорғауға жақындата түсу.

Қоқысты жерге тастау – бұл қазіргі қоғамдағы тұрмыстық мәдениет деңгейінің сипаттамасы. Алайда қоқыс жәшігі де проблеманың шешімі емес, бірден-бір дұрыс жол – қайта өңдеу. Планетамыз шексіз емес, осыны ескере отырып қоқыс мәселесіне бүгіннен бастап назар аударуымыз қажет, өйткені планетамыздың болашағы – әрқайсымыздың қолымызда.

 

Диана АХМЕТЖАНОВА,

Индира ДАНИЯРҚЫЗЫ,

Тұрақты даму бойынша ЮНЕСКО кафедрасының

1-курс магистранттары