"Қасіретті қаңтар"

16.01.2022

Көрулер: 3851

Ең маңыздысы – еліміздің адами капиталы


Елімізде наразылық шаралары 2 қаңтарда Қазақстанның Маңғыстау облысында басталып, 4 қаңтарға қарай елдің барлық ірі қалаларын қамтығаны белгілі. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев алдымен жекелеген облыстар мен қалаларда, содан кейін бүкіл елде төтенше жағдай енгізіп, қажетті шараларды қолға алды. Мұны еліміздің барлық өңірлерінде орын алып жатқан, әсіресе Алматы қаласындағы лаңкестік әрекеттерге қарсы бағытталған амал деп түсіндік.

Алматы – Қазақстанның ең ірі әрі әсем қаласы. Ару Алматыда әкімдік ғимараты мен сауда орындары, банк бөлімшелері тоналып, қиратылды. Жазықсыз жандар қаза болды! Ресми мәлімет бойынша, «Қаңтар трагедиясы» кезінде 225 адам көз жұмған, 19 полиция және әскери қызметкерлер қаза тапқан, 4353 адам жараланған.

Оянатын, ойланатын кез келді. Ең маңыздысы – еліміздің адами капиталы. Мемлекеттік билік де әрбір адам өмірі үшін жауап беруі тиіс. «Қаңтар оқиғасы сабақ болды» деген пікірді жиі оқып, көріп, естіп отырмыз. Мұндай «сабақтың» болашақта қайталануына жол бермеуіміз керек! Ол үшін татулығымыз берік, бірлігіміз бекем, тірлігіміз тиянақты болуға тиіс.

 

Қ. АЙДАРБЕК,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың

түркітану және тіл теориясы кафедрасының доценті, ф.ғ.д.

 

 

 

                     Сөзден іске көшетін кезең

Тарихқа «қасіретті қаңтар» деген атаумен еніп жатқан оқиға – қазақ қоғамының жан-жарасы. Кешегі аласапыранда бейкүнә бала да, жас та, жасамыс та ажал құшты. Өзегіңді өртейтін жағдай. Біздің қоғам осынау оқиғадан сабақ алуға тиіс. Біз сөзге тоқтайтын халық едік. Арам пиғылды алыстан сезетін едік. Баз біреудің айтағына көнбейтін есті ұлт едік. Өкінішке қарай, қара ниеттілер арам пиғылын іске асырып кетті.

Біздің қоғамдағы дертімізді сырттан біреу келіп жазып бермейді. Өз мәселемізді өзіміз шешеміз. Демек, біздің елдің жастары білімді, сана-сезімі биік, парасатты тұлға болып қалыптасуы керек. Оған бәріміз жауаптымыз. Жас жеткіншектерді үлкен өмір жолына жан-жақты дайындықпен жөнелту қажет-ақ. Отанды сүю, ел мен жерге адал қызмет ету қасиеттері адамға ана сүті арқылы дарығанымен, оны өмірде шыңдай білу де керек.

Кешегі Бас прокуратура мәлімдеген деректер жан-жүрегіңді сыздатады. 225 адам қайтыс болған. 19 полиция мен әскери адам қаза тапқан. 4578 жәбірленуші. 4353 адам жарақаттанған, оның ішінде 3393 адам құқық қорғау органдарының қызметкері екен. Қаншама ана ұлынан айырылды, қаншама нәзік жанды жесір атанды, қаншама бала жетім қалды...

Енді осындай сын сағатта бір-бірімізді жөнсіз кінәлай бермей, нақты іске көшкеніміз абзал. Мемлекет басшысының ұсынған тың реформаларын жүзеге асыруға әрбір азамат атсалысуға тиіс. Бұл қоғам мүшелеріне екі есе артық жауапкершілік жүктейді. Сол үдеден шығу үшін күшіміз бірлікте екенін дәлелдегеніміз жөн.

 

 

Нұрболат Құдайбергенов,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің химия және химиялық технология факультеті деканының ғылыми инновациялық жұмыс және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі орынбасары

 

 

«Қасіретті қаңтардан» сабақ алуға тиіспіз


Ресми мәлімет бойынша елімізде болған жаппай тәртіпсіздікте 225 адамның қайтыс болғаны анықталды.  Із-түзсіз кеткендер де бар, өкінішке қарай, бұл сан әлі артуы мүмкін. 225 адамның ішінде жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырушылар мен қатысушылар да бар шығар. Ал 19-ы полиция және әскери қызметкерлер болса, қалғаны бейбіт шеруге шығушы азаматтар, тіпті бейбіт шерумен де еш қатысы жоқ тұрғындар. Алдымен жақындарынан айырылған барлық отандастарымызға көңіл айтамын.

 «Қасіретті қаңтарда» 4,5 мыңға жуық отандасымыз жәбірленіп, 4353 адам жарақат алған. Алматы қаласы мен бірнеше облыстың әкімдігі, «Nur Otan» партиясының кеңселері, тағы басқа ірі ойын-сауық орталықтары мен дүкендер өртеліп, тоналды. Өртенген, тоналған нысандар қайта қалпына келіп, оңалар. Ал қайтыс болған азаматтарды енді қайтара алмаймыз. Олардың туыстары мен отбасыларының қайғы-қасіретін айтып жеткізу қиын.

Бұл жерде басын ашып айтатын нәрсе – қымбатшылыққа байланысты еліміздің әр өңіріндегі бейбіт шеру басталғанда басқа мақсаттағы ұйымдасқан топтар арандатып отыр. Мысалы, Алматы қалалық полиция департаментінің бастығы Қанат Таймерденовтің мәлімдеуінше, 5 қаңтар күні Алматы қаласында бір уақытта 20 мыңға жуық адам жиналған. Бұл 20 мың адамның басым бөлігі бейбіт шеруге шығушылар. Қазір бейбіт шеруге қатысқаны бар, жаппай тәртіпсіздікке қатысқаны бар – 10 мыңға жуық адам ұсталып, қылмысы жоқтар босатылып жатыр. Президент әлеуметтік желіде қылмыс жасағандар заң бойынша жауапқа тартылатынын айтып, Бас прокуратураға басқа адамдардың кінәсі қандай дәрежеде екенін анықтауды тапсырғанын, егер жауаптылықты ауырлататын мән-жай болмаса, жазаны жеңілдету үшін шара қабылдаған жөн деген пікірін жазды.

Президенттің бұл тапсырмасы уағында берілді. Жалпы, Қазақстандағы орын алған қиын жағдайға қатысушыларды төрт топқа бөліп, өте мұқият қарастыру керек:

1-топ – бейбіт шеруге шығушылар;

2-топ – арандатушы, лаңкестер;

3-топ – тәртіпсіздікте өз мүдделерін көздеген бұзақы, тонаушылар;

4-топ – арандатушыларға, дүрмекке ілесіп кеткен немесе арандатушылардың күштеп апаруымен көптің арасында болғандар.

Тергеу-тексеру барысында, сот шешім шығарарда президенттің тапсырмасына сай, осы азаматтарға талдау жасап, санатына қарай шешім шығарған жөн. Бұл жерде 2-топ – қарулы лаңкестер жоғарыдағы қаншама азаматтың өліміне себепші болды. Барлық қан солардың мойнында, сондықтан олар қатаң жазаға тартылуы және толық тергелуі керек. Олардың артында кімдер тұр? Қандай мақсатты көздеді? Соның бәрі анықталуы тиіс.

Одан кейінгі жаза осы лаңкестерге еріп, қалада тонаушылықпен айналысып, дүкендерді өртегендер. Олардың лаңкестерге қатысы болмаса, лаңкестерден кейінгі жаза қолданылуы керек. Ал 1-ші және 4-топтағы азаматтар ешқандай жаза алмауы тиіс. Олардың ішінде қаншама оң-солын білмеген жастарымыз бар. Олар бейбіт түрде өз қарсылығын білдіруге шықты. Кейбірі арандатушыларға ілесіп, ұсақ бұзақылық жасаған болуы да мүмкін. Бірақ олардың бұл жолға түсуі де еліміздегі жастар саясатының кемшіл тұстарынан болса керек. Сондықтан оларды жазалаудан гөрі ол жастармен айналысу, оң бағытқа қарай бұру қадамдарын жасаған абзал.  

Тағы бір айта кететіні – төтенше жағдай кезінде сұраусыз оқ ату туралы бұйрық берілді. Бұл біздің ішінара қауіпсіздік қызметкерлерінің төтенше жағдай тәртібін бұзды деген желеумен халыққа оқ атуына алып келмеуі керек. Төтенше жағдай тәртібін бұзғаны үшін қауіпсіздік қызметкерлерінің оғынан көз жұмғандар да бар деген ақпараттар шығып жатыр. Ондай жағдай да нақты анықталып, оған қатысты адамдар қатаң жауапқа тартылуы керек.

Бұл «қасіретті қаңтар» елімізге өте ауыр тиді. Билігімізге, күштік құрылымдарымызға, жастарымызға, жалпы, бәрімізге үлкен сабақ болуы керек. Алдағы уақытта елімізде қысқа мерзімді антикризистік бағдарлама жасалып, еліміздің экономикалық жағдайы көтерілсе, «бір ел – бір тағдыр – бір тіл» идеологиясы негізінде халқымыздың тұтастығына қызмет жасайтын идеологиялық саясат жүзеге асса дейміз.

Осы мақсатта 11 қаңтарда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев  Парламент Мәжілісінің жалпы отырысына қатысты. Жаңа Үкімет басшысын ұсынып, парламентке және халыққа таныстырды. Елде жаңа реформалар жасайтынын жеткізіп, алда орындалатын бастамаларын айтып өтті. «Қиын күндер артта қалды. Осы сәтте ел тағдыры үшін ұйыса білген бүкіл халқыма шынайы ризашылығымды білдіремін. Бәріміз бұл оқиғадан сабақ алуымыз керек. Ең бастысы, береке-бірлікті, тыныштық пен тұрақтылықты сақтауымыз қажет. Енді Қазақстанда дамудың жаңа кезеңі басталады. Бұл  шынайы жаңару кезеңі болады. Егемен елімізді бірге өркендетейік. Халқымыз үшін тәуелсіздік бәрінен қымбат. Жаңа Қазақстанды бірге құрайық!» – деді Президент ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында.

Президенттің айтқаны орындалып, елімізде жаңару кезеңі басталсын десек, бәріміздің Отан алдындағы жауапкершілігіміз артып, өз саламыз бойынша адал қызмет жасауымыз керек. Біздің, ҚазҰУ ұстаздарының, міндеті – елімізге білікті мамандарды даярлау. Мамандарды кәсіби тұрғыда даярлаумен бірге, ұлттық тәрбие беру жағын арттырып, елін, жерін сүйетін, елге адал қызмет ететін тұлға ретінде қалыптастыруға көңіл бөлуіміз қажет.

Тәуелсіздігіміз баянды, еліміз аман болсын! Қазақтың басына енді мұндай қиын күн тумасын.

 

Құрметқан ТҰРДЫБЕК,

Ақпараттық жүйелер кафедрасының аға оқытушысы 

 

 

Әділдік қағидасы ауыр күндерден алып шығады

Қазақстан Республи­ка­сының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев­­тың ішкі саяси ахуалды тұ­рақ­тандыру үшін жасаған жігер­лі қадамдары мен Қазақ­стан­ға қарсы жоспарланған терро­ристік агрессияға тойтарыс бе­рудегі батыл шараларын халқымыздың аузы дуалы азаматтары мен белсенділері қолдағаны баршамызға мәлім. Біз, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ұжымы, жаңа Қазақстанның дамуына әр азаматтың үлес қосуы маңызды екеніне еш күмәнданбаймыз. Билік адамдардың өлі­міне және билікті күшпен басып алу мақсатында жаппай тәртіп­сіз­діктерді ұйымдастыруға кінәлі адамдарды тауып, жауап­кер­шілікке тартатынына сенімдіміз. Сондай-ақ тексеру кезінде кінәсіз азаматтар зардап шекпеуге тиіс.

Террорлық әрекет қаншама адамның өмірін жұлып кетті. «Қазақстан бойынша 4578 адам зардап шеккен, оның ішінде 4353 адам жараланған. Күштік құрылымдардан 3393 қызметкер жарақат алған. Төтенше жағдай тұсында 225 адам қаза тапқан. Олардың басым бөлігі содырлар. Қаза тапқандар арасында 19 полиция қызметкері бар. Өкінішке қарай, бейбіт тұрғындар да қаңғыған оққа іліккен», – дейді Бас прокуратураның қылмыстық істерді тергеу қызметінің бастығы Серік Шалабаев. «Тек Алматы қаласының өзінде қарулы қақтығыс пен шабуылдар кезінде 149 адамның қайтыс болғаны өкінішті. Олардың басым бөлігі – қарақшылар мен лаңкестер, сондай-ақ олардың қолынан қаза тапқан бейбіт тұрғындар да бар», – деді Қ.Таймерденов.

Қазір құқық қорғау органдары 405 қылмыстық істі тергеуде. Сот санкциясымен 249 адам қамауға алынды. Екі мыңға жуық нысан зардап шекті. Нысандарды қалпына келтіруге тезірек кірісу керектігін түсінеміз.

Еске сала кетсек, Мемлекет басшысы Алматыда қаза болған бейбіт тұрғындардың нақты санын анықтауды тапсырған еді. Одан бөлек, Президент жауапкершілікті ауырлататын мән-жай болмаса, жазаны жеңілдеткен жөн екенін ескертті.

Бас прокуратура ақ пен қараны айырып анықтайтын сын сәтке келіп отыр. Әрбір өмірден қайтқан азаматтың артында қаншама қайғы-қасірет тұр. Біреулер жалғыз баласынан, біреулер асыраушысынан айырылды. Сондықтан елде болған жаппай тәртіпсіздіктердің себебі мен салдары ашық түрде зерттелуі тиіс. Әділетті мемлекетте әр істің ақиқатқа сүйеніп қаралуы маңызды.

Президент күштік құрылымдармен өткізген жиналыста және Twitter-дегі жазбасында бейбіт тұрғындарды қудаламау туралы тапсырма берді. Елдің қазіргі мақсаты – Президент анықтап берген жоспарға сай әрекет ету. Бізге керегі – елдің тыныштығы. Қиын-қыстау заманда елдің бір болуы маңызды. Қазіргі жағдайда тек әділдік қағидасы ғана ауыр күндерден алып шығары анық. Адамшылыққа, азаматтық парызға атүсті қарамағанымыз дұрыс деп ойлаймын. Сондықтан отандастарымызға бірлігіміз ажырамасын дегім келеді.

 

Болатхан ЗАЯДАН,

биология және биотехнология факультетінің деканы,

ҰҒА академигі, б.ғ.д., профессор

 

 

Қиын күндер артта қалды деп сенейік

Алматы қаласында орын алған оқиға Қазақ елі үшін тарихта таңбаланып қалар үлкен қасірет. Қазақстан халқы бұл күндері орын алған адам шошырлық жағдайлардың салдарынан жандарын қоярға жер таба алмай, өмірлеріндегі ең ауыр азапты күндерді бастан кешірді. Өйткені Алматыда ғана емес, еліміздің көптеген өңірлерінде лаңкестер ойларындағы заңсыз, айуандық әрекеттерді жүзеге асырып, халыққа оқ атты. Бұл әрбір адамды ең қымбат қазынасы ретінде танитын мемлекет үшін үлкен сын әрі орны толмас қайғы.

Ата заңымызда тайға таңба басқандай Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтыратыны, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары болып табылатыны бекітілген. Оған қоса, Ата заңымызда адамдардың негізгі құқықтары бұзылмауының, жүзеге асырылуының бірқатар кепілдіктері қарастырылған: кeз кeлгeн aдaм aзaптaлмaуы, қaдір-қaсиeтін кeмсітeтіндeй көз aлaртушылыққa жәнe жaзaғa ұшырaмaуы тиіс. Бaрлық aдaм зaң aлдындa тeң, зaңмeн тeң дәрeжeдe қoрғaлуғa құқылы. Солай бола тұра, елімізде адам айтса сенгісіз қанды оқиға орын алды.

Осы жантүршігерлік оқиғадан кейін Мемлекет басшысы елде түбегейлі реформа жасайды деп ойлаймыз. Реформа нәтижесінде халық пен мемлекеттік билік арасында ымыралық жағдай тұрақты түрде орнығып, еліміз бейбіт өмір сүріп, қаламыз бұрынғыдан да гүлденіп, өркендейді деген сенімдеміз. Елдегі орын алған қанды оқиғада қаза болған әскери және полиция қызметкерлерінің және жазықсыз қаза болған азаматтарымыздың, жастай қыршын кеткен жасөспірім балалардың отбасына қайғырып көңіл айтамыз. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, мемлекетіміздің біртұтастығы ешқашан да бұзылмаса екен.

 

Әйгерім ЖАРБОЛОВА,

заң факультетінің оқытушысы

 

Отан үшін опат болғандар ұмытылмайды


Қазақстандықтар жаңа жылдың алғашқы күндері қасіреті мол сындарлы сәттерге, күрделі кезеңдерге тап болды. Елдің бірнеше өңірінде қаңтар айының басында болған жаппай тәртіпсіздіктерден қайтыс болғандардың, зардап шеккендердің саны белгілі болды. Олардың бірқатары тәуелсіз Қазақстанды, абыройды, әділет пен  заңдылықты қорғап, жаңа Қазақстанға бастайтын жолда қаза тапты. Сонымен қатар жүздеген бейбіт тұрғын мен әскери қызметшінің денсаулығы мен өміріне қатер төнді. 

Халық жадында «қасіретті қаңтар» мәңгі сақталады. Халыққа соңына дейін адал қызмет етіп, Отан алдындағы борышын өтеу кезінде опат болған сарбаздарымыздың, әскери қызметшілердің, өрт сөндірушілер мен полицейлердің, қаза тапқан бейбіт азаматтардың және өздерінің кәсіби борыштарын атқару үстінде қаза болған журналистердің, дәрігерлердің отбасыларына, туған-туыстары мен жақындарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамыз. Жарақат алған жандардың, зардап шеккен азаматтардың тез арада сауығып кетуін тілейміз.

Алдағы уақытта халық болып Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамаларына қолдау көрсетейік! Мемлекет басшысының батыл шешімдері Қазақстанның бейбіт және қалыпты өмірге тез оралуына мүмкіндік береді. Біздің күшіміз бірлікте. Бірлігімізді әрі елдігімізді көрсетіп, еңсемізді түсірмейік!



А.СӘДЕНОВА,

ЖОО-ға дейінгі білім беру факультеті

Шетелдіктердің тілдік және жалпы

білім беру дайындығы кафедрасы



 

 

«Қасіретті қаңтар» енді ешқашан қайталанбасын

«Қасіретті қаңтардың» салдары туралы ресми статистика мәліметтері әрбір қазақстандықтың жанына аса ауыр тиюде. Біз экономикалық шығындарды есептемегенде, ең қымбат нәрсе – адам факторын жоғалтып отырмыз.

Қаңтар қасіреті жекелеген отбасылардан бастап, мемлекетіміздің тәуелсіздігіне қауіп төндіріп, бейбіт өмірге үйренген тұтас халықтың жадында ескіре бастаған ауыр нәубеттердің жаңғыруына алып келді. Тәуелсіздігінен айырылған елдің ертеңі қандай болатыны өткен тарих беттерінен белгілі, тіпті оның ең соңғы нүктесі ұлт яки халық ретінде атының жойылу қаупі де бар. Халықтың әлеуметтік-экономикалық мәселелер шешіміндегі бейбіт шеруін өз жымысқы мақсаттарын жүзеге асыру жолында пайдаланған арандатушылардың әрекеті мемлекеттің қауіпсіздігі саласындағы құзыретті органдар жұмысының әлсіз тұстарымен жан-жақты жұмыс қажеттілігіне бүкіл елдің көзін жеткізді.

Бұдан бөлек, «қаңтар қасіреті» зайырлы мемлекет ретіндегі Қазақстан тарапынан берілген еркіндікті түрлі конфессиялардың асыра пайдалану мүмкіндігі туралы күмәнға жол ашты. Дінді билікке жету жолы ретінде пайдаланушы сыртқы террористік-экстремистік топтардың ықпалынан қоғамымыздың әлсіз топтарын қорғау жұмыстарының жоқ екені белгілі болды.

Бейбіт шерулерге билік тарапынан жасалатын қысым мәселені шешпейтінін, тек оны ушықтыратынын көрсетті. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың айтуындағы «халықты еститін мемлекет» құрудың ең оңтайлы қағида екені тағы бір дәлелденді. Бұл тұрғыда билік пен халық арасында конструктивті диалогтың орын алуы маңызды болып отыр. Себебі халық пен билік арасындағы конструктивті диалог олардың келешектегі біртұтастығының кепілі деп нық сеніммен айтуға болады.

«Қаңтар қасіреті» тек қана билікке немесе мемлекет қауіпсіздігі саласындағы құзыретті органдарға ғана емес, тұтас халыққа және жекелеген лауазымды тұлғаларға үлкен сын болды. Мемлекет тәуелсіздігіне төнген қауіп ру, аймақ көлеміндегі тайпалық сананың емес, тұтас ұлт – тұтас халық болып бірігудің бағасын, жоғары деңгейде дамыған жалпыұлттық сананың орнын, маңызын дәлелдеп берді.

Лауазымды қызметтерге тағайындауда тұлғалардың алдын ала арнаулы дайындықтардан өтуін міндеттеу, отансүйгіштік идеологияның кеңінен насихатталуы аса қатаң бақылауға алынуы керек. Мұндай тұжырымға «қасіретті қаңтар» кезіндегі деректер себепкер болып отыр. Мысалы, маңызды немесе аса құпия құжаттары бар жұмыс орнын еш қиындықсыз тастап кету, тұрақсыздық жағдайын пайдаланып тонаушылықпен айналысу, әлеуметтік т.б. маңызды нысандарды қирату т.с.с. Бұл жаңа 2022 жылдың алғашқы күндерінде еліміздің көптеген аймақтарында орын алған бейбіт шеру соңындағы қайғылы жағдай әрбір қазақстандықты ойландыруы керек.

Қандай да бір жағымсыз жағдайды білімсіздіктің, әрекетсіздіктің яки аңғалдықтың, немесе қателіктің салдары десек, онда мемлекет ретінде, тұтас халық болып «қасіретті қаңтардағы» сияқты оқиғаларға ешқашан жол бермеуіміз керек. Бұл елдігімізге және әрқайсымыздың жауапкершілігімізге сын.

 

Аяужан ТАУСОҒАРОВА,

Түркітану және тіл теориясы кафедрасының доценті