Тәжікстан ЖОО-ларымен ынтымақтастық артады

12.05.2022

Көрулер: 4040

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев Тәжікстан мемлекеттік университетінің басшысы Кобилджон Хушвахтзода бастаған делегациямен кездесті. Тараптар екіжақты ынтымақтастықты одан әрі арттыру мәселелерін талқылады.

Жансейіт Түймебаев Тәжікстан елінен келген меймандарды ыстық ықыласпен қарсы алды. Өз сөзінде білім ордасының басшысы Тәжікстанның жоғары оқу орындарымен серіктестікті дамытуға дайын екенін жеткізді. Сондай-ақ ол жемісті ынтымақтастық пен өзара іс-қимылды кеңейтуге бағытталған бастамаларды қолдауға ниетті екенін атап өтті.

«Бүгінде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Тәжікстанның үш жоғары оқу орнымен бірлесіп жұмыс істейді. Біз бауырлас мемлекетпен серіктестікті одан әрі арттыруға ниеттіміз. Жуырда Түркияның Ыстамбұл қаласында Қазақ ұлттық университетінің филиалы ашылды. Бүгін біздің білім ордамызда Орталық Азия елдері жоғары оқу орындары ректорларының форумы өтіп жатыр. Ертең форум аясында біз Тәжікстан мемлекеттік университетімен меморандумға қол қоямыз», – деді ректор.  

Өз кезегінде Кобилджон Хушвахтзода Жансейіт Қансейітұлы ұсынған бастамаларды қолдап, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-мен ынтымақтастықты арттыруға дайын екенін білдірді.

«Біздің университетте 25 мыңнан астам студент білім алуда. 19 факультет, 18 ситуациялық кеңес бар. Барлығы 120 мамандық ұсынамыз. 2021 жылы QS World University Rankings рейтингінде 241-орынды иелендік. Бүгінгі таңда Тәжікстанда 41 жоғары оқу орны білім алушы жастар үшін қызмет етуде. Олардың 30-дан астамында біздің университеттің түлектері ректорлық қызметте», – деді Кобилджон Хушвахтзода.

Кездесу соңында тараптар естелік сыйлықтар алмасты.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі