ҚазҰУ-да саясаттанушылардың Х конгресі өтті

20.05.2022

Көрулер: 2045

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» тақырыбында Қазақстан саясаттанушыларының Х конгресі өтті.

Жиынға ҚР Мемлекеттік хатшысы Ерлан Қарин, ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев, мемлекеттік органдардың өкілдері, депутаттар, ғалымдар, сарапшылар мен еліміздің жоғары оқу орындарының оқытушылары қатысты.

Шараны ҚР Мемлекеттік хатшысы Ерлан Қарин құттықтау сөзбен ашып, конгресс жұмысына сәттілік тіледі.

«Бүгінгі шараға Қазақстанның әр өңірінен саясаттанушылар жиналды. Конгресте көтерілетін бастамалар өте өзекті. Бүгінде жаңа Қазақстан жаңа бағытта қадам басуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Қазақстанның қандай болатынын анықтап берген болатын. Осы тұрғыда 5 маусым күні өтетін референдум қазақ қоғамы үшін оң өзгерістердің басы болмақ. Конституциямызға заман талабына сай өзгерістер енгізіледі. Халық саяси өзгерістерге үн қосып, өз таңдауын жасайтын болады», ­– деді Мемлекеттік хатшы.

ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев конгресс жұмысының маңыздылығына тоқталып, саясаттанушылардың ұсыныстары мен талдаулары қоғам өміріне ықпал жасап, саяси реформаларды іске асыру үшін тиімді болу керектігіне тоқталды.

«Саясаттанушылар ішкі және сыртқы оқиғаларды бақылай отырып, тиімді саяси шешімдер қабылдау үшін өз ұсыныстарын білдіреді. Қазіргі таңда саясаттанушылардың алдында жаңа міндеттер тұр. Бүгінгі кездесу жаңа бастамаларды қалыптастыруға, тың идеяларға қол жеткізуге мүмкіндік береді», – деді университет ректоры.


Жансейіт Түймебаев алдағы референдум жаңа Қазақстан тарихындағы үлкен саяси оқиға екенін атап өтті. «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қаулысымен 2022 жылғы 5 маусымда республикалық референдум өтеді деп белгіленді. Еліміздің болашағы үшін дұрыс таңдау жасау – әр азаматтың міндеті. Бұл ретте халықтың саяси сауатын арттыруда саясаттанушылардың рөлі жоғары болуы тиіс. Тәуелсіздік жылдарында еліміз саяси тұрақтылықты нығайтудың қиын жолынан өтті. Бүгінде Қазақстанда саяси жүйені демократияландыру процесі жүзеге асып келеді. Уақыт талабына сай әлеуметтік-экономикалық реформалар қолға алынуда. Басты өзгерістердің бірі халықтың елді басқаруға қатысуын кеңейту болмақ», – деді білім ордасының басшысы Жансейіт Түймебаев.  

Сондай-ақ конгрестің пленарлық отырысында ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ директоры Еркін Тұқымов, ҚР БҒМ Философия, саясаттану және дінтану институтының бас директоры Серік Сейдуманов, Азиялық зерттеулер институтының директоры Сұлтан Әкімбеков және «Саяси зерттеулер қауымдастығы» РҚБ президенті Есенжол Алияров сөз сөйлеп, өз ойларын ортаға салды. 


Х саясаттанушылар конгресі «Екінші республика: саяси реформалардың тұжырымдамалық негіздері», «Қазақстанның партиялық жүйесінің дамуы», «Қазақстандықтардың идентификация үлгілерінің трансформациясы», «Саясаттану жоғары мектебі: жағдайы мен проблемалары», «Қазақстандағы саяси ғылымның даму келешегі» тақырыбында панельдік сессиялармен жалғасты.

Жиын қорытындысы бойынша ұсыныс-пікірлер тиісті мемлекеттік органдарға жіберіліп, баяндамалар жинағы шығарылатын болады.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі