Ербол Шаймерденов атындағы шәкіртақы табысталды

12.05.2022

Көрулер: 1777

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде қоғам қайраткері, көрнекті рәмізтанушы, Қазақстандағы баспасөз қызметінің негізін қалаушылардың бірі, жазушы-публицист Ербол Шаймерденұлының шығармашылығына арналған дәстүрлі «Шаймерденов оқулары» аясында ғылыми-әдістемелік конференция өтті. 


Шараға Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев, Е.Шаймерденовтің жұбайы Күләш Қайыржанқызы, ҚазҰУ-дың проректоры м.а. Қанатбек Мұқанов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, тележурналист Қайнар Олжай, филология ғылымының докторы, профессор, жазушы Кәкен Қамзин, еліміздің белгілі жазушылары мен ақындары, қоғам қайраткерлері, танымал ғалымдар, БАҚ өкілдері, оқытушылар мен студенттер қатысты. Конференция жұмысын модератор ретінде журналистика факультетінің деканы Сансызбай Мәдиев ашып, алғы сөзді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаевқа берді. 

«Ербол Шай­мер­денов ағамызбен қызметтес болдық. Мінезі жайдары, биязы еді, жастарға кеңес айтып, демеп жүретін. Жоғарғы Кеңесте баспасөз хатшысы қызметін атқарып, еліміздің тәуелсіздігіне еңбек сіңірген қайраткер болатын. Президент әкімшілігінде, ҚР Парламентінде, Мәдениет және ақпарат министрлігінде жауапты қызметтер атқарып, өзінің жауапкершілігі, мәдениеттілігі, біліктілігі және білімділігімен көзге түскен дара тұлға еді», – деп өз ойымен бөліскен Арман Қырықбаев конференция қатысушыларына арналған Алматы қаласы әкімінің арнайы хатын оқып, конференция жұмысына сәттілік тіледі.

Шара барысында сөз алған ақын, журналист, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Бекжан Әшірбаев ұлт руханиятының қайраткері – Ер­бол Шаймерденұлының атқарған қызметі мен елдің мем­лекеттілігін дамытуға қосқан істеріне тоқталып өтті. Конференция жұмысы барысында студент жастар белгілі мемлекет қайраткерінің ғибратты өмір жолы арқылы жазу өнерінің қыр-сыры мен журналистикаға бастаған терең білім мен жауапкершіліктің үлгі­сімен танысты.

«Әлемдік және отандық PR: маман даярлаудың қоғамдық маңызы және қажеттілігі» атты ғылыми-әдістемелік конференция аясында өткен «Шаймерденов оқулары» барысында Е.Шаймерденовтің әріптестері мен замандастары, курстастары айтулы тұлғаның ел мәдениетіне, БАҚ дамуына, тіл саласына сіңірген еңбектері жайында баяндап, естеліктерімен бөлісті.

«Шаймерденов оқулары» конференциясының соңында қаламгердің жары Күләш Қайыржанқызы журналистика факультетінің студенттері мен жас ғалымдары арасында жүргізілген шығармашылық байқаудың қорытындылары бойынша үздік 14 студентке Е.Шаймерденов атындағы шәкіртақыны табыстады.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі