ҚазҰУ-да Анкара әкімі көшбасшылық дәріс оқыды

19.05.2022

Көрулер: 3514

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Анкара қаласының губернаторы Васип Шахин Қазақстан – Түркия дипломатиялық қарым-қатынасының 30 жылдығына арналған көшбасшылық дәріс оқыды.


Жиынға Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті өкілеттік кеңесінің төрағасы Мұхитдин Шимшек, Түркия Республикасының Алматы қаласындағы бас консулы Әли Рыза және университеттің оқытушы-профессорлар құрамы мен білім алушы жастар қатысты.


Көшбасшылық дәрісті университет басшысы Жансейіт Түймебаев құттықтау сөзбен ашып, Васип Шахиннің табысты еңбек жолына тоқталды.

«Васип Шахин Түркияның Байбурт қаласында туған. 1985 жылы Ыстамбұл университетінің заң факультетін бітірген. 1987 жылы Ұлыбританияда оқуын жалғастырып, тағылымдамадан өтті. Ол білікті заңгер, тәжірибелі саясаткер. Васип Шахин бірнеше аймақты басқарып, Түркия ішкі істер министрлігінде жауапты қызмет атқарды. Бұған дейін Малатия, Ыстамбұл қалаларының әкімі болды. 2014 жылдан бері Түркия астанасы – Анкара қаласының әкімі қызметінде», – деді ректор.

Кездесу барысында Васип Шахин мырза бауырлас екі елдің жемісті ынтымақтастығы мен дипломатиялық қарым-қатынасының жоғары деңгейде екенін атап өтті.

«Қазақстан тәуелсіздігін алғаш мойындаған – Түркия мемлекеті. Екі елдің діні ортақ, тілі ұқсас. Бауырлас мемлекеттердің дипломатиялық қарым-қатынасы бүгінде жаңа сапалық деңгейге көтерілді. Жуырда Түркияға Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ресми сапармен келген еді. Осы сапар аясында екіжақты ынтымақтастықты одан әрі арттыру мақсатында бірқатар маңызды келісімдерге қол қойылды. Бұл өз кезегінде Қазақстан мен Түркия арасындағы байланысты жандандыруға ықпал етеді», – деді Васип Шахин.  


Сондай-ақ өз сөзінде лектор екі ел арасындағы білім саласы бойынша көптеген жобалар жүзеге асып жатқанын атап өтті. Ол «Turkiye Burslari» оқу бағдарламасы арқылы Қазақстанның 6000-нан астам студенті Түркияда білім алып жатқанын жеткізді.


Кейін кездесу сұрақ-жауап форматында жалғасты. Студенттер құрметті мейманға өздерін қызықтырған сауалдарын қойып, тұшымды жауап алды.

Дәріс соңында Жансейіт Түймебаев Анкара қаласының әкімі Васип Шахинді «Әл-Фараби» Алтын медалімен марапаттады. 

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі